АҚШ қаржы министрлігі Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты «адамды азаптап, сотсыз кісі өлтірді» деп айыптап, «Магнитский тізіміне» қосты. Қаржы министрлігі Қадыровты шетелдік активтерді қадағалау басқармасының тізіміне алып, санкция салды. Қадыровтан өзге Шешенстан қауіпсіздік қызметінің төрт қызметкері – Аюб Катаев, Юлия Майорова, Андрей Павлов және Алексей Шешеня да биылғы жылдың басында Шешенстанда «гейлерге қарсы» операцияға қатысы бар деп айыпталып, санкция тізіміне алынды деп жазады Азаттық.
Рамзан Қадыров – 2012 жылы қабылданған «Магнитский актісі» тізіміне енгізілген Ресей билігінің ең ықпалды өкілдерінің бірі. АҚШ «Магнитский актісін» адам құқықтарын бұзуға қатысы бар делінген ресейлік шенеуніктерге қарсы қабылдаған. Кремль бұл актіге наразылық білдіріп, оған қарымта ретінде 2013 жылы америкалықтардың Ресейден бала асырап алуына тыйым салған.
«Магнитский тізіміне» алынғандар саны осымен 149 адамға жетті. Тізімге ілінгендерге қаржылық санкциялар енгізіліп, АҚШ-қа кіруіне тыйым салынады.
Қаржы министрлігі Қадыров пен Катаевқа Шешенстанда «халықаралық деңгейде мойындалған адам құқықтарын өрескел түрде бұзғаны» үшін санкция салғанын айтады. Министрлік Катаевті Шешенстандағы құқық қорғау органының қызметкері деп сипаттайды.
Мәскеу, я Шешенстан тарапы жаңа санкцияға қатысты әзірге комментарий бермеді.