26.12.2017, 09:42

Астанада «Сөз қазынасы» анимациялық фильмінің көрсетілімі өтті

Елімізде тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен көптеген жобалар іске асуда. Оның ішінде еліміздің рухани құндылықтарын жаңғыртып, бай қазынамызды толықтыра түсетін кітаптар, қазақ тілін қолдану аясын кеңейтуге септігін тигізетін оқу-әдістемелік құралдар, жастарды тілді меңгеруге жетелейтін телевизиялық жобалар, т.б. бар. Ілкімді істердің қатары жуырда тағы бір тың жоба - «Сөз қазынасы» атты анимациялық фильммен толықты.

Жобаның басты мақсаты – қазақтың бай тіл мұрасы мен салт-дәстүрлерін балаларға насихаттау. Әдетте ересектер жауабын таба алмай жататын ырым-тыйымдардың мән-маңызын ашып көрсету.

Аталған анимациялық фильмде қазақы дәстүрлер мен жөн-жоралғы, ырым-тыйымдар ойын элементтері арқылы және қазақтың классикалық ертегілерінен таныс кейіпкерлердің қатысуымен, шытырман оқиғалар арқылы түсіндіріледі.

Фильм персонаждарын дайындау кезінде жаңа тұжырымдама жасалып, кейіпкерлердің барынша тартымды болуы ойластырылды. Бұл анимациялық фильмнің әдеттегі өнімдерден айырмашылығы – сценарийі құрылымы ұлттық фольклор ерекшеліктерін балаларға оңай түсіндіру үшін оқиғалар қиял-ертегі элементтеріне сүйенген. Сәйкесінше, анимациялық фильмде негізгі 13 кейіпкер бар. Қосалқы кейіпкерлер саны 30-ға жуық. Фильмді дыбыстауға елімізге танымал актерлар тартылды. Өнім 2D, 3D форматта дайындалды. Барлығы 15 сериадан тұрады.

- Балалардың тілін, ой-өрісін дамытуға бағытталған контентті көбейту мақсатында 2013 жылдан бастап анимациялық фильмдер шығарып келе жатырмыз. Мысалы, 2013 жылы 50 сериалы анимациялық фильм шыққан болса, 2014-2016 жылдары да тура солай. «Дина мен Даник», «Күнікей және оның достары», «Жандос және оның достары» көп сериалы анимациялық фильмдер шығарылды. Олардың барлығы да балалардың ой-өрісін, сөйлеу қабілетін, тілін дамыту мақсатында шығарылып отырған анимациялық фильмдер. Қазақ тілін үйретуге бағытталған курстық анимациялық фильмдер деп айтуға да болады. Биылғы жобамыз «Сөз қазынасы» деп аталатын мультфильм. Бұл да қазақтың көптен көнерген салт-дәстүрлерін жаңғырту, балаларға насихаттау, түсіндіруді көздейтін жоба. Көнерген сөздердің мән-мағынасын ашып жеңіл, балаларға ұғынықты түрде түсіндіру мақсатында шығарылып жатыр, - дейді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің бас маманы, жоба жетекшісі Олжас Шынжігітов

Айта кетейік,  «Сөз қазынасы» анимациялық фильмі 2018 жылы отандық телеарналар эфирінен көрсетілетін болады.