Оралда жергілікті билік өкілдерінің тыйым салуына қарамастан қала тұрғындары Ұлы Жеңіс күніне арналған автошеру ұйымдастырды деп жазады "Уральская неделя" газеті.
9 мамыр күні шеруге қатысушылар "Дина" сауда орталығының тұрағына жиналды. Олар көліктеріне КСРО туын, Сталиннің суреттерін іліп, түрлі орысша ұрандар жазып алған. Ал, көлік жүргізушілері болса соғыс кезінде жауынгерлердің киген киімдерін киді.
Осылайша бір сапқа түзіліп, қалаға шықпақ болған автокеруеннің жолын сауда үйінің алдында полиция қызметкерлері кесті. Тәртіп сақшылары көліктердің құжаттарын тексеріп, онда ілініп тұрған жалауларды алып тастауын талап еткен. Дегенмен, шараға қатысушы көліктердің көптігінен полиция олардың барлығын тексере алмай, бірнеше топқа бөліп, қаланың әр бұрышына қарай жіберді. Нәтижесінде Орал көшелерімен бірнеше автошеру жүріп өтті.
Батыс Қазақстан облысы бойынша Ішкі істер департаментінің басшысы Махамбет Абисатов биыл не үшін автошеруге тыйым салынғанын былайша түсіндірді:
- Біз аталған жүргізушілерден жол қозғалысына кедергі келтірмеуін сұрадық. Мұндай қоғамдық шаралар жергілікті билік өкілдерінің рұқсатымен өткізілуі тиіс. Олар келісім алмаған, өйткені автошеру өзге жүргізушілердің жүріп-тұруына кедергі келтіреді. Мұнда 50 автокөлік жиналып тұр. Ал, қалада 200 мың көлік пен 300 мың тұрғын бар, осы 50 көлік үшін қалғандарын ыңғайсыз жағдайда қалдыра алмаймыз" деді ол.