Бүгін Астана қаласының №1 ауруханасында Халықаралық медбике күніне арналған салтанатты жиын өтті. Осымен 5 жыл қатарынан елордада аталмыш күн мерекеленіп келеді. Шараға Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айгүл Сегізбаева мен медицина саласының қызметкерлері қатысты.
Медицина саласындағы жетістіктер үшін 100 астам медбике марапатталды. Үйлестіру кеңесінің төрағасы Зәуре Хасенованың айтуынша, үздіктерді анықтау мақсатында өткізілген сайысқа елордадағы 37 медицина мекемесінен 3 медбикеден ұсынылды. Жеңімпаздар осы саладағы еңбек өтілі мен қызметіне сәйкес бағаланды.
Зәуре Хасенова, Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы жанындағы Үйлестіру кеңесінің төрайымы:
- Басты мақсат - медицина саласындағы қызметкерлердің деңгейін көтеру. Халыққа сапалы қызмет көрсету үшін мықты медбикелерді даярлау қажет. Бүгінгі таңда медицина қызметкерлеріне Мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетілуде.
Марапаттау рәсімінен кейін мамандарға арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды. Медбикелер өз кезегінде, осы ауыр қызметтің маңыздылығы мен қызықтары туралы өз ойларымен бөлісті.
Бақыт Бекішева, №2 қалалық аурахананың медбикелік күтім бөлімінің жетекшісі:
- Мен №2 қалалық ауруханада бас медбике болып істеймін. Еңбек өтілім - 33 жыл. Бүгін «Денсаулық сақтау саласының үздігі» медалімен марапатталдым. Балалар ауруханасына бар өмірімді арнадым десе де болады.
Бағлан Әлкенова, №1 қалалық аурухананың отоларингология орталығының медбикесі:
- Мен Целиноград медицина мемлекеттік университетін тәмамдадым. 1994 жылдан бері №1 ауруханада қызмет етіп келемін. Бала күнімнен дәрігер болуды армандағам. Бүгін барлық медбикелерді шын жүректен кәсіби мерекелерімен құттықтағым келеді.