Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Астана қаласында ағымдағы жылы 3000 астам бейнебақылау құралдары орнатылады. Бұл жайында қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
«Astana innоvations» АҚ хабарлауынша, елордада көше қиылыстары мен тас жолдарда бейнетіркеу құрылғыларын орнату және іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Аталмыш құрылғылар жоғары жылдамдықты ғана емес, белгіленбеген жерде көлікті қою, жол бөлетін сызықтарды кесіп өту, қарама-қарсы бағытқа шығу секілді бұзушылықтарды да тіркейді.
Камералардың жоғары сапасы көліктің мемлекеттік нөмірлерін 100 метр қашықтықта, ал инфрақызыл жарықтар арқылы түнгі уақытта 50 метр қашықтықта анықтауға мүмкіндік береді.
Бейнеталдау жүйесі тіркелген бейнекөріністі операторға жібереді, тіркелген жазбалар бұзушылық деп танылған жағдайда ІІД жолданады.
Болашақта аталмыш құрылғылар іздеуге жарияланған көліктерді автоматты түрде іздеуге, жол кептілісін бақылауға мүмкіндік береді деп күтілуде.