2011 жылы қабылданған «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, аз қамтылған тұрғындарды нәтижелі жұмысқа тартуға бағытталғанын алға тартты. 2011-2014 жылдары аталған бағдарлама 461 мың адамды қамтыды, олардың 60% - жұмыссыздар, 30% - өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 9% жуығы – аз қамтылған тұрғындар.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын іске асыру барысы туралы» тақырыбында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғындықов мәлімдеді.
«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында жұмыспен қамту үш бағыт бойынша іске асырылады: инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту арқылы жұмыспен қамту; кәсіпкерлік бастамашылықты ынталандыру; жұмыс берушілердің нақты сұранысын ескере отырып, оқыту және жұмыспен қамту мен көшуге көмектесу.
Бірінші бағыт бойынша бағдарлама іске асырыла бастағалы ауылдық жерлердегі 4 мыңнан астам инфрақұрылымдық жобаларда 55 мың жұмыс орны ашылды.
Екінші бағыт бойынша азаматтарға пайыздық мөлшерлемесі 6% аспайтын (өңірлік тиісті комиссиялар анықтайды), мөлшері 3 млн. теңгелік несиелер 5 жыл мерзімге беріледі. 2011 жылдан бері 28 мың азаматқа несие беріліп, олар өз кезегінде 26 мыңға тарта қосымша жұмыс орындарын ашты.
Үшінші бағыт бойынша бағдарлама іске асырыла бастағалы 121 мың адам кәсіби оқумен қамтылып, оқуын аяқтаған 105 мың адамның 87% жұмыспен қамтылды. Мемлекет субсидиялаған жұмыс орындарына 132,5 мың адам бағытталып, олардың 67% тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.