Биылғы жазғы маусымда өңірдегі үш мыңнан астам мектеп оқушысы киіз үйлерде демалатын болады.
Бұл туралы Павлодар облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Саян Мұқанов хабарлады.
- Жаз айларында өңірдегі ауылдық аймақтардағы әкімдіктердің қолдауымен 24 киіз үй тігу жоспарланып отыр. Ұлттық мүддені көздейтін «Алтын Орда», «Нұрлы шаңырақ», «Киіз үй», «Мәңгілік ел», «Ауыл» және «Жайлау» атты лагерьлер Екібастұз, Ақсу қалалары мен Шарбақты, Качир, Май және Ертіс аудандарында орын тебеді. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 1 миллион теңге және демеушілердің есебінен 600 мың теңге қаражат бөлу қарастырылған, - дейді С. Мұқанов.
Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, демалыс маусымында өскелең ұрпақ салт-дәстүрмен, әдеп-ғұрыппен танысатын болады. Сондай-ақ жазғы демалыс бағдарламасында ұлттық ойындар мен атақты әншілер мен сазгерлердің өмірі, шығармашылығы жайлы мәлімет беру көзделеді.
Бұдан басқа, Павлодар қаласында мектептен тыс мекемелер базасында профильді лагерьлер ұйымдастырылатын болады. Мәселен, ұлттық жаңғырту мектебінде лингвистикалық және этнолагерьлер, балалар көркемсурет, техникалық мектептерде "Шебер" қаласы мен көшпелі профильді лагерь жұмыс істейтін болады.
Екібастұз қаласында 6 мыңнан астам оқушынының қамтылуымен 4 D форматында "Жұлдызды квадрат" жобасын іске асыру жоспарлануда. Аталмыш жобаның демеушісі - "Екібастұз балалар қоры" ҚҚ.
Жалпы, үстіміздегі жылы жазғы демалыс бірнеше бағытта, атап айтқанда, сауықтыру, бос уақытты ұйымдастыру, еңбекпен қамту бойынша өтеді. Түрлі типтегі 559 лагерь мен алаңда 85170 бала демалады.