Синоптиктердің консультативтік болжамына сәйкес ақпан айы қарлы болады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мамандары мәлімдеп отыр.
Атлантика аудандары мен Каспидің оңтүстігінен циклондардың жиі өтуіне байланысты, елдің солтүстігінде 15-20 м/с дейін жел күшейіп, қар жауып, боран соғып, оңтүстігінде жауын-шашын, тұман және көктайғақ болады деп күтілуде.
Ай бойғы суық ауа массасының енуімен, екінші онкүндіктің басында және айдың соңында суытудың екі толқыны күтіледі.
Ауа температурасы солтүстік жартысында түнде 25...35 аяз, күндіз 15...25 аяз; оңтүстік жартысында 10...20 аяз, күндіз 5...10 аязға дейін төмендейді.
Нәтижесінде ауаның орташа айлық температурасы Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында нормадан 1°С жоғары, қалған аумақта – нормаға жуық болады деп күтілуде.
Жауын-шашынның айлық мөлшері Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында және Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл мен Алматы облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында нормаға жуық және одан көп, қалған аумақта – нормадан аз түседі деп болжанады.