18.05.2015, 18:00

Ұлттық сынақта тәртіп күшеймек

Фото: otyrar.kz

Алтын ұядан қанат қаққалы тұрған мектеп бітірушілердің 11 жыл бойы жинаған білімін сарапқа салатын ұлттық сынақ биыл қатал тәртіп және талаптармен ерекшеленбек. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зейнеп Тастемірова мәлімдеді.

Келелі кездесуге мектеп психологтары мен ҰБТ-ны сәтті тапсырған университет студенттері де қатысты. Олар маңызды емтиханға қатысуға тілек білдірген оқушылардың стресске бой алдырмай, қобалжымай, жинақы, сабырлы және өзіне сенімді болу қажеттігін сөз етті. Ал психологтар үлкен өмірге жолдама беретін бұл тестілеудің маңызын түсіндіріп, оған білім арттырумен қатар, рухани дайындықтың да қажеттігін еске салды.

Биылғы сынақта орын алар өзгерістермен таныстырған Зейнеп Тастемірова аймақта 4190 оқушы мектеп бітіретінін атап өтті. Оның 2833-і ҰБТ тапсыруға ниетті. Өткен жылы тапсырушылар саны одан төмен болған. «ҰБТ форматы өзгеріске ұшыраған жоқ. Алайда бақылау күшеймек. Білім және ғылым министрлігінің шешіміне сәйкес, емтихан тапсыру кезінде оқушы тыйым салынған заттар әкелсе, бірден аудиториядан шығарылады. Сондай-ақ ҰБТ нәтижесі ілінгенде, оқушының аты-жөнінің орнына жеке сәйкестендіру нөмірі жазылады»,-деген З.Тастемірова емтиханда техникалық мамандар қатысып, байланыс құралдарының қызметіне тосқауыл жасайтынын тілге тиек етті.

Мектеп бітірушілердің ішінде «Алтын белгіге» үміткердің саны – 80. Ал ғылыми жарыстар мен пәндік олимпиадаларда жеңімпаз атанғандардың саны - 68. Қазір олардың тестке қатыспауы жөнінде шешім күтілуде. «ҰБТ 2-15 маусым аралығында өтпек. Ақтауда мемлекеттік емтихан 4 пунктте өтеді. Тест тапсыруға 3,5 сағат уақыты беріледі. Бұрынғыдай оқушылар тестті 5 пәннен тапсырады. Бұл жағынан ешқандай жаңашылдықтар енгізілмеген», – деді Зейнеп Тастемірова.

Х.ОРЫНБАЙҚЫЗЫ