19.05.2015, 18:00

Алматыда Toyota Land Cruiser балабақшада ойнап жүрген балаларды қағып кетті

Алматыдағы "Таугүл-1" шағынауданында Тойота жол талғамайтын көлігі балабақша қоршауын бұзып кіріп, ойнап жүрген балаларды қағып кетті деп хабарлайды Baq.kz. Салдарынан 5 жасар сәби көз жұмды.

Куәгерлердің айтуынша, балабақша ауласына қара Land Cruise көлігі басып кірген. Бұл сәтте аулада 26 бала ойнап жүрген екен. Қайтыс болған қыз баласынан басқа тағы 8 сәби түрлі дене жарақаттарын алған. Оларға қазір медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Оқиға орнына ата-аналар келіп, аман қалған балаларын алып кетуде. Балабақша қызметкерлері болса оқиғаның қалай болғанын көріп үлгермегендігін айтып отыр.

Куәгерлер хабарлағандай, көліктің тізгінінде жас шамасы 45-50-дегі әйел болған. Ол көлікпен артқа жүріп, балабақша қабырғасын қиратып ішіне кіріп кеткен көрінеді. Дөңгелек астында жатқан 5 жасар қызды көргенде ол есеңгіреп есін жоғалтып алыпты. Куәгерлер жедел жәрдем шақырып, күдікті әйелді полицейлер келгенше ұстап отырған. Қазір ол да медициналық тексеруден өтіп жатыр.