Астана қаласында шамадан тыс жауған жауынның салдарын жою және бірнеше күн бойы толассыз жауған жаңбыр суын сору бойынша жұмыстар күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр. Төрт күннің ішінде (16-19 мамыр) 34 мың текше метрден астам жаңбыр суы сорылды. Бұл жайында қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Елордада толассыз жаңбыр бірнеше күннен бері жауып жатыр. Жауын-шашынның айлық мөлшерден тыс жаууы салдарынан қаланың бірнеше ауданын су басты.
«Астана Тазалық» ЖШС хабарлауынша, 19 мамырда коммуналдық қызметтердің күшімен 10 мың м3 жаңбыр суы сорылды. Атап айтқанда, «Алматы» ауданында - 4813 м3, «Есіл» ауданында - 1816 м3 және «Сарыарқа» ауданында - 3207 м3. Бүгін қала көшелерінде 100 жуық мамандандырылған техника жұмыс істеуде.
Синоптиктердің болжамынша, жаңбыр аптаның соңына дейін толастамайды. Оңтүстік-батыстан 15 м/с жылдамдықпен жел соғады.