Өзбекстанның халықтық білім беру министрлігінің аты-жөнін жасырған қызметкері президент Шавкат Мирзияевтің мектептерде қымбат және арзан киімдердің айырмасын шектеу үшін, сондай-ақ, форманы ұлттық мәдениетке сай дамыту қажеттігін ұсынғаннан кейін, Ташкент облысының бірқатар мектептері осындай шешімге келгенін айтады.
Алайда бірқатар оқушылардың ата-аналары балаларының мектепке ұлттық бас киім киіп баруын қаламайды.
Мәселен, Бостанлык ауданының тұрғыны Миржалол Отахонов балалары оқитын мектептің директоры тақия сатып алу үшін, ата-аналардан ақша жинатып алғанын айтады.
"Мектепте оқушылардың бәрі бірдей тақия кию керек деген талап қойыпты. Мен директорға барып "Маған министрліктің бұйрығын көрсетіңіз" деп сұрадым. Ол маған ешқандай бұйрық көрсетпеді. Менің ойымша ондай жарлық болмаған. Оның үстіне оқушы қыздарға шаштарыңды екі бұрым етіп өріп келіңдер деп айтады екен", – дейді әңгімелесуші.
Былтыр үкімет отырысы кезінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев арнайы мектеп формасын енгізуді қолдайтынын мәлімдеген.
Дереккөз: centralasian.org