Қарағанды тұрғыны төртінші қабатқа балкон арқылы шығып, көршісінің үш баласын өрттен құтқарды, деп жазады sputniknews.kz облыстық ТЖ департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
7 ақпан күні күндіз құтқарушыларға Қарағандыдағы бес қабатты тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Белгілі болғандай, төртінші қабаттағы пәтердің залы мен жатын бөлмесі өртенген. Пәтерде балалар болған, сондықтан көршілер түтін шыға бастағаннан оларды құтқарып алуға бел буады.
Үшінші қабатта тұратын Тахир Закизьянов көшеге үйіндегі кілемді лақтырған, көршілері оны жан-жағынан керіп ұстап тұрады. Кейін Тахир өз балконы арқылы өртеніп жатқан үйге көтерілген.
Ер адам терезенің ар жағында жылап тұрған балаларды көрген. Дереу 2016 жылы туған қызды қолына алып, оны төменде балконда тұрған әйеліне береді. Содан кейін қарағандылық өртеніп жатқан пәтерден 2011 жылы туған егіз ұл балаларды алып шыққан. Алайда әйелі балаларды жерге құлатып алам ба деп қорыққан, сондықтан Тахир балаларды керілген кілемге тастауға шешім қабылдайды.
"Өзімді емес, балалардың қауіпсіздігін ойладым. Балалар қатты шошып қалыпты, жылап жатыр екен, мені қапсыра құшақтап алды. Оларды кезекпен төменге тастадым", — дейді Тахир.
Балалар зардап шеккен жоқ, олар «Жеңіл дәрежеде иіс тиіп уланды» деген алдын ала диагнозбен ауруханаға жеткізілді, дәрігерлер қарағаннан кейін үйге жіберген. Алдын ала мәлімет бойынша өртке балалардың отпен ойнауы себеп болған.
Облыстық ТЖ департаменті өрт кезінде балаларды құтқарғаны үшін Тахир Закизьяновты марапаттау және сыйақы беру туралы өтініш білдіруге ниеттеніп отыр.