Суицид жасағандарды кейбір сарапшылар шариғат бойынша бөлек жерленеді десе, басқасы бұл туралы Құранда айтылмағанын алға тартады деп жазады Ratel.kz.
Ақмола облысы, Көкшетау қаласына қарасты Красный Яр елдімекенінде өз өзіне қол салғандар бөлек жерленіп жатқандығы туралы БАҚ жазған еді. Бұл бастаманы Красный Яр мешітінің бас имамы Науан Мүтәліұлы көтерген болатын.
Алайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұны құптамайды. Біз хабарласқан Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Қызылтөбе ауылдық округі мешітінің бас имамы Айғабыл ШӘДЕНОВ Діни басқарма пәрмен бермесе, өз беттерінше мұндай пәтуа шығара алмайтындарын айтты. Өз өзіне қол салу жағдайы Қызылтөбе ауылында да болатынын жасырмаған имам әзірге ондайларды бөлек жерлеу рәсімі болмағанын мәлімдеді.
Ал, белгілі дінтанушы Досай Кенжетай шариғат бойынша өз өмірін қиған, суицид жасаған адамды бөлек жерлеу шариғат бойынша дұрыс деп санайды.
Христиан дінінде де өз өмірін қиған адамның күнәсі ауыр саналады.
«Өз-өзіне қол салу – үлкен күнә. Осы себептен де ондайларды зираттың шетіне, бөлек жерлейді. Бұрындары христиан діні өкілдерінің зиратында суицид жасағандардың бөлек орны болатын. Өкінішке қарай, қазір бұл тәртіп үнемі сақтала бермейді. Алайда күні бүгінге дейін өз-өзіне қол салған адамды шіркеу мен шіркеуге таяу зиратқа жерлеуге жол берілмейді. Сондай-ақ, Христиан дінінде суицид жасаған адамды жоқтап жылауға, арнайы дұға оқуға, тіпті, қоштасарда мәйіттің бетінен сүюге тыйым салынады», – дейді Алматы облысындағы «Спасо-Силуанова» шіркеуінің қызметкері Анатолий Михейнин.
Дінтанушы Мұрат Телібеков бұл мәселеге қатысты: «Ислам дінінде өзіне қол салуды құптамайды. Десек те, қазіргі кезде әлемнің көптеген елдерінде эфтаназия, яғни адамның өз еркімен өмірден кетуі заңмен бекітілген. Сонымен қатар, адам біреуді құтқару барысында өлімге басын тікті ме, әлде наразылығын білдіру мақсатында өз-өзін өртеді ме? Мұны ерлік дейміз бе, суицид дейміз бе? Бұл сұрақтардың нақты жауабы жоқ. Өзіне қол салған адамды жазғырудан гөрі, оның әрекетіне түсіністік таныту керек сияқты. Ал Құранда суицид жасағанды бөлек жерлеу туралы жазылмаған. Сондықтан өзіне қол салған адамды бөлек жерлеуге ешкімнің қақысы жоқ», – дейді ол.