$ 494.87  520.65  4.91

Түрік жігітінен қыз туып алған павлодарлық келіншек баласын Стамбұлдан елге әкеле алмай отыр

Шетелдік еркектің қақпанына түскен! Павлодарлық келіншек шиеттей қызымен Стамбұлдан елге қайта алмай отыр. Бұған себеп  балаға талас. Қазақстан азаматтығына ие бүлдіршіннің Түркиядан аттап басуына сот тыйым салған. Өйткені, түрік жігіті оның әкесі екенін заң алдында дәлелдеуге кірісіпті. Сөйтіп, оны тартып алмақ. Ал, бауыр еті баламды жат жұртқа тастамаймын деген Виктория Мозговаяның ендігі үміті дипломаттарда деп мәлімдейді КТК телеарнасы. 

Виканың түрік жігітпен қарым-қатынасы 3 жыл бұрын басталған. Шетел азаматы Павлодарға арнайы келіп, оны Стамбұлға ертіп кетіпті. Сөйтіп, екеуі азаматтық некеде тұрады. Тек қыздың аяғы ауыр екені белгілі болғанда, түркиялық романтик ұшты-күйлі жоқ болған. Арбауға түскен Виктория сол кезде елге оралады. Осында босанып, қызына Қазақстан азаматтығы беріліпті.

 "Бала менің атыма жазылған. Оны бағып-қағуға менің ғана құқығым бар. Ал, оның еш қатысы жоқ", – дейді Виктория Мозговая.

Кейін некемізді заңдастырамыз деп, сәбиімен Түркияға қайта шақыртыпты. Бір рет опық жесе де, келіншек сезім жетегінде тағы шекара асқан. Кейін белгілі болғандай, Мехмет Аксой есімді азаматқа керегі кішкентай Айлин екен. Ал Викторияның өзін ұрып-соғуды шығарған. Тіпті, оның жақындарына хабарласып, қоқан-лоқы көрсетіпті.

"Әбден зәбір көрген соң Қазақстанға қайтпақ болдым. Бірақ, бұған да тосқауыл қойылды. Яғни, әуежайда баламның Түркиядан шығуына тыйым салынғанын білдік. Сөйтіп, амалсыз, осында қалдым", –  дейді Виктория Мозговая.

Сөйтсе, түрік азаматы баланың әкесі екенін заң алдында дәлелдеуге кірісіпті. Яғни, азаматтық іс қозғатқан. Енді кішкентай Айлинге сот-медициналық сараптама жасатқызбақ. Бірақ, Виктория бұған түбегейлі қарсы. Өйткені, сотта бәрі расталып, перзенті Түркияда мәңгілікке қалып қоя ма деп қорқады. Анасының да уайымы осы.

"Біз қызымыздың түрік жігітпен бас қосуына о баста қарсы болдық. Бірақ, жүрекке әмір жүрмеді. Енді немерем екеуін тез арада елге қайтару керек. Дипломаттар қол ұшын созса екен",  –  деп өтініш айтты Викторияның анасы Тамара Мозговая.

Консулдық қиындыққа тап болған қазақстан азаматтарын қонақүйге орналастырған. Әрі бұл тыйымды жою туралы сотқа нота да жолдапты.

"Дипломаттар Викториямен байланыста. Қолдан келген көмекті береміз. Олардың құқығын қорғау үшін барымызды салып жатырмыз. Түркия сотына тыйымды алып тастау туралы тағы да нота жолдаймыз",  –  деп хабарлады ҚР СІМ ресми өкілі Әнуар Жайнақов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары