Америкалық аспаз қымыздан балмұздақ жасамақ, деп жазады «Айқын» газеті.
Алматыда өтіп жатқан The Good Life деп аталатын аспаздық фестивальға әлемнің түкпір-түкпірінен ас әзірлеудің асқан шеберлері, тәтті тағамдардың түр-түрін жасайтын кондитерлер жиналды. Бұлардың әрқайсысы жаңа тағамдардың алуан, түрін ойлап тапқан өз ісінің мамандары. Солардың ішіндегі америкалық кондитер Дэвид Кэмпбеллдің бұл іспен айналысқанына 18 жыл болыпты. Осы уақыттың ішінде ол талай фестивальдарға қатысып, талай марапаттарға ие болған. Өзі ұзақ жылдар Лос-Анжелестегі Providence ресторанында қызмет еткен. Қазіргі кезде Дэвид Кембэлл 450 нөмірі, 8 аутлеттері мен мейрамханалары бар The Ritz-Carlton қонақүйінде шеф-кондитер болып жұмыс істейді екен.
Америкалық аспаздың фестивальда қандай жүлдеге ие болатынын кім білсін, бірақ ол қазақстандықтарға қазірден бастап ұнап қалды.
Дэвид Кембэлл осы уақытқа дейін еліміздегі бірде-бір аспаз-кондитердің түсіне де кірмеген тың ойды айтты. Мұхиттың арғы жағынан келген кондитер қазақтың қасиетті сусыны - қымыздан балмұздақ жасамақшы ойы бар екенін ортаға салды. Бұл бастаманың иесі Қазақстанға келгеніне бір-екі күн ғана болған осы Дэвид Кембэлл болып қалатын шығар. Ол қымыздың дәмін де бұрын татып көрмеген екен, бірақ оған бірден ұнаған сияқты. Сөйтіп, осы сусыннан балмұздақ жасау керек екен деп шешіпті. Дэвид Кембэллдің сүйсініп жейтін асы салат көрінеді, сондықтан ол, негізінен, еттен жасалатын қазақтың ұлттық тағамдарына аса тәнті бола қоймаған сияқты. Фестивальға басқа елдерден келген оның әріптестері Қазақстандағы сырдың (ірімшік) чечил деген түрі қатты ұнағанын айтқан екен, бірақ оның ұлттық тағамға қатысы жоқ екенін естігенде көңілі ортайып қалыпты. Бірақ қазақтың ұлттық тағамдарының ішінен өзіне ұнаған кейбір мәзірді кітапшасына жазып немесе жадына сақтап Америкаға жеткізетін ойы бар. Ең бастысы, қымыздан жасалған балмұздақтың рецептімен бөліссе жақсы. Егер балмұздақтың жаңа түрі «қымыз-балмұздақ» патенттеліп, нарыққа шығып жатса, оны Ritz-Carlton желісі арқылы сатып алатын шығармыз.