31.05.2015, 18:00

Маңғыстау облысына ТМД штаб миссиясынан 9 байқаушы келеді

Фото: 72934.kz

Президенттік сайлау кезінде Маңғыстау облысына ТМД миссиясынан 9 байқаушы келеді. Бұл туралы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Есен Күмісқали мәлім етті.

«Облыста ҚР ОСК аккредиттелген ЕҚЫҰ/ДИАҚБ екі көпмерзімдік байқаушысы жүр, ТМД-дан тағы екі байқаушы сайлау учаскелерінде болды.  Сонымен қатар қысқа мерзімді байқаушылардың келуі күтілуде. Әдетте олар 1-2 күн қалғанда келеді. ТМД штаб миссиясынан Астрахань және Ростов облыстарынан 9 байқаушы келетіні белгілі», - деді Есен Күмісқали. 

 Өзге халықаралық байқаушылар (ШЫҰ, ЕҚЫҰ) ОСК-те 26 сәуірге қарай аккредиттеледі.

«Облыста 177 сайлау учаскесі бар. Оның үшеуі жаңа. Олардың барлығы сайлауды өткізуге қажетті жабдықтармен және материалдармен жарақтандырылды», - деп түйді Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы.

Естеріңізге сала кетейік, 26 сәуір күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтпек. Бұл туралы Мемлекет басшысы 25 ақпан күні Қазақстан халқына жолдаған үндеуінде хабарлаған болатын.

Конституцияның Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау мәселелерін реттейтін 41-бабының 3-1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің Президенттің кезектен тыс сайлауын жеке-дара тағайындауға айрықша құқығы бар.

Елбасының Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы шешім қабылдауына Республика Конституциясы қандай да бір шарттар мен шектеулер қарастырылмаған.