$ 494.87  520.65  4.91

Ақтауда Іскер әйелдер кеңесінің алғашқы отырысы өтті

Ақтауда Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған іскер әйелдер кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Оны «DeSali» дизайн аумағы» студиясының директоры, өңірлік кәсіпкерлер палатасының мүшесі Сәуле Салихова басқарады.

«Кеңес облыстың қалаларындағы, аудандарындағы және тіпті шалғай ауылдарындағы әйелдер бизнесін дамытуды қолдауға бағытталған әйелдердің бизнес-бастамаларын қолдаумен айналысады. Тұрақты негізде тренингілер, семинарлар, шеберлік сабақтары, форумдар, іскерлік кездесулер және басқа да маңызды шаралар өткізілетін болады», - деді С.Салихова.

«Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің құрамында «Базис-Маңғыстау» ЖШС директоры Рухан Әлмәмбетова, «Агророст» фермерлер қауымдастығының төрайымы Нұрсәуле Жиенбаева, «Волна» Ақтау кондитер фабрикасының басшысы Надежда Карась, «Жамал-ай» ЖШС директоры Зібира Хасанова, «Медикал Фарм «Ча-Кур» ЖШС негізін қалаушы Саралтын Құрманова, «Берекет-Ф» ЖШС бас директоры Зарета Фаталиева бар.

Әйелдер құрылған кеңес жұмысын жаңадан бастаған бизнестегі кәсіпкер әйелдерге ақпараттық қолдау көрсетіп, кәсіби байланыстар желісін кеңейтуге көмектесетініне сенімді. Тұтастай алғанда кеңес жұмысы Маңғыстау облысында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту саласындағы ахуалды жақсартуға бағытталған. 

Естеріңізге сала кетейік, Астана, Алматы, Атырау, Қызылорда, Қызылжар және Өскемен қалаларында әйелдер арасында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жаңа жобалар басталған болатын..

Оны «Шеврон» компаниясының қолдауымен Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп жүзеге асыруда. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен алқалы жиында  айтылды.

Онда, ең алдымен   қазақстандық және халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, әйелдер жұмыссыздығы мәселелерін шешу мүмкіндіктерін  әлеуметтік тұрғыдан зерттемек.  Кәсіпкер әйелдермен жүргізілетін сауалнама арқылы шағын кәсіпкерлікті табысты дамытуға кедергі келтіретін мәселелер  анықталады. Олар жергілікті мәслихат депутаттарының, мемлекеттік және бизнес құрылымдары, қаржы ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдардың және кәсіпкер әйелдердің қатысуымен өткізілетін дөңгелек үстел жиындарында талқыланатын болады. Оның қорытындысы бойынша қауымдастық  Үкіметке  «Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға және әйелдер жұмыссыздығын азайтуға қолдау көрсету туралы» ұсыныс әзірлейді.

«Жобаның  келесі кезеңдерінде Кәсіпкерлікке үйрету орталығын ашу көзделіп отыр. Кәсіпкер әйелдерді дайындау барысында бухгалтерия, құқықтану, іс жүргізу және басқа да қажетті пәндерден білім беру бағдарламалары қолданылады. Орталық әйелдерге жекеменшік шағын бизнесті ұйымдастыру үшін бастапқы машық пен білім алуға жәрдемдеседі. Алғашқы Орталық   Астана қаласында ашылмақ. Одан кейін аудит, бухгалтерлік есеп жүргізу, есеп  беру және ревизиялық тексеру  шаралары бойынша, сондай-ақ, бизнесті заңдастыру және оған қосалқы көмек беру мәселелеріне қатысты сарапшылардың жеке консультацияларын ұйымдастыру қарастырылып отыр. Аталған қызмет түрлері әйелдерге тегін көрсетілетін болады», - дейді  Сауда кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті Жібек Әжібаева. Оның айтуынша, кәсіпкерлік қызметте әлі толық шешілмеген мәселе әлі жеткілікті. Сондықтан бәсекелестік кезінде кәсіпкер қыз-келіншектердің білімін жетілдіру өте маңызды. Өйткені  бизнестің іске басуына оның ықпалы зор. Мәселен, әр апта сайын кәсіпкерлік қызметке қатысты 4-5 жаңалық болады. Олар заңға енгізілген өзгерістер, Үкімет қаулылары  мен өзге  нормативтер түрінде болуы мүмкін. Сауда, қызмет салаларында қазір әлеуметтік-тұрмыстық және өзге жағдайлар бойынша жұмыс істеп жүрген қыз-келіншектер өте көп.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары