$ 449.58  486.94  4.86

Қазақстандық кинотеатрлар алаш арыстары туралы фильмді көрсетуден бас тартты

Алаш арыстары жайлы көпке беймәлім деректер! Ұлт үшін құрбан болған ұлы тұлғалар туралы «TAR ZAMAN»телевизиялық жобасының қысқартылған нұсқасы ертең үлкен экранға шығады. Туындыда 20-сыншы ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының тар жол, тайғақ кешуі көрініс тапқан. Тек мағынасы терең әрі құнды фильмді еліміздің кей өңірлері қажетсінер емес. Яғни, Ақтөбе, Атырау, Қостанай және Павлодардағы кинотеатрлар оны көрсетуден бас тартқан. Сондықтан, 2 ай бойы тер төккен топ төл туындымызды менсінбегендерге өкпелі деп мәлімдейді КТК арнасы. 

Ұлт қамын жеген тұлғалар жайлы көп дерек бізге беймәлім. Олардың қалың қазақты рухани дамыту жолындағы күресі. Алаш автономиясын құруы. Халықты ашаршылықтан арашалауы. Ортақ мұратпен топтасқан зиялылардың өзге де ерліктері «TAR ZAMAN-да» көрсетіледі.

-Малды жинап, аш жатқан халыққа апарып тарату керек. Онсыз да Үкімет бәрін сыпырып алып жатыр.

«Оян, қазақ» деп жанайқайын жеткізген Міржақып, ұлт ұстазы Ахмет, сталиндік зұлматтың Сәкен, Бейімбет секілді құрбандары бір сәтке қайта оралғандай. Өйткені, әр актер өз кейіпкеріне түр-әлпеті жағынан ұқсас. Олар еліміздің әр өңіріндегі театрлардан таңдап алынған. Жүсіпбек Аймауытовты сомдау Алматыдағы балалар және жасөспірімдер театрының актері Ұлан Болатбекке бұйырыпты.

Ұлан Болатбек, актер:

– Мен өмірімде ойламаппын Жүсіпбек Аймауытовқа ұқсаймын деп. Тіпті де түсіме кірмепті. Бұл енді режиссердің бір ұтқырлығы шығар деп ойлаймын. Сырттан бақылап, қарап жүрген іс әрекетіме.


Расымен, режиссер Мұрат Бидосов Алаш зиялыларын сомдаушыларды ұзақ таңдаған. Ал, түсірілім Текелі, Қапал-Арасан таулары мен Алматы, Павлодар және Орынбор қалалаларында 2 ай бойы жүріпті. «TAR ZAMAN-да» 200-ден аса кейіпкер бар. Барлығы дерлік өмірде болған тұлғалар. Сондықтан, әрқайсысының образын ашу оңайға соқпаған.

МҰРАТ БИДОСОВ, “TAR ZAMAN” К/Ф РЕЖИССЕРІ:

– Бұл бұрыннан көкейде жүрген қызықты әрі қиын тақырып. Тарихи кезең болған соң, тарихи әртүрлі оқиғалар, тарихшылар оны айта жатар, бірақ, тарихи оқиғалардан ауытқу болған жоқ.

Картинаның телевизиялық нұсқасы 12 бөлімнен тұрады. Ал, үлкен экранға ықшамдалған түрі шықпақ. Бірақ, халқы үшін құрбан болған тұлғалар туралы кино әлден шеттетілуде. Яғни, Ақтөбе, Атырау, Қостанай және Павлодардағы кинотеатрлар оны көрсетуден бас тартқан. Сондықтан, өз туындымызды менсінбегендерге бүкіл түсірілім тобы өкпелі.

Данияр Айса, фильмнің дистрибьюторы:

– Бұл қазақ киносы. Қазақтың тарихы. Оны әр адам көруі керек. Кинотеатрларда Американың, Еуропаның фильмдері еш кедергісіз көрсетіледі. Ал, өзіміздің киноны қабылдамай жатыр. Негізі «TAR ZAMAN-ды» асыға күтіп жүрген адам көп.

Телевизиялық жобаның қысқартылған түрі өзге қалаларда ертеңнен бастап көрсетіледі.

Дереккөз: Жұлдыздар әлемі

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары