Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкер егер Венгрия өз елінде өлім жазасын енгізетін болса, Еуроодақтан сол сәтте шығарылатынын ескертті. Сәйкес мәлімдемені ол Süddeutsche Zeitung басылымына сұхбат берген кезде жасады, деп хабарлайды РБК Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.
«Өлім жазасын енгізетіндерге Еуроодақта орын жоқ», - деген Еурокомиссия басшысының сөзін мысалға келтіреді басылым.
Бірнеше апта бұрын Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Еуроодақтың әрбір елі өлім жазасын енгізу-енгізбеу туралы шешімін өзі қабылдау керек деп мәлім еткен еді. Мамыр айының соңында Еуропарламентте венгриялық шенеуніктердің ұсынысымен өлім жазасын қайта енгізу тақырыбы төңірегінде қызу дау туған болатын.
Венгрия өлім жазасын 1990 жылы алып тастады. Оны қайта енгізу мүмкін емес, себебі бұл негізгі құқықтар туралы Еуропалық одақтың хартиясына қайшы келеді.