27 ақпан күні Шымкенттегі Жайлау шағын ауданындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде газдан сегіз адам уланып қалды. Оңтүстік Қазақстан облыстық ауруханасының жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығы токсикология бөлімшесінің меңгерушісі Асылхан Мыңбосыновтың Азаттыққа айтуынша, сегіз адам орталыққа жеткізілген.
- Уланған сегіз адамның бесеуі - балалар. Төрт адамның жағдайы орташа ауыр болғандықтан емдеуге алып қалдық. Қалғанын үйіне қайтардық, - дейді бөлім меңгерушісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Зарипа Абдуллақызы Азаттыққа сегіз адамның газдан уланғанын растады. Оның сөзінше, уланған адамдарға дер кезінде көмек көрсетілген.
Ресми мәлімет бойынша, Оңтүстік Қазақстан облысында қаңтардың басынан бері газдан уланып жеті адам қайтыс болған. Өткен жылы аймақта 23 адам иіс тиіп көз жұмған. Мамандар қайғылы оқиғаға қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы себеп болатынын айтады.