KFC сегіз аяқты тауықтар туралы лақап әңгіме таратқан компаниялармен соттасуда.
Yum Brands Inc. концерніне тиесілі KFC жылдам тамақтану ресторандарының желісі қытайлық үш медиа-компанияны сотқа берді, оларға KFC-дің ет өнімдерінің сапасы төмен деген жалған мәлімдеме таратты деген айып тағылып отыр. Бұл туралы Wall Street Journal-ға сілтеме жасап7kun.kz хабарлады.
Қытайлық компаниялар KFC ресторандарында тағамдарды әзірлеу кезінде сегіз аяғы және алты қанаты бар тауықтар пайдаланылады деген. Және бұл ақпаратты жергілікті әлеуметтік желілер мен микроблогтар арқылы таратқан.
Енді KFC үш компанияның әрқайсысынан 1,5 млн юань (шамамен 245 мың доллар) көлемінде өтемақы алмақ және жалған ақпаратты таратқан үшін көпшілік алдында кешірім сұрауды талап етіп отыр.
Осылайша KFC Қытайдағы беделін қалпына келтірмек, мұнда компания өз түсімінің жартысын алып отыр. Атап айтқанда, бұған дейін фирма құстарды өсіру кезінде гормонды дәрі-дәрмектер мен антибиотиктерді пайдалануға қатысты дау ортасында қалған болатын. Содан соң KFC басшылығы жеткізушілерді таңдаудағы өз тәсілін өзгертуді уәде етті.
21 наурызда аяқталған бірінші қаржылық тоқсанда ҚХР-дағы ресторандар желісінің түсімі жылдық есепте 9%-ға, 1,26 млрд долларға дейін төмендеген. Жалпы әлем бойынша бұл көрсеткіш те 9%-ға қысқарып, 2,62 млрд долларды қамтыды.