Қызметтерін рәсімдемеген такси жүргізушілеріне бұдан былай әуежайдан жолаушы тасымалдауға тыйым салынады.
Әуежайға топтасқан әрбір такси жүргізушісі қалаға жеткізу үшін тым қымбат сұрайды. Және жлоаушы үшін таласатын жабайы жүргізушілерден осы күні саяхатшылар да көп зардап шегуде. Осы бассыздықпен күресуді өткен аптада Алматы қаласының басшысы тапсырған болатын.
«Салықтық акт толтырылады. Оның нәтижесінде әкімшілік құқық бұзу хаттамасы толтырылып, сотқа жіберіледі. Сот өкілдері 15 АЕК көлемінде айыппұл салуы мүмкін»,- деді Мемлекеттік кірістер департаментінің талдау бөлімінің басшысы Еділ Әзімшайх.
Ал қала басшылығы жолаушыларды сақ болуға шақыруда. Айтуларынша, кей жүргізушінің шеберлігі жеткіліксіз болғандықтан, жол апатына жиі ұшырайды. Тіпті, бір пысықай шетелдік азаматты әуежайдан қала ортасына дейін 50 мың теңгеге жеткізіп салған. Ол алаяқ әлі ұсталмапты.
«Мен барлық жолаушыларды көлденең такси қызметін қолданбауға шақырамын. Ең бірінші – ол жеке басыңыздың қауіпсіздігі. Бізде шетелдік туристердің бірнеше арызы бар. Барлығы жеке таксистердің кесірінен қомақты қаржыларынан айырылған немесе келеңсіз жағдайға ұшырағандар»,- деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Юрий Ильин.