Шығыс Қазақстанда Ұлан ауданының Мамай батыр ауылындағы көпірді су алып кетті деп жазады ҚазАқпарат.
Екі күнгі толассыз жаңбыр кесірінен ауылдың шетімен ағатын шағын өзенде су деңгейі көтеріліп, көпірдің бетімен аға бастаған. Бұл Мамай батыр ауылының сыртпен байланысын қиындатуда. Өйткені, асфальт жолға осы көпір арқылы шығады. Аудандық әкімдік су көтерілгенімен өзенге жақын жатқан үйлерге еш қауіп жоқ екенін айтып отыр.
«Көпірді су алмаған. Тек бетімен ағып жатыр. Біздің негізгі мақсат көпірді қалпына келтіру болып тұр. Ол үшін өзен арнасын кеңейтіп жырып, көпірге түсетін ағынды азайтпақпыз. Осы мақсатпен бірнеше техника және 20 адам жібердік. Ауыл тұрғындары да көмектесуде. Ал өзенге жақын үйлерді қауіпсіз жерге көшіру мәселесі тұрған жоқ. Су ондай деңгейге көтерілген жоқ» - дейді Ұлан ауданы әкімінің міндетін атқарушы Дулат Қажанов.
Дулат Қажанов су деңгейі түнгі сағат 1.00-ден бастап көтерілгенін, сол мезеттен бері ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында өзі болғанын айтады. Осы ауданның Асубұлақ ауылында да кейбір үйлердің ауласына су жайылған. Мұнда да төтенше жағдай мамандары мен әкімдік өкілдері жіберіліпті.
«Жалпы аудан бойынша 13 техника жайылған судың бетін қайтару үшін жұмысқа шықты. Қауіп болуы мүмкін деген елді мекеннің бәрінде кезекшілік қойылған» - дейді Дулат Қажанов.