Оқиға 16 наурыз күні Шымкенттегі Қаратау ауданында болған. Жергілікті полиция бөліміне қала тұрғындарының бірі хабарласып, көршісінің үйіне белгісіз біреулердің баса көктеп кіргелі жатқанын айтқан.
Оқиға орнына келіп жеткен полиция қызметкерлері өз үйінде айуандықпен өлтірілген екі әйелдің мәйітін тапты. Олардың бірі сол үй иесінің 87 жастағы анасы болса, екіншісі 68 жастағы әйелі екені анықталды.
Аталған жайт Қаратау ПБ-нің сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне тіркелді. ҚР ҚК-нің адам өлтіру бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері бұл адамдарды қандай мақсатпен өлтіргенін анықтауда және қылмыскердің тұлғасын анықтау, ұстау шараларын жүргізуде.