Ресейдің Кемерово қаласында «Зимняя вишня» деп аталатын ірі ойын-сауда орталығы өртеніп, кем дегенде 40 адам қаза тапты деп хабарлайды Lenta.ru. Ондаған адам жоғалып кеткен, араларында балалар да бар.
Өрт 4 қабатты сауда орталығының ең соңғы қабатынан шыққан. Ол жерде кинотеатр мен балалардың ойын алаңшасы орналасқан екен. Өрт сөндірушілерге дабыл 25 наурыз күні жергілікті уақытпен сағат 14:00-де келіп түсіпті.
РИА Новости тілшілерінің хабарлауынша, құтқарушылар оқиға орнына келіп жеткен сәтте бірден 100 шақты адамды сыртқа шығарып үлгерген. Жоғары қабаттағы адамдар көмекті күтпей ғимараттан өздері шықпақ болған.
Куәгерлердің айтуынша, «Зимняя вишня» орталығының қызметкерлері төтенше жағдайға дайын болмай шығыпты. Олар тіпті, өздері дүрбелең туғызып, ғимаратты бірінші болып тастап қашып шыққан.
Кейбір мәлімет бойынша, кинотеатр бөлмелерінің есіктері белгісіз себептермен жабылып қалып, ондағы адамдар біразға дейін қамауда отырған. Куәгерлердің айтуынша, бүтін бір сынып оқушылары түгелдей кинатеатрға қамалып, барлығы тұншығып қайтыс болыпты. Бұл ақпарат қазір тексерілу үстінде. Дегенмен, сауда орталығында оқушылардың көп болғаны анық.
Із-түссіз жоғалған 11 жасар Вика есімді қыз өрт болған кезде ата-анасына хабарласып, қоштасып үлгеріпті. «Біз жанып жатырмыз! Мен барлығыңды жақсы көрем, қош болыңдар! Демала алмай жатырмыз...» деп телефон тұтқасын қоя салған.
Соңғы ақпарат бойынша 40 адам қайтыс болған. Тағы 69 адам із-түссіз жоғалғандардың қатарында. Олардың 40-ы 2-13 жас аралығындағы балалар.