27.03.2018, 05:46

Ерлі зайыптылар күйеуге шыққысы келмеген қызын қайнаған маймен күйдіріп, ұрып-соққан

Техас штатының (АҚШ) тұрғындары 16 жастағы қыздарын мәжбүрлі түрде күйеуге бермек болған деп айыптауда. Ерлі-зайыптылар кезінде Ирактан көшіп келген арабтар көрінеді деп мәлімдеді жергілікті KSAT телеарнасы.

Жәбірленген Маариб әл-Хишмавидің айтуынша, оны әке-шешесі некеге келіспегені үшін таяқпен ұрып, әбден азаптаған көрінеді. Күйеуге шығуға көнбеген қыздарының үстіне ыстық май құйып, буындырып та тастапты. Кейін белгілі болғандай, болашақ күйеу бала қалыңдық үшін алдын-ала 20 мың доллар төлеп қойған екен.

Мұндай азапқа шыдамаған Маариб үйінен қашып кеткен. Қаңтар айынан бастап іздеуге салынған қыз наурыз айында табылады және бірден қамқор көрсету орталығына жіберілді. Мұнан кейін қыздың артынан ілескен бес інісі және сіңлілері де осында жеткізілген. Ал ата-ана болса алдымен қамалып, кейіннен 30 мың доллар кепілмен босатылды. Енді қыздың келісімінсіз құда түсіп қойған жігіт те жазаға тартылуы мүмкін.