10.06.2015, 18:00

Білім саласында жалған дипломмен жұмыс жасағандар анықталды

www.m-astana.kz

Ақтөбе облысының прокурорлары өңір мектептерінде  мұғалімдердің жалған дипломдармен жұмыс істеудің 7 фактісін анықтады.

 

Атап айтқанда, Ырғыз ауданындағы мектептердің бірінде жоғары педагогикалық білімі жоқ мұғалімдер бірнеше жыл бойы еңбек, география және орыс тілінен сабақ беріп келген. Оларда Алматыдағы қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірді делінген жалған дипломдар болған.

Ал Қобда ауданында Ақтөбе мемлекеттік университетін бітірді деген жалған дипломы бар 4 оқытушы әшкереленді. Тергеу барысында мұғалімдердің өздері дипломдарды ара ағайындардан алғандықтарын мойындады.

Барлық факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, бірақ облыстық прокуратураның өңірдегі әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасының прокуроры Нұрбек Тұрышевтің түсіндіруінше, істің бәрі айыптылардың материалдық шығындарды өтеуіне байланысты тоқтатылған.