Семейде жергілікті масштабтағы төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы қала әкімі Ермак Сәлімов айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
Қазір қаладағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға келтірілген залалды есептеу үшін арнайы комиссия құрылды. Үшінші күн қаланы су басып жатыр. Кеше Бобровка саяжайы мен Затон аумағындағы Лодочная, Краевая көшелері су астында қалған болатын.
Тұрғындар әлі қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Соңғы ресми мәліметтерге қарағанда, 200-ден астам үйді су басқан. Қауіпті сейілту үшін «Востоквзрывпром» мекемесінің мамандары жару жұмыстарын іске асыру үстінде. Бұл жұмыстар жалғасады.
«Біз өзенге жарылыс жасаймыз деген едік. Оған жағдайды тікұшақпен бақылап шыққаннан кейін жару жұмыстары керек деген шешімге келдік. Жарылыстың қуаты күшті. Егер қуат мөлшері аз болса, біз қажетті нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Бұл жұмыстар жасалмаса, қалаға төнер қауіп еселенеді. Сондықтан мұзды жасанды жолмен жарып жатырмыз. Қазір мұздың қалындығы 120 см. Осыған байланысты жарылғыш заттың қуаты белгіленді. Жұмыстар кезінде бірнеше тұрғын үйге зақым келді. Оның барлығы өтеледі», - деді қала әкімі.
29 наурыздан бастап қалада жергілікті деңгейде төтенше жағдайды енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл шешімді орталық орган мамандар қабылдаған.