$ 494.87  520.65  4.91

Ақтөбедегі лифтте журналистің қайтыс болуынан кейін қаладағы көпқабатты үйлердің бәрі тексерілетін болды

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев лифтідегі қайғылы оқиғаға байланысты тексеру жүргізуді тапсырды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына орай, өңірде сараптама комиссиясы құрылды. Комиссия көпқабатты үйлердегі лифтінің техникалық жағдайын тексеріп, қызмет көрсететін компаниялардың жұмысын қарайды. 

«Қайғылы оқиға бәрімізді дүр сілкіндірді. Біз мұндай жағдай қайталанбауы үшін барлық шараны қолға алуымыз керек. Ақтөбе қаласының әкімдігі, прокуратура мен мемлекеттік органдар бірлесіп, санаулы күнде барлық лифтіні тексеріп, техникалық қызмет көрсету, жөндеу сапасын қарауы тиіс. Сонымен қатар, басқарушы компанияларда жұмыс істейтін мамандардың жұмысын, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетінің орындалуын бақылауға алған жөн», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, комиссия құрамына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілдері, төтенше жағдайлар қызметі мен өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті және бірнеше сарапшылар бар. Ал құқық қорғау органдарына оқиғаның мән-жайын анықтау, кінәлі адамдарды табу тапсырылды.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңір басшысы Бердібек Сапарбаев қаза болған Айзат Әбдісаматтың отбасына, туған-туыстарына көңіл айтты.

Дереккөз: Қазақпарат

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары