$ 494.87  520.65  4.91

Қарағандыда жалған полицей құрықталды

Қарағандыда өзін полиция қызметкері деп таныстырып, ақша бопсалаумен айналысқан 29 жастағы ер адам ұсталды, - деп хабарлады облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен

«Жедел-іздеу шараларының барысында облыстық ІІД-нің жеке қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері ақша бопсалаумен айналысқан жалған полицейді, сондай-ақ оның сыбайластарын ұстады. Қарағандының бұрын сотталған 29 жастағы тұрғыны бопсалау кестесін құрған. Сыбайластарының көмегімен әлеуметтік желілердің бірінде бойжеткеннің атынан парақша құрып, онда ер адамдармен хат алмасып, жыныстық қатынастарға түсуді ұсынған», - делінген хабарламада.

Құқық қорғау органдарының ақпаратынша, «Қармаққа» Теміртау қаласының 38 жастағы тұрғыны түскен. Ол жаңадан танысқан бойжеткенмен кездесу үшін жалдамалы пәтерге келген. Көп ұзамай пәтерге өздерін құқық қорғау қызметкерлері деп таныстырып, оны кәмелеттік жасқа жетпеген қызға қатысты азғындық әрекеттері үшін айыптаған бірнеше адам келген. Сондай-ақ, жалған қызметтік куәлік көрсетіліп, жалған куәгерлердің қатысуымен тінту өткізілген.

Ал жәбірленуші қылмыстық жауапкершіліктен босатылу үшін бопсалаушыларға 60 мың теңге берген, олар болса, ер адамнан тағы 5 мың доллар беруді талап еткен.

Ер адам облыстық ІІД-нің жеке қауіпсіздік басқармасына өтініш жазған соң, қызметкерлер жедел-тергеу шараларын жүргізген.

«Күдікті ақшаны беру кезінде ұсталды. Қазіргі уақытта бір топ адамдарға қатысты қылмыстық іс қозғалды, сот алдындағы тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ұсталғандардың барлығы уақытша қамауға алынды», - дейді облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары