Алматыда әзірге тек Абай даңғылында ғана қоғамдық көліктің жүруіне арналған арнайы жол бөлінді, деп жазады interfax.kz.
"Бүгіндері біз пилоттық түрде қоғамдық көлікке арналған жолды Абай даңғылы бойында бөліп беріп отырмыз. Бұл жол тұтас алғанда қоғамдық көлікті реттеу үшін жасалып отыр. Ондағы мақсатымыз, қоғамдық көліктің жеке меншік көлікке қарағанда анағұрлым бәсекелес болуына жол ашу», деді Алматыда баспасөз мәслихатында қалалық жолаушылар көлігінің жетекшісі Талғат Әбдірахманов.
Оның айтуынша, арнайы жолдың бөлінуі арқасында қоғамдық көліктің жүру жылдамдығы біршама артпақ.
"Егер бұрындары Абай даңғылымен автобустардың жүруінің орташа жылдамдығы сағатына 15-18 шақырым болса, қазір 25-28 шақырым", деп атап өтті ол.
Даңғылдың бүкіл ұзындығы бойынша өтетін арнайы жолдың ұзындығы 9 шақырым. Ол жерге сызықтар салынып, жол белгілері орнатылған.