15.06.2015, 18:00

Қамауға алынған ақтөбелік депутаттың жаңа есепшоттары табылды

http://kaz.tengrinews.kz/

Қамауға алынған ақтөбелік депутат Мейіржан Өндіргеновтің 5 986 000 теңге, 130 000 теңге, 77 миллион теңге және 141 507 теңге салынған есептік және депозит шоттары мен Астанада пәтер, жер телімі, көлікжай мен жер үйі бар екендігі анықталды, - деп хабарлайды "Мой Город" басылымы прокуратура өкілдеріне сілтеме жасап.

Прокурорлар анықталған мүліктер мен шоттарды тәркілеуді сұрап отыр. "Өндіргеновке кінә тағылып отырған бапта мүлкін тәркілеу қарастырылған, тәркілеуді сұраймын", - деді мемлекеттік айыптаушы Елубек Таласов.

Сот отырысына айыпталушының адвокаты қатысты, ол Астанадағы мүліктің өзінің қорғауындағы адамға тиесілі екенін растады. Қаулы кешкі сағат 17.00-де шығарылады.

Еске салайық, Мейіржан Өндіргенов 30 мамырда аса ірі көлемде қаржы бопсалады және өлтіремін деп қорқытты деген күдікпен ұсталған болатын. Депутат екі айға қамауға алынды. Депутатқа тағылып отырған айыптау баптары 7 жылдан 15 жылға дейін мүлкін тәркілеу арқылы бас бостандығынан айыруды және 200 АЕК көлемінде айыппұл салуды қарастырады. Бұған дейін депутаттың үйінен жұмыс орнынан 1,5 миллиард ақша табылған болатын.