Тәжікстанның Соғды облысында "Ислам мемлекеті" террорлық тобына қосылмақ болды деген айыппен бір отбасы мүшелері сотталды деп хабарлайды Азаттықтың Тәжік редакциясы.
Соғды облыстық соты Исфар ауданында тұратын отбасының жеті адамын "террорлық ұйымға қосылмақ болғаны үшін" кінәлі деп тапты. Сотталғандардың бәрі 2017 жылдың соңында Түркия - Сирия шекарасында ұсталған.
Отбасының отанасы 71 жастағы Мавлюда Насриддинова 12 жылға, оның 47 жастағы ұлы Баходур Насриддинов 17 жылға, 25 жастағы ұлы Хайдархон Насриддинов пен отбасының күйеу баласы Насруллохон Абдувалиев (Фарзона Насриддинованың күйеуі) 12 жарым жылға сотталды. Ал Фарзона Насриддинова мен отбасының жақын туыстары Шохина және Мушохирахон Нуриллаевтарға 12 жылға бас бостандығынан айырылу жазасы кесілді.
Отбасының екі мүшесі - 16 жастағы Мағрифат Насриддинова кәмелеттік жасқа толмауына байланысты және 24 жастағы Шохида Нуриллаева ақыл-есінің кемдігіне байланысты жазадан босатылды.
"Олар барлығы 29 адам - бір үлкен отбасы болған. Олар Сирияға үш шағын автобуспен кеткен. Екі автобустың жолаушылары Түркия - Сирия шекарасынан өтіп кеткен. Ал үшінші автобустағы тоғыз адам шекарада ұсталған" деді тергеу ісіне қатысы бар дереккөз.
Сот барысында олар Сирияға "жихадқа" бармақ болғанын мойындап, өз елінде "діни бостандықтарына тыйым салатынын" мәлімдеген.