$ 443.35  475.54  4.82

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулықты» Алматыда талқылады

Алматыдағы Достық үйінде «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы талқыланды. Жиынға 100 жаңа оқулықты аударуға атсалысып жүрген азаматтар мен Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері қатысып, талқылауды тыңдады.

Іс-шараның мақсаты – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасына жастардың назарын аудару, әлемдік бестселлер болып табылатын және мемлекеттік тілге аударылған кітаптар мен оқу құралдарын насихаттау болып табылады.

- Қазіргі таңда Қазақстан жаңа тарихи кезеңге таяқ басты десек қателеспейміз. Біз әлемдік кеңістікте үлкен бір жобаларды аяқ астынан алғалы отырмыз. Бұл жобалардың бірі, мінекей, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық». Бұл оқулықтар арқылы біз әлемдік кеңістікке тараған ең үлгілі кітаптарды қазақ тілінде емін-еркін, дағдылы түрде оқи аламыз. Бұл біріншіден жастарға, артымыздан ерген саналы ұрпаққа үлкен қосымша сын беретінін сөзсіз. Қазіргі таңда  осы 100 жаңа оқулық барысында жастардың сана-сезімін, ойлау қабілетін және әлемдік кеңістікке өзін көрсете білу, және олардың жұмыс істеу барысын, әр кітаптың қағидасын анықтау барысында өз білімдерінің біліктілігін арттырады. Біз, жастар, Елбасының осындай салиқалы саясатын қолдаймыз. Және осы арқылы өз ой-пікірімізді білдіре аламыз, - деді «Жарасым» жастар ұйымының төрағасы Мысыр Ерзат басқосу барысында.

Сондай-ақ, шараға 100 кітапты аударуға атсалысып жатқан мамандар да қатысып, өз еңбектері туралы әңгімелеп берді.

- Біз Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін» деген оқулығын ағылшын тілінен қазақ тіліне аудардық. Екінші автор - философия ғылымдарының кандидаты Гауһар Зұлпыхарқызы. Біз жұмысты былтырғы маусым айында бастадық. Өздеріңіз білесіздер, ұлттық аударма бюросы құрылды сол кезеңде. Жұмыстың өз қиындығы бар. Жауапкершілігі мол. Біріншіден бұл президенттің тапсырмасы. Екіншіден біздің кітабымыздың сапасы қандай болып шығады, соған байланысты отандық философтарға баға беріледі. Біз кітаптың соңғы нұсқасын 4-5 рет өңдедік. Әрбір сөзді, әрбір сөйлемді тексердік. Негізгі мақсат - бұл қазақтың жастарына арналған оқу құралын жазып шығу, - деді философия ғылымдарының докторы Гүлжиһан Нұрышева.

Іс-шараға ҚХА төрағасының орынбасары Абилфас Хамедов, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының докторы Сағади Бөлекбаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Гүлжиһан Нұрышева, Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жаңғыру Жолы» республикалық жастар қозғалысының Алматы қалалық штабының өкілдері, республикалық және қалалық этномәдени бірлестіктердің жастар қанаты төрағалары, студенттік ұйымдардың көшбасшылары, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары және т.б қатысты.

Айта кетейік, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асырыла бастады. Жақында  қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне 18 кітап аударылып, Президентке таныстырылған болатын.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары