Қазіргі таңда, Орал трансформатор зауытының бірінші кезеңі іске қосылып, өнім шығаруға дайындық жүргізілуде. Алдағы уақытта, кәсіпорында үш фазалық күштік трансформаторлар өндірісі жолға қойылмақ.
«Аlageum Electric» машина жасау кәсіпорындарының холдингтік ком-паниясының бас директоры Серғазы Күнтуаровтың айтуынша, қазіргі уа-қытта зауытта өндірістік технологиялық желілерді орнату аяқталған. Наурыз айынан бастап мұнда трансформаторлық құрал-жабдықтар үздіксіз шығарыла бастады. Өндіріс орнының қуаты электротехникалық өнім түрлерін, соның ішінде электр машиналарын шығаруға мүмкіндік береді. Зауыттың жобалық қуаты – жылына 10 000 дана. Жоба құны – 3,1 млрд. теңге болса, оның ішінде өз қаржылары – 500 млн. теңге, қалғаны инвестициялар тарту арқылы жасалған.
Жоба «БЖК-2020» бағдарламасы ауқымында 2,6 млрд. теңге несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бойынша мемлекеттік қолдауға ие болды, 17,3 млн. теңгеге газбен жабдықтау жұмыстары жүргізілді. Трансформаторлардың әлеуетті тұтынушылары – мұнай-газ саласының ірі компаниялары, энергетикалық кешен және темір жол кәсіпорындары. Жаңа кәсіпорын байырғы «Омега» зауытының бос тұрған цехтарына орын тепкен. Қаңырап тұрған ғимарат жөндеу жұмыстарынан кейін жаңа түрге енген. Бас директордың айтуынша, трансформаторларды өткізу қиынға түспейді, өйткені Ресейде компанияның ірі дилерлік желісі жұмыс істейді. Кәсіпорын 2016-2017 жылы өзінің толық қуатына шыққан кезде өндіріс көлемі 100 млн. долларға жетеді деп жлоспарланған. Кентау қаласындағы холдингтік компанияның иелігіндегі осындай зауыттан шығатын өнімдер еліміздің батыс өңірін қамтуға жарап-ақ тұр. Бірақ Оралдағы зауыт жұмысы қалыпқа түсісімен батыс өңір нарығын, сонымен қатар Украинаны, Ауғанстанды, Түрікменстанды, Қырғызстанды, Әзірбайжанды оралдық зауыт өнімімен қамтиды. «Зауытта 650 адамға жұмыс орны ашылады. Өнім өткізетін нарық бар, ресейлік зауыттармен бәсекелесетін бизнес-жоспар құрдық», – деді сеніммен сөйлеген С. Күнтуаров.
Кәсіпорын басшылары кадр мәселесіне де жіті қарауда. Оралдық 10 адам білім-біліктілігін шыңдау үшін Кентаудағы зауытқа жолданған. Компания келешекте мамандар даярлау мәселесі бойынша Оралдағы ЖОО-лармен, колледждермен меморандум жасаған.
Сонда өңір басшысы Нұрлан Ноғаев «Алагеум электрик» холдингтік компаниясына «Омега» зауытының қалған бөлігін «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясынан сатып алу мүмкін болса, оның облысқа оң әсері болатынын білдіріп еді. Холдингтік компанияның зауытың қалған бөлігіне қолы жетіп жатса, жаңа өнім түрлерін шығарып, жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде бизнес-жоспар дайын.
Компания басшылығы өз өнімдерінің сапалы болатынына сендіреді. Оған бар жағдай жасалған. Жаңа кәсіпорын еуропалық елдердің әлемге танымал өндірісшілерінің заманауи құрал-жабдығымен және автоматты желілерімен жарақтандырылған.