$ 444.22  476.38  4.82

Тұтыну кооперативтері

Қазақстанда тұтыну кооперативтерін жолға қою – ауыл шаруашылығын өркендетудің басты тетігі екендігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Бұл орайда кеңестік экономиканың сыннан өткен әдіс-тәсілдерімен қатар кооперацияны ұйымдастыру мен басқарудың шетелдік практикасына назар аудару қажеттігі дау туғызбаса керек. Дамыған елдерде кооперацияның құқықтық негізін халықаралық құжаттар және ұлттық заңнама құрайды. Ұйымдық құрылым сатылы болып келеді: ұлттық салалық кооператив – аймақтық кооператив – жергілікті кооператив (филиал) – фермер.

Кооперативтерде тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту үшін қажетті алғы шарттар бар екендігін ерекше атап көрсету қажет. Кәсіпкерлік қызметтің табысты болуы көбіне кооперативтердің білікті менеджерлерді тарту қабілетіне, көрсететін қызметтерінің жан-жақтылығына байланысты. Тұтыну кооперативтерінің жарғылары олардың қызметінің ұйымдық-құқықтық тұғыры болып табылады, ал ішкі қарым-қатынастар көп мемлекеттерде, мәселен, АҚШ-та, Канадада, Скандинавия елдерінде келісім-шарттармен реттеледі. Келісім-шарт бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін түрлі жазалау шаралары көзделген. Кооперативтік қоғамдардың қызметіне заңды тұлғалар да қатыса алады. Сондай-ақ кооперативтік кәсіпкерліктің тағы бір ерекшелігі – кооперативтердің көбінесе жергілікті деңгейде жұмыс істейтіндігі, ал олардың қызметі, әдеттегідей шағын бизнес саласына шоғырланады. Жарнашы-мүшелер құқықтарының теңдігі сақталған, яғни бір мүше – бір дауыс. Бұл норма Венгрия, Франция, Швейцария және басқа елдердің ұлттық заңнамалар құрамында бар. Кейбір елдерде, мәселен Германияда, жарна берген, бірақ ұйымның қызметтерін пайдаланбайтын тұлға кооператив мүшесі бола алады. Кооператив жарғыларында фермер үшін бір әкімшілік аумақта жұмыс істейтін бір бағыттағы екі кооперативке бір мезгілде мүше болуға жол берілмейтіндігі көзделген. Мүшеліктің ең аз мерзімі кооперативке кіру кезінде фермердің өзіне алатын міндеттемелерін орындау уақытына байланысты болады, мәселен ол Францияда 20 жылға дейін. Міндеттемелердің мерзімі біткенше кооперативтен шығуға рұқсат етілмейді. Тәртіп бұзу үлес жарналарын жоғалтуға әкеліп соғады. Кейбір жағдайларда жарғыда фермердің кооперативтен шығуға байланысты залалын өтеу ескеріледі. Нарықтық экономикасы дамыған елдерде фермерлік кооперативтер аграрлық саланың өндірістің басқа да ұқсас салаларымен өзара байланыс жүйесінде шешуші рөл атқарады. Кооперативтер жұмысына фермерлердің іс жүзінде жүз пайыздық қатысуы Солтүстік Еуропа, Нидерланды, Ирландия, Жапония елдеріне тән. Скандинавия елдерінде ауыл шаруашылығы өнімі көлемінің 85 пайызға жуығы және фермерлерге өндіріс құралдары жалпы жеткізілімінің 55-60 пайызы кооперативтерге тиесілі. Кооперативтерге қатысты кәсіпорындар тамақ өнеркәсібі өнімінің жартысына дейінгісін өндіреді, сүт өнеркәсібі кәсіпорындарының барлығы және ет өнеркәсібі кәсіпорындарының көп бөлігі соларға жатады. Жапонияда фермерлік кооперативтер барлық ауыл шаруашылығы өнімінің 90 пайызын қайта өңдеп сатады және фермерлерге қажетті өндіріс құралдарының 80 пайыздайын жеткізеді. Барлық елдерде аграрлық салада кооперативтік қозғалысты қолдаудың мемлекеттік саясаты жүргізіліп жатқандығын атап айту керек. Осы саясаттың негізгі бағыттары салық салу жеңілдігі немесе салықтардан толық босату, субсидиялар және жеңілдетілген мемлекеттік несиелер беру болып табылады. Кооперативтер қызметінің негізгі құқықтық базасы демократиялық бастамалар арқылы жұмыс істейтін, фермерлердің ерікті бірлестігі сияқты кооперативтік ұйымның мәртебесін реттейтін кооперация туралы арнайы заңдар болып табылады. Бірақ осы құқықтық ережелер әр түрлі елдерде әрқалай рәсімделген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары