Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Әлеуметтік серіктестік және әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті.
Іс-шараға Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Ұлттық экономика, Инвестициялар және даму, Энергетика, Қаржы, Әділет және өзге де министрліктердің жетекшілері, сондай-ақ, облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары, республикалық кәсіподақтар ұйымдарының, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылары қатысты. Отырыс жұмысына өндірістік үдерістерді тұрақтандыру, еңбек құқықтарын және жұмыскерлердің кепілдіктерін қамтамасыз ету, әлеуметтік қорғау және жұмыстан босаған жұмысшыларды еңбекпен қамту мәселелері бойынша әкімдіктер мен кәсіпорындар жетекшілері арасында меморандумдар жасау, еңбек дауларының алдын алу бойынша іс-шаралар, Үкімет, жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестігі арасындағы 2015-2017 жылдарға арналған бас келісімді жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары туралы мәселелер арқау болды. Бүгінгі таңда республика бойынша өңірлердің әкімдіктері мен кәсіпорындар арасында 23 мыңнан астам меморандумға қол қойылса, олардың 1117-сі – ірі кәсіпорындарды, 22949-ы – орта және шағын кәсіпорындарды құрап отыр. Ал олардағы жұмыскерлердің жалпы саны 1,4 млн. адамнан асады. Жүктелген міндеттемелерді орындау үшін үшжақты комиссиялар шеңберінде меморандумдардың орындалу барысына ай сайын бақылау жасау тәжірибесі енгізіліп, ұжымдық келісімшарттар, еңбек шарттары, сондай-ақ жалақы мәселелеріне қатысты үнқатысулар құру бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде кәсіпорындар жетекшілерінің есептері тыңдалып отырады. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың наурыз айында жұмыс орындарын сақтау және жұмыскерлердің жұмыстан босауына жол бермеу мәселелері жөніндегі әлеуметтік серіктестік бойынша өңірлік келісімдерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланған. Меморандумдар аясындағы міндеттемелердің орындалуына мониторинг ақпараттық жүйе негізінде жасалады. Жүйе зейнетақы аударымдары бойынша жұмыскерлердің жұмыстан босауын ай сайын бақылап отырады. Еңбек дауларының алдын алу үшін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Бас прокуратурамен, Қаржы және Әділет министрліктерімен, Жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің республикалық бірлестігімен бірлесіп жалақы бойынша қарыздарға ай сайын мониторинг жүргізуде, еңбек заңнамасын бұзу жағдайларына сараптама және кәсіпорындардың ұжымдық келісімдермен қамтылуына мониторинг жасауда, мүдделі мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің республикалық бірлестігі өкілдерінің қатысуымен еңбек дауларына жол бермеу бойынша ұсыныстар
әзірлеу және іс-шаралар қабылдау бойынша кездесулер өткізуде. Сонымен қатар, мүдделі мемлекеттік органдармен және Жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің республикалық бірлестігімен бірлесіп, Үкімет пен Жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестігі арасындағы 2015-2017 жылдарға арналған бас келісімді жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарының келісілген жобасы әзірленді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Әлеуметтік шиеленіс картасы негізінде жұмыс орындарын құру бөлігінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысына тұрақты мониторинг жасайды. Отырысты қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев әлеуметтік серіктестік әлеуметтік және еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру тетіктерінің бірі екенін атап көрсетті. Бұл шара жұмыскерлердің әлеуметтік-экономикалық мүдделері мәселелерін шешуге, еңбек кепілдіктерін және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді. Премьер-министрдің орынбасары өндірістік үрдістерді тұрақтандыру, еңбек құқықтарын және жұмыскерлердің кепілдіктерін қамтамасыз ету, әлеуметтік қорғау және жұмыстан босаған жұмысшыларды еңбекпен қамту мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасау, жұмыстан босау, қысқару тәуекелдеріне және жұмыскерлердің өзге де еңбек құқықтарының бұзылу оқиғаларына тұрақты мониторинг жасау, өндірістік жарақаттанушылықтың өсуіне жол берген жұмыс берушілерге қатаң шаралар қолдану, еңбек дауларына жол бермеу мақсатында іс-шаралар қабылдау бойынша тапсырма берді.