Мемлекет атаулының болмыс-бітімі, құрылымы заң-низаммен бекітілетіні бесенеден белгілі. Ал, низам біткеннің ағымдағы тірлік түйіндерін шешетін қаулы-қарарлардан қоғам өмірінің келелі мәселелерін реттейтін заңдар мен Елбасы жарлықтарына дейінгі алуан түрі бар. Осынау құқықтық құжаттарға мызғымас тұғыр болып, негіз салатын басты жарғы– ел Конституциясы. Қалам қайраткерлерінің жыр-толғаныстарына алтын арқау болып келе жатқан тәуелсіз Конституциямыз бүгінде «Ата Заң» деген биік мәртебеге ие.
Ата Заңымыз дербестік жағдайындағы әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын айқындап, ұлттық өркендеудің іргетасын қалады. Конституцияда пікір әралуандығы, сенім және сөз бостандығы сияқты саяси-әлеуметтік құқықтармен қатар экономикалық қызмет еркіндігіне де кепілдік берілді. «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген қазақ мәтелінде меншік қатынастарының мәні нақты көрініс тапқан. Иә, тілге тиек болып отырған экономикалық еркіндігіміздің негізінде меншік пен меншік қатынастары жататынына ешкім дау айтпайды. Халқымыз сан ғасырлық тарихи даму жолында Ата Заңмен бекітілген өркениетті меншік құқығына тұңғыш рет ие болып отыр. Тағдыр-талайлас өзге посткеңестік елдер жөнінде осылай деуге болады. Қазақ арасына сауда капиталы өткен ғасырдың бас кезінде тарала бастады, даңғой көпестердің «ақшамен самауыр қайнататыны» да осы тұс. Жылқылы, түйелі байлар сияқты емес, саудагерлер жиған-тергенін қозғалмайтын мүлік пен акцияларға салды, яғни қазіргі тілмен сөйлесек – әртараптандырылады, басқаша айтқанда диверсификацияланады. Кейіннен кеңес өкіметі халықты рухани және экономикалық еркіндіктен айырып, «молда мен байларды қойдай қуды», сөйтіп бүкіл меншік мемлекет иелігіне көшті. Қоғамда енжарлық пен бойкүйездік психологиясы белең алып, ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүруге дағдыланған қызылкөз даурықпалардың заманы туды. Еңбекпен табылған қаражаттың қадірін білетін ұсынақты кісілер «халық жауы» атанды, жеті атасынан тақыр кедей екендігін мақтан тұтып, кеуде қағушылар қоғамның қаймағына айналды. «Өкімет өлтірмейді» деген халық бір күндік тірлік қамын ғана ойлайтын халге жетті. Кісі бойындағы іскерлік шоғын сөндіруге бағытталған осындай экономикалық мінез-құлық мемлекеттік насихат арқылы орнықтырылды. Қадыр Мырзалиевтің «Қазақ осы байлықты шашу үшін жинайтын» деген өлең жолдары, міне, осыған айғақ. Сөйтіп, халық санасы меншік ұғымынан барынша алыстатылды. Қарапайым жұртты былай қойғанда, ел тұтқасын ұстаған азаматтардың өзі мемлекет мүлкіне немқұрайды көзқарас танытатын. Енді міне бүгінде елімізде мемлекеттік меншік үлесі он пайыздан аспайтын деңгейге жетті. Бірақ, жетпіс жылдан астам уақыт бойы санаға мықтап сіңірілген масылдық көзқарас әлі жойыла қойған жоқ. Бұл ретте тарихтың әміршісі – ұлы Уақытты
қастерлеудің қазақ ұғымына әлі де сіңісе қоймағандығы белгілі бір рөл ойнаса керек. Көшпенді тірлік кешкен халқымыз күні бүгінге дейін «сағат», «минут» «секунд» сияқты нақты ұғымдардың орнына «бір айналып келу», болмаса «сәл күте тұру» сияқты дерексіз, тиянақсыз өлшемдерді қолданады. Бұлардың «сүт пісірімнен», «қозы көштен», «әудем жерден» не айырмашылығы бар? Ел ішінде еселі еңбегінің берекесін көріп, дәулет жиған жандар баршылық. Алайда, нарықтық экономиканың негізгі тетігі «тиыннан құралатын теңге» екендігін олар ескере бермейді. Тірнектеп жиғандарын аз күндік абырой үшін төгіп-шашуға бейім. Әсіресе, «бәленшеден кеммін бе?» деген жалған намыс-тың жетегінде кетіп, той-томалақтарға бар жиған-тергенін сарп етіп, ертеңінде жүген ұстап қалатын ақкөңіл ағайындар баршылық екендігі жасырын емес. Ата Заңымыз берген экономикалық еркіндік халқымыздың бақуатты өмір сүруіне негіз қалайтын, әркімге өз тағдырының ұстасы болуға мүмкіндік беретін басты құқықтық тұтқа. Біз осы Заңымыз берген ұлы мүмкіндікті толық қуатында пайдалануымыз қажет, жеке меншіктің игілігін көре білуіміз керек. Өйткені, әрбір тұрғыны бай мемлекет те бай әрі саяси тұрғыдан тұрақты болады. Бұл орайда экономикалық баспасөз бен экономикалық тақырыпқа жазатын журналистер маңызды рөл ойнауы, халықтың экономикалық мінез-құлқын қалыптастырып, ұқыптылық пен ұсынақтылыққа тәрбиелейтін, еңбек адамының бойындағы іскерлік қабілетті ұштауға жәрдемдесуі тиіс.