$ 444.22  476.38  4.82

Бәсекелестік ережесі неге бұзылады?

Қазірде қалыптасып отырған интеграциялық ерекшеліктерге байланысты елімізге импорттық өнімдердің молынан ағылуы отандық өндірушілер үшін жаңа сынақ болды. Осы үрдістер аясында өндірісті сыртқы әсерлерден қорғаумен қатар, техникалық регламенттерді, санитарлық нормаларды бұзып, елімізге емін-еркін кіріп жатқан импорт түрлерімен де күресуге мәжбүрміз.

Әккі жолмен келіп, ағзаны улайды

Қазақстандықтардың құс етіне қызығушылығы жыл санап артып келе жатқандығын нақты цифрлармен айғақтауға болады. Егер 2004 жылы жан басына шаққанда құс еті 5,9 килограммнан келсе, 2013 жылы бұл көрсеткіш 15 келіден асқан.

Алайда қаншама құс фабрикалары салынып жатса да, өзімізде шығарылатын тауық еті сұранысқа сай халыққа қажетті ет мөлшерінің жартысын ғана құрайды. Болжам бойынша 2020 жылға дейін ішкі нарық өз өнімімізбен толық қамтылатын көрінеді. Ал оған дейін қосымша импорттық құс етін тұтынуға тура келеді. Сөйте тұра, сырттан келіп жатқан өнімдердің сапасына қаншалықты сенуге болатынын біле бермейміз. Жуырда «Астана қаласының «Green» сауда орталықтарынан 1 тоннаға жуық құс еті сынамаларын зертханада зерттеу барысында олардың ылғалдылығы нормадан 5 есе көп екендігі анықталды. Яғни, өнім өндіруші ине шаншып су қосу арқылы ісіндіру әдісімен еттің салмағын арттырған. Ол ол ма, күмәнді еттің 400 келісінен жұқпалы ауру тудыратын зиянкес бактериялар табылды. Қазіргі уақытта оларды сатуға тыйым салынды. Адам өміріне тікелей қауіп төндіретін осындай фактілерді ҰЭМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті жария етті. Комитеттің мәліметінше, осы құс еттері негізінен Ресейдің бірнеше компаниялары өндірген өнімдер болып шықты. Мысалы, «Белгранкорм» ЖШҚ, «Ясные зори» ӨАК өндірушісінің «Терісі бар сүйексіз құстың сан еті», «Үйдегідей», «Тауық королі», ішек-қарны тазаланған мұздатылған «Бройлер-балапанның тұтас еті» өнімдерінде сальмонелла бактериясы анықталды. Осыған орай комитет «Роспотребнадзорға» Ресейдегі аталмыш компанияларға тиісті тексерулер жүргізу туралы талап жіберді. Комитет төрағасы Ә.Мәтішевтің атап көрсеткеніндей, Қазақстан заңнамаларына енгізілген жаңа нормалар бойынша, енді комитет сауда орталықтарындағы азық-түліктерден зертханалық зерттеулер жасау мақ-сатында сынамаларды ала алады. Аталған ресейлік өндірушінің құс етін Қазақстанға орталықтандырып жеткізетіндігінің анықталуына байланысты жоғарыда көрсетілген сәйкес келмейтін өнімдерге қатысты мониторинг жүргізу туралы аумақтық бөлімшелерге тапсырма берілген. Осыған ұқсас іс-шаралар Белгород облысының «Птицефабрика Новоездоцкая» ЖШҚ және Курск облысының «Курский Агрохолдинг»,

Челябі облысының «Уралбройлер» ЖАҚ өнімдерінде «Salmonellа enterica» анықталуына байланысты Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында жүргізілуде. Комитеттің Астана қаласындағы аумақтық департаменті жоғарыда көрсетілген өнімдердің ластануының ықтимал себептерін анықтау бойынша іс-шаралар жүргізуде. Ал сауда кәсіпорнының басшысына халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы ҚР заңнамасының талаптарын бұзушылықтарын жою туралы ұйғарым беріп, 120 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салу туралы қаулы шығарды. Осылайша, кедендік шекарадан оп-оңай өтіп жатқан күмәнді ет батпаңдап кіріп, ағзамызға залалын келтіруде. Өкініштісі сол, ортақ шарт бойынша Ресей мен Беларусьтан жөнелтілетін еттің ветеринарлық сертификаты болса, тексерілмей, біздің нарыққа емін-еркін бет алады. Осы ретте арзан, сапасыз өнімге алданып, сан соғып қалмас үшін өзгеге емес, өз өнімдерімізге сенім артқанымыз абзал болар. Рубльдің құнсыздануы салдарынан әрі-сәрі күй кешіп отырған отандық өндірушілердің қазіргі қиын ахуалын жуырда өткен Құс өсірушілер одағының жиынында ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков те қынжыла тілге тиек еткен болатын. Сала басшысы үкімет тарапынан отандық өндірушілерге мемлекеттік қолдау көлемін арттыру арқылы көмек көрсетілуі мүмкіндігін жеткізді. Бұл ретте нақтыланған бюджетте құс өсірушілерге бөлінген қосымша қаржы құс азығы бағасын арзандатуға, субсидия көлемін арттыруға бағытталмақ. Бүгінде аграрлық секторға бюджеттен қосымша құны төмен сала өнімдері өндірісін субсидиялауға қомақты қаржы бөлінуде, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріне түсетін салықтық жүктеме де болар-болмас. Бірақ ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу секторы экономикалық өсімнің қозғаушысы бола алмағаны өз алдына, ол тіпті жаңа кешенді бағдарлама негізінде өрістеп, дамып кете алмай жатыр. Қазіргі кезде отандық сүт және сүт өнімдері халықты сапалы өнімдермен толық қамтамасыз ете алмайды. Сүт одағының мәліметтеріне көз салсақ, өндірілген шикізаттың тек 13 бөлігі өнеркәсіптік қайта өңдеуден өткізіледі екен. Отандық кәсіпорындар оралған сүт өнімдерімен тұтынушылардың қажеттіліктерінің тек 27 пайыз қамтамасыз етеді. Ал сарапшылар бізде табиғи өнім жеткілікті болуына орай жыл сайын 5,5 млн. тонна сүтті өзімізде өндіру мүмкіндігі бар екенін айтады. Алайда бұған сүт өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын ша-ғын және орта деңгейдегі шаруашылықтардың қайта өңдеу технологиясымен қамтамасыз етілмеуі қолбайлау болуда. Оның үстіне таза сүтті жылдам жинап алу, оны қажетті жеріне бұзылмаған күйінде жеткізу қиын болғандықтан, шалғайдағы шаруашылықтарға сүт өндіру тиімсіз боп қалуда. Нәтижесінде арзан да өтімді ұнтақтан жасалған балама өнім табиғи, пайдалы тағамды нарықтан ығыстырып шығарары анық. Соның бірден-бір дәлелі – қазір еліміздегі дүкендерде сатылатын сүттердің тең жартысы Ресейден әкелінетін арзан ұнтақтардан жасалады екен. Азық-түлік қауіпсіздігіне арналған конференцияда ауыл шаруашылығы

министрі Асылжан Мамытбеков кептірілген сүт ұнтақтарын «табиғи сүт» ретінде сататындарды сынға алған болатын. Сала басшысының айтуынша, оны өндірушілер сүт қорабының сыртына «табиғи сүт» деп жазып, тұтынушыларды алдайды. Осының салдарынан тауарлы сүт фермалары үлкен шығынға батып отыр. Мысалы, жақында ғана Қостанайдағы сүт өндіретін ферма сүт зауыттары өнімін алудан бас тартқандықтан, 30 тоннаға жуық табиғи сүтті төгуге мәжбүр болған. Өйткені зауыттарға табиғи сүтті сатып алғаннан гөрі Ресейден әкелінетін арзан ұнтақты пайдаланып, табиғи сүт ретінде саудаға шығару тиімді болып отыр. «Өкінішке қарай, біздің нарықта тұтынушыларды алдау кең етек жаюда. Мысалы, сүт деген атауға лайық емес тауардың сыртына «табиғи сүт» деп жазып қояды. Ұнтақтан жасалған сүттердің негізгі атауы «қалпына келтірілген сүт» болуы керек», дейді ведомство басшысы. Осылайша ұнтақтан жасалған сүтті сатушылар техникалық талаптарды бұзып, тұтынушы құқығын аяқасты етуде. Ал бұған тиісті бақылау байқалар емес. Техникалық регламент жасау үшін сүт пен сүт өнімдерінің ара-жігін ажырату керектігі туралы мәселені Кеден одағының бізден өзге екі мүшесі Ресей мен Белоруссия өткен жылы көтерген болатын. «Ресейдің салық саясаты салдарынан бюджетіміз үлкен шығынға ұшырауда», деп дабыл қаққан Беларусь билігі Ресейден тауар тасуына қатысты тиісті заң қабылдауда ширақтық танытты. «Сақтықта – қорлық жоқ» дегендей, біздің де ортақ нарықта ойлана әрекет етіп, шұғыл шешімдер қабылдауға дағдыланғанымыз дұрыс болар. Жоғарыда атап өткеніміздей, елімізде сүт өнімдерінің басым бөлігі жекелеген қолдағы шаруашылықтарда. Сондықтан мамандар бұл жерде салалық ведомствоның осылармен тығыз жұмыс істеуі маңызды деп санайды. Бұл ретте шалғайдағы жерлерде үй-жайында мал өсіріп отырған шаруаларға қолдау көрсету, оларға өнім өндіруге мемлекеттік тапсырыс беру, өткізілетін өнімге тиімді баға тағайындау, жеке қосалқы шаруашылық пен өңдеуші салалар кооперативін құруда бірдей көзқарас таныту – ауылдағы ағайынды шағын кластерлік жүйеге бейімдеудің қайнар көзі болатыны айқын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары