Бразилиядағы Miss BumBum байқауының (бөкселі қыздардың конкурсы) ұйымдастырушылары кішкентай қыздарға арнап бөкселі Барби қуыршақтарын жасап шығарды. Мұны көрген ата-аналар мен психологтар алғашқыда жағаларын ұстап, кейін наразылықтарын білдірді деп жазады The Sun.
Іш киімдегі Барби қуыршағының жамбасы мен бөксесі әдеттегіден үлкейтілгені көзге анық байқалады. Бірақ сайыс ұйымдастырушылары бұл Барбиді латынамерикалық үлгіде жасадық деп ақталып отыр.
Ата-аналар болса бөксесі үлкен қуыршақ балалардың психикасы мен олардың әйелге деген ойын бұзуы мүмкін дейді. Олар байқау ұйымдастырушыларына балалардың келешегі үшін мұндай ұятсыз кейіптегі қуыршақтар шығармауды сұрап, хат жазуды қолға алды.
«Бұл өте маңызды мәселе. Ондай жамбас пен бөксені пластикалық хирургияның көмегінсіз жасай алмайды», деп пікір білдірді Бразилия парламентінінің өкілі Сара Винтер. Ол сондай-ақ, Miss BumBum ұйымдастырушыларын жауапқа тартуды ұсынды.