$ 498.34  519.72  4.85

Назарбаев Зияткерлік мектептері – ел дамуының айқын көрінісі

Жалпы білім беретін орта мектептерден «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» айырмашылығы неде, қандай ерекшеліктері бар деген оймен өткен жылы қыркүйек айында ашылған «Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне» барып, оның бүгінгі күнгі тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

Қазіргі күні мектепте 768 бала білім алуда. Аты айтып тұрғандай, физика-математика пәнін тереңдетіп оқытатын мектеп. Мектепке қабылдау 7-сыныптан басталып, конкурс негізінде іске асырылады. Құжат қабылдамас бұрын, республикалық комиссия уақытын анықтап, алдын ала бұқаралық ақпарат құралдарында, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ сайтында хабарландыру беріледі. 1246 оқушы (оның ішінде 768-і қазақ сыныбына) құжат тапсырыпты, оның 96-сының ғана бағы жанары анық. Белгіленген тәртіп бойынша құжат қабылдау қатаң түрде жүргізіліп, әр оқушының мәліметі бірден электронды базаға енгізіледі.

Физика-математика бағытындағы мектеп болғандықтан, балалар математикадан, сондай-ақ қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен пәндік тест түрінде емтихан тапсырады. Тестілеудің екінші кезеңінде үміткерлердің жаратылыстану-математикалық ғылымдарды оқуға қабілеттілігін байқайтын тест өткізіледі. Оқушылардың бүкіл жұмысы жиналып, білім беру саласындағы стратегиялық әріптестері болып табылатын Педагогикалық өлшеулер институты Cito (Нидерланды), Джонс Хопкинс Университетінің Дарынды жастар орталығы CITY (АҚШ) халықаралық ұйымдарына жі-беріледі. Шетелде тексерілген жұмыстардың қорытындысы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ сайтында жарияланып, республикалық комиссия отырысында қарастырылады. Осылайша ең жоғары ұпай алғандары ғана оқуға қабылданады. Көріп отырғандарыңыздай, бұл жерде ешқандай тамыр-таныстық жүрмейді, яғни тек қана «байдың баласы оқиды» деген желсөзге еру бекершілік. Конкурстық іріктеуден өткен оқушылар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті грантының иегері атанады. Президенттік грант көлемінде үш мезгіл тамақпен, үш киім үлгісімен (мектеп формасы, тоқыма және спорт киімі), оқулықтармен қамтамасыз етіледі. Республика өңіріндегі Зияткерлік мектептердің көпшілігі жатақханамен де қамтамасыз етілген. Жа-тақханада тұратындарды бес мезгіл тамақпен қамту жолға қойылған. Мектеп директоры Жәмила Кенченбаевамен әңгімелесіп, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» мен жалпы білім беретін орта мектептің арасындағы ерекшеліктерді білуге тырыстық. Оның айтуынша, ең басты ерекшелік – білім беру мазмұнында. «Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі» білім беру жүйесі ұлттық және халықаралық тәжірибелердің ең үздік үлгілері кіріктірілген оқу бағдарламалары негізінде жүзеге асады. Оқу үдерісі қазақ

және орыс тілдерінде жүргізіледі. Мектепке қабылданған оқушылардың тең жартысы қазақ сыныбында оқыса, қалған жартысы орыс тілінде дәріс алады. Зияткерлік мектептерде білім алған оқушылар үш тіл – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін бірдей деңгейде меңгеріп шығуы міндетті. Осы орайда Зияткерлік мектептеріндегі үштілділік саясаты талаптарына сай оқушылар ағылшын тілінде де дәріс алады. Мектепте ағылшын тілі тек пән ретінде ғана оқытылып қоймай, «Математика», «Физика», «Химия», «Биология», «Информатика» пәндері «Тeam-teaching» жүйесі негізінде қазақша-ағыл-шынша немесе орысша-ағылшынша оқытылады екен. Сонымен қатар «Қазақ-стан тарихы», «География», «Қазіргі әлемдегі Қазақстан», «Құқық негіздері» пәндері мектеп бойынша, яғни орыс сыныптарында да қазақ тілінде оқытылса, «Дүниежүзі тарихы», «Информатика», «Денешынықтыру» сабақтары қазақ сыныптарында да орыс тілінде оқытылады. Ал жоғары 11-12 сыныптарда бейінді пәндер және «Жаһандық перспективалар және жобалық жұмыс», «Экономика», «Информатика» сияқты пәндер толығымен ағылшын тілінде оқытылады. Бұл жөнінде мектеп директоры Жәмила Мәжитқызы былай дейді: «Біздің өзге мектептерден ерекшелігіміздің бірі де, осы – үштілділік саясат. Қазақ сыныбында пәндердің көпшілігі қазақ тілінде оқытылғанымен, физика-математика, химия-биология пәндерін 7-9 сыныптарда алдымен қазақстандық және шетелдік мұғалімдер бірлесе жүргізеді. Сабақ барысында берілетін білім мазмұны қазақ-орыс тілінде және шетелден келген мұғалімнің көмегімен ағылшын тілінде беріледі. Осылайша біртіндеп-біртіндеп, 10-11 сыныпта бұл пәндерді тек ағылшын тілінде оқытуға бағыттап, дайындайды. 11-12 сынып жоғары оқу орнына түсуге дайындық кезеңі болып есептеледі. Мектептің оқушылары шетелге барып оқуға түсуге мүмкіндік алуы керек. Шетелде оқу үшін бұл пәндерді ағылшын тілінде жетік білуі шарт. Сондықтан тек тереңдетілген пәндер ғана емес, жоғары сыныптарда «Жаһандық перспективалар және жобалық жұмыстар» деген пән де ағылшын тілінде оқытылады. «Жаһандық перспективалар және жобалық жұмыстар» пәні ешқандай білім беру жүйесінде жоқ, тек біздің мектептерде ғана бар. Бұл жерде оқушылар сыни тұрғыдан ойлау, эссе жазу, зерттей білу, өз бетінше білім көздерін таба білу және мектепте алған білімдерінің негізінде оны шынайы өмір жағдаяттарында қолдану дағдылары қалыптастырылады. Ал «Қазақстан тарихы», «География», «Құқық негіздері» секілді пәндерді қазақ тілінде оқытуымыздың басты себебі – орыс сыныбының оқушылары қазақ тілін үйренсін, тек қазақ тілі сабағында ғана емес, біздің тарихымызды да қазақша оқысын, қазақ тіліне деген құштарлығы артсын, сөйлеу мәнері қалыптассын деген ой. Алғашында балалар қиналып, ата-аналар тарапынан да біраз мәселелер туындаған. Қазір қарап отырсақ, орыс сыныбындағы оқушылардың сөйлеу деңгейі біраз көтеріліп қалды. Бұрынғыдай емес, сабақты түсінеді, тақтаға шығып өткен тақырыпты айтып бере алатын дәрежеге жетті. Сұхбатқа, әртүрлі пікірталасқа қазақ тілінде сөйлеп, қатысады. Тіпті 3-тоқсаннан кейін кейбір ата-аналар риза болып, «баламыз

әжептәуір қазақша сөйлейтін болды» деп алғыс айтып жатыр. Мұның өзі біз үшін үлкен жетістік. Өзге мектептерден тағы бір ерекшелігіміз – баланың білім деңгейін бағалау сабақ барысында алған білімін өмірде пайдалана білу дағдылары, оқу үдерісінде жеткен жетістіктері әр пән бойынша белгіленген бағалау ұстанымдары арқылы жүзеге асады. Бұл бағалаудың ерекше түрі деп есептеледі. Сондай-ақ шетелге бару, әртүрлі олимпиада, жобалық жұмыстарды қорғау, спорттық жарыстарға қатысу секілді шаралардың қаражатының барлығы осы Президенттік грант көлеміне кіреді. Мәселен, былтыр қазан айындағы демалыс кезінде 40 оқушы Америкаға, биылғы қысқы демалыста 36 оқушы Оңтүстік Кореяға барып келді. Оның визасы, оқуы, жатын орны оңай шаруа емес, қаншама қаражатты қажет етеді. Бұл да біздің Президентіміздің қамқорлығы. Біздің мектептердің ашылуы да Елбасы бастамасы. Республикадағы дарынды балаларды жинап, жан-жақты білім беру мақсатында жасалып жатқан шаруа болғандықтан Елбасының үмітін ақтауға, оқушыларымыздың жеке тұлға болып тәрбиеленіп шығуына үлесімізді қосуға ат салысудамыз». Айта берсек, аталған мектептің үлгі алатын тұстары жетерлік. Мәселен, мектеп директорының шешімімен аптасына бір сабақ көлеміндегі уақыт арнайы кітап оқуға бөлінеді. Мектеп директорынан бастап күзетшіге дейін белсенді түрде қатысып, барлығы бір мезгілде кітап оқиды. Мұны Жәмила Мәжитқызы шетелге барғанда көргендігін, олардағы мектептерде кітап оқуға арнайы уақыт жұмсалатындығын, қазіргі компьютерленген заманда, ең бастысы кітап оқуды үйрету керектігінен туындаған жайт екенін меңзеді. Тағы бір айта кетерлігі, сынып жетекшілері сабақтан босатылған. Тек оқушының тәрбиесімен айналысып, ата-аналармен тікелей байланыста болады. Мектептегі Баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалия Қалиева бүгінгі күні атқарылып отырған жұмыс барысымен таныстырды. Еңселі білім ордасын еркін аралап, біраз жайтқа қанық болдық. Көзге бірден түскені – «Қысқы бақ» деп аталатын жылыжай түрінде жабдықталған демалыс орны. Онда қазақтың ұлттық бояуы мен табиғи ландшафт үйлесім тапқан. Оқушылар бос уақытын осы жерде өткізеді екен. Бірі шахмат ойнап, бірі қабырға газетін шығарып, енді бірі көгалда кітап оқып отыр. Таудан аққан судың сылдыры, жасыл желекке бөленген демалыс орны оқушылар үшін таптырмас орын. «Қысқы бақта» мектеп мұғалімдері пән мақсатына орай оқушылармен сабақ та өткізеді, мектептің Оқушылар кеңесі өз отырыстарын да осы жерде ұйымдастыруымен қатар мектепішілік шараларды да осы «Қысқы бақта» өткізу ыңғайлы.

Кітапханаға кіргеніміз сол еді, бір топ кітапханашыларды кездестірдік. Жыл сайын кітапханашылардың кәсіби деңгейін көтеру мақсатында ұйымдастырылатын іс-шараға сәйкес үстіміздегі жылы Алматы қаласындағы физика-математикалық Зияткерлік мектебінде «Назарбаев Зияткерлік

мектептері» ДББҰ мамандарына арналған «Ақпараттық сауаттылықты арттыру» семинары өткізіліп жатыр екен. Бұл семинарға біздің мамандарға дәріс беру мақсатында Оңтүстік Кореядан тәжірибелі кітапханашылар Чон Бора мен Кан Сукюнг шақырылған. Республикадағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің кітапханашылары осы семинарда қазіргі заманғы кітапханада кітап оқуды қалыптастыру әдістері, оқушылардың кітап оқу мәдениеті мен белсенділігін арттыру, зерттеу дағдыларын жетілдіру және оқу стратегиясында ақпаратты пайдалану деңгейін көтеру бойынша дәріс алып, өзара тәжірибе алмасып жатқанына үшінші күн болыпты. Бұл жерден кітап қорынан өзге, қазақ басылымдарының тігіндісін көріп, қуанып қалдық. Мектептегі кабинеттердің де жабдықталуы талапқа сай. Қазіргі заманауи қажеттілікке сәйкес әдістемелік құралдармен, ақпараттық технология көздерімен қамтылған. Барлық оқу кабинеттері интерактивтік тақтамен жабдықталған. Әр кабинетте оқушы санына есептелген ноутбук бар. Сыныпқа кірген оқушы кез келгенін алып қолданып, сабағы біткен соң орнына қойып кетеді. Келесі сыныпта дәл осындай ноутбукпен жұмысын жалғастыра береді. Физика, химия, биология кабинеттері Германия, АҚШ, Украина, Ресей елдерінен әкелінген «PASCO», «PHYWE», «SPARK», «Hohenloher» зертханалармен жабдықталған. Атап айтқанда, «Hohenloher» инновациялық оқу жабдығымен қамтамасыз етілген зертхана тәжірибелік сабақты бүгінгі талапқа сай өткізуге мүмкіндік береді. «Nawis» ілме коммуникациялық жүйесі газбен, электр қуатымен, сумен, жарықпен және интернетке қосылуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ оқушылардың өз идея-ларын жүзеге асыру мақсатында «Журналистика», «Киноклуб», т.б. үйірмелер жұмыс жасайды. «Журналистика» үйірмесінде қажетті мәліметтерді жинақтау, сұхбат алу әдебі, өзін-өзі ұстау мәдениеті, шешендік өнер, т.с.с. дағдыларды оқушы бойына сіңіруді алдарына мақсат тұтыпты. Міне, қоңырау үнін күймен жеткізіп, қазақтілді басылымдарды жаздырып, ұлт тарихы мен тілін қазақша оқытатын мектептің бүгінгі жай-күйі осындай.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Алдыңғы жаңалық
Кемел келешек кепілі