20.06.2015, 18:00

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Әлемді жайлаған экономикалық дағдарыс пен қиындай түскен геосаяси жағдай қос өкпеден қысқандай қазіргі уақыт жағаны жайлауға жіберер жайбарақаттылықты көтермейді. Бүгінгі күн – іскерліктің ішкі мүмкіндіктерін еселеп, ел игілігіне айналдыру жолында жұдырықтай жұмыла күш-жігер біріктіретін уақыт. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарына жұмыс сапары барысында осы мақсатта өңірлерде атқарылып жатқан іс-шаралармен танысты.

Еліміздегі көкөніс өндірумен айналысатын ірі жылыжай кешендерінің бірі – Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Аделя» шаруа қожалығында орналасқан. Ат басын алдымен осында тіреген Елбасы еңбек ұжымымен кездесіп, кешен жұмысымен танысқаннан кейін облыс кәсіпкерлерімен және ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен әңгімелесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң өзгерістерге тоқталды. – Оңтүстік Қазақстан облысында агроөнеркәсіп кешені үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Мемлекет ауыл шаруашылығын дамыту ісіне жан-жақты қолдау көрсетіп, қажетті қаражат бөлуде. Бес жылда өңірде 2,3 миллион тонна көкөніс өндірілді. Қазақстанда мұндай жоғары көрсеткіштері мен табиғи жағдайлары бар басқа өңір жоқ. Қазір біз Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен шекарамызды ашып жатырмыз. Осыған байланысты бізге өзімізді ғана емес, көрші елдерді де өніммен қамтамасыз ету қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы көлік инфрақұрылымын дамытудың қажеттігіне баса назар аударды. «Егер елде жақсы жолдар болмаса, сауда дамымайды, сәйкесінше экономика да өркендемейді. Сондықтан біз қазір елдің барлық өңірінде көлік желілерін салып жатырмыз, мыңдаған жұмыс орындары ашылуда. Әр өңірдің алдына нақты міндеттер қойылған, соны орындау жұмыстарын жалғастыру қажет», – деді президент. Өз кезегінде аграршылар Нұрсұлтан Назарбаевқа ауыл шаруашылығы саласындағы шағын және орта бизнес кәсіпорындарына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау үшін ризашылықтарын білдірді. Осы жерде айта кетейік, француздық «Rishel» компаниясының cоңғы үлгідегі жабдықтарымен жарақтандырылған жылыжай кешенін басқару ісі толығымен автоматтандырылған. Мұнда шамамен 200 жаңа жұмыс орны құрылған. Мемлекет басшысы осы сапары барысында «Мерейлі мақсатымыз – Мәңгілік Ел» деп аталған салтанатты іс-шараға қатысты. Барша қазақстандықтарды көктем мерекесі – Наурызбен құттықтаған Нұрсұлтан Назарбаев, мемлекеттің білім беру, денсаулық сақтау, жастар саясаты мәселелеріне айрықша көңіл бөліп отырғанына тоқталып, Қазақстан әлемдегі дағдарыс құбылыстарына қарамастан жүйелі дамуын жалғастырып келе жатқанын, бұған өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері айғақ екенін атап өтті. Елбасы бұдан кейін Шымкент қаласындағы ұлттық теннис орталығында болып, облыс спортшыларымен кездесті.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Елбасы халық саны жөнінен алдыңғы қатардағы өңірдің бірі саналатын Оңтүстік Қазақстан облысының дамуына мемлекеттің зор көңіл бөліп отырғанын атап өтті. – Біз Шымкенттің миллионнан асатын тұрғыны бар қалаға айналуы үшін қажетті күш-жігер жұмсап отырмыз. Қала өсіп, мұнда жаңа орталық салынуда. Өңірдің инфрақұрылымы жақсарып келеді. Облыс арқылы автомобиль жолдары мен теміржол магистральдері, газ құбырлары өтіп жатыр. Бұл жайт бизнестің өркендеуіне, жалпы бүкіл халықтың әл-ауқатының артуына септігін тигізеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы кешенін дамыту ісіне басымдық беруге назар аударды. «Облыстың көкөніс пен жеміс-жидек өндіретін нағыз «фабрикаға» айналуға барлық мүмкіндігі бар. Бұған айтарлықтай қаражат бөлініп жатыр, қазірдің өзінде оның нәтижесі көрінуде. Біз заманауи технологиялар енгізіліп жатқанын көріп отырмыз, нәтижесінде өндіріс көлемі ұлғаюда. Мәселен, бес жыл ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару мөлшері 2,5 есе өсті, соның арқасында өнімнің бір бөлігін облыс экспортқа жібере бастады. Бұдан бөлек, мал шаруашылығы қарқынды дамуда. Осы жұмыстың барлығы жалғасатын болады, – деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев биыл еліміз халық бірлігінің, өзара түсіністігі мен толеранттылығының нығаюына септігін тигізетін бірқатар маңызды тарихи оқиғаларды атап өтетіне тоқталып, облыс тұрғындарына бақ-береке және табыс тіледі. Мемлекет басшысының жұмыс сапары Жамбыл облысында жалғасты. Елбасы Тараз қаласындағы кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының жұмысымен танысты. Жеті бөлімшеден тұратын орталықта озық үлгідегі құрылғылармен жабдықталған жан сақтау бөлімі, ота жасайтын бөлмелер, жайлы палаталар бар. Орталық сондай-ақ елдегі көптеген медициналық оқу орындары үшін кардиохирургия, кардиоанестезиология және жан сақтау салалары бойынша мамандар даярлауға арналған клиникалық база қызметін атқарады. Мұнда облыс тұрғындары үшін 2013 жылдан бері тегін медициналық көмек көрсетіледі. Орталық мамандарының қызметіне бүгінде еліміздің өзге өңірлерімен қатар, Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтары да жүгінуде. Мемлекет басшысы «Тараз-Арена» спорт сарайында Қазақстан халқы ассамблеясы жылына арналған «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» атты республикалық шара аясында ұйымдастырылған «Қазақстан – береке мен бірліктің Отаны» форумына қатысты. Форумға қатысушыларға арнаған өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Жамбыл аймағы бүгінде 80-нен астам этнос өкілдерінің достығы мен татулығы мекеніне айналды. Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз қаласы еліміздің тарихи орталығы болып табылады. Облыстың және қаланың көрікті жерлері ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне еніп отыр. Күзде осы қасиетті жерде қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап өтеміз. Бұл біздің бірлігіміз бен игілігімізді паш ететін маңызды шара» дей келе,

қазақстандықтардың ортақ күш-жігерінің арқасында бейбітшілік пен тыныштық біздің еліміздің ХХІ ғасырдағы дамуының іргетасына айналғанын атап өтті. – Биылғы жылы мен Қазақстанның әрі қарайғы дамуына бағытталған бес халықтық реформаның жүзеге асуына жол аштым. Біз замануи мемлекеттік қызметті, әділетті сотты, жаңа индустрияны, бірыңғай болашақ ұлтын және мығым мемлекетті қалыптастырамыз. Мұның бәрін біз еліміздің азаматтары, еңбек адамдары үшін жасап жатырмыз, – деді Елбасы. Жамбыл облысы еліміздегі химия өнеркәсібі өркендеген, саладағы іргелі кәсіпорындар шоғырланған өңірлердің бірі болып табылады. Осы ретте Елбасы облыстағы химия өнеркәсібінің жаңа кәсіпорындарына қажетті өндірістік қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру мақсатында ашылған Тараз химия-технологиялық колледжінің студент-терімен және оқытушыларымен кездесті. Мемлекет басшысы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бесжылдығының ел экономикасын дамытуда тиімді болғанын атап өтіп, тек табиғи байлыққа арқа сүйеуге болмайтындығын, күндердің күні түгесілетін ол тұрақты дамуға кепілдік бермейтінін, сондықтан инновациялар мен жоғары технологияларды дамытуымыз қажеттігіне тоқталды. Осы орайда елімізде қолға алынған индустриялық бағдарламаларды кадрлармен қамтамасыз ету үшін 9 университет таңдалып алынды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің бар өңірінде орта арнаулы оқу орындары ашылып, колледждер жүйесі құрылуда. Яғни бүгінде әр өңірде ашылып жатқан иә жұмыс істейтін өнеркәсіп өндірістеріне қажетті түрлі жұмысшы мамандықтары үшін жоғары білікті мамандар даярлау ісі орнықты даму үстінде. Индустрияландыру бағдарламасын орындаудың алғашқы бес жылында 770-тей кәсіпорын салынды, тек осы жылдың өзінде 75 нысан іске қосылды. Егер білікті мамандар болмаса, бұл кәсіпорындар қалай жұмыс жасайды. Инновациялық технологияларды дамытуға арнайы көңіл бөлінетін болады. «Мұнда фосфорит кеніштері есебінен жұмыс істейтін Қазақстандағы бірден-бір қуатты химиялық кластер дамитын болады. Жамбыл облысында «Қазфосфат» дамып отыр. Ресейлік «Еурохим» компаниясын шақырдық. Шу ауданында химиялық парк дамытылатын болады. Экономиканың осы сегменті үшін бізге инженер-химиктер, білікті жұмысшылар қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Сондықтан бұл колледжді мемлекет сіздер арқылы химия саласының мамандарын даярлау үшін салды. Елге өндіруші, сондай-ақ өңдеу кәсіпорындарда жұмыс жасай алатын инженер-химиктер, білікті кадрлар қажет. Осындай колледжде мамандық алып, ертең-ақ жас адамдар Қазақстанның барлық түпкірінде жұмыс жасай алатын болады. Оқыңыздар, сіздерге үлкен табыстар тілеймін». Тараз химия-технологиялық колледжінде 12 мамандық бойынша кадрлар даярланады. Сондай-ақ мұнда химия өнеркәсібі саласында ашылып жатқан жаңа өндірістерге керек мамандарды қайта даярлықтан өткізу және

біліктілігін арттыру ісі жүзеге асырылады. Материалдық-техникалық жағынан заман талабына сай жарақтандырылған оқу орнында алты жүзге тарта адам оқып, білім алады. Күні ертең өмірдің бір кетігіне кірпіш болып қаланар жастарымыздың уақытпен үндес мамандықтарды игеріп, жан-жақты дамуы үшін мұнда барлық жағдай жасалған.