Кеше Астанада Парламент Мәжілісінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Қазақстан жолы: Бірлік. Патриотизм. Реформалар» тақырыбында халықаралық парламенттік конференция өтті.
Оған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов, Беларусь Республикасы Ұлттық Жиналысы Өкілдер палатасының Төрағасы Владимир Андрейченко, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Асылбек Жээнбеков, Қазақстан, Ресей, Ауғанстан, Тәжікстан, Түрікменстан парламентшілері, ҚХА, халықаралық ұйымдар өкілдері және бірқатар мемлекеттердің еліміздегі елшілері қатысты. Көпэтносты және көпконфессиялы қоғамымызды дамыту, халықаралық қауіпсіздікті және қазақстандықтардың бірлігін қамтамасыз ету бағытында еліміз бойынша атқарылып жатқан жұмыстар талқыланған бұл жиынды Қабиболла Жақыпов ашты. – Бұл форум Қазақстандағы мемлекеттік және қоғамдық өмірді айқындайтын тарихи оқиғалар: жуырда ғана өткен президенттік сайлау мен Елбасымыз жария еткен бес институттық реформа кезеңінде өтіп отыр. Сонымен бірге, үстіміздегі жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының құрылуына 550 жыл толуы, Конституцияның 20 жылдығы сынды айтулы шаралармен ерекшеленуде. Осы оқиғалардың барлығы – Қазақстанның маңызды белестері. Бүгінгі конференцияның тұрақтылық пен өркендеуге қол жеткізуде Қазақстан жолының негізгі құрамдас бөліктерін ұғыну тұрғысынан маңызы зор, – деді Қабиболла Жақыпов. Сондай-ақ, Мәжіліс Спикері қазіргі таңда «Қазақстан жолы» мен «Назарбаев моделі» ұғымдары берік орныққанын атап өтті. – Бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету – кез келген мемлекеттің болашағы үшін аса маңызды, барша адамзат өркениеті үшін өзекті. Сондықтан да, елімізді жедел жаңғырту жағдайындағы этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудің қазақстандық тәжірибесін халықаралық қоғамдастық жоғары бағалап отыр, – деді ол. Оның айтуынша, еліміздегі тұрақтылық «алдымен – экономика, сонан соң – саясат» қағидаты бойынша жүйелі экономикалық реформалар мен халықтың әл-ауқатын жақсартуды қамтамасыз ету есебінен жүзеге асуда. Қ.Жақыповтың сөзіне қарағанда, қазақстандық үлгіде дамудың ең басты факторы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көшбасшылығының әлемде мойындалуы. – Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап ел Президенті Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының абсолютті әрі берік негізі ретінде бейбітшілік пен келісім құндылықтарын қалап қана қойған жоқ, Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға, барлық этностар мен конфессиялардың құқығы мен бостандықтарын қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосып келеді. Нұрсұлтан Назарбаев – идеялары халықтың интеллектуалды қуатын ұлы істерге жұмылдыра алатын Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев – шын мәнінде халықтық Президент, – деді Қабиболла Жақыпов. Бұдан бөлек, Мәжіліс Төрағасы бүгінгі Қазақстан – ірі халықаралық ұйымдарда төрағалық ету тәжірибесі жеткілікті бейбітшілік сүйгіш мемлекет екенін, еліміздің Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен әлемдегі төртінші ядролық қару арсеналынан өз еркімен бас тартып, Семей ядролық сынақ алаңын өз еркімен жапқанын, сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей өзі ірі халықаралық бітімгерлік үдерістерге қатысқанын, посткеңестік кеңістікте, соның ішінде Таулы Қарабақта, Тәжікстан мен Қырғызстанда тұрақтылықтың сақталуы үшін, Украинадағы жағдай бойынша келіссөздер үдерісін жолға қою үшін көптеген әрі төтенше маңызды шаралар атқарғанын атап көрсетті. Бұған қоса, ол өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту, өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты жандандыру мақсатында Қазақстанда Ауғанстанға көмек жөніндегі Ыстамбұл конференциясы өткенін, Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің екі раунды жүргізілгенін, жақында ғана Сириядағы жағдайды реттеу бойынша келіссөздер ұйымдастырылғанын айта келіп: «БҰҰ бейбітшілікті қолдау жөніндегі халықаралық бітімгершілік миссиясына қомақты үлес қосып келеді. Бүгінгі Қазақстан – ЕҚЫҰ, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы секілді ірі халықаралық ұйымдарда төрағалық тәжірибесі бар, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру идеясын табысты жүзеге асырып келе жатқан бейбітшілік сүйгіш мемлекет. Қазақстан өз еркімен Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропалық одақ елдері, басқа да мемлекеттермен стратегиялық әріптестікті жүзеге асырып келе жатыр», – деді. Одан әрі Қабиболла Жақыпов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2013 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясы 2013-2022 жылдарды Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы ретінде жариялау туралы шешім қабылдағанын, адами өлшем тұрғысынан алғанда еліміз үшін толеранттылық қағидаттары мен кемсітпеушілік қағидаттары мейлінше маңызды болып табылатынын жеткізді. Сонымен қатар, Мәжіліс Спикері Елбасы ұсынған 5 институттық реформаның маңыздылығына назар аударды. – Елбасы айқындаған бұл реформалар мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, заңның үстемдігіне, экономикалық өсімді ынталандыруға, қазақстандық біртектілікті нығайтуға, сонымен бірге, мемлекеттің есептілігін арттыруға бағытталған. Реформаны жүзеге асыру үшін «100 нақты қадам» Ұлт жоспары да бекітілді. Жалпы алғанда, мұндағы әңгіме ең алдымен меритократия қағидаттары бойынша жоғары кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау туралы болып отыр. Екінші блокта, сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының тиімділігі мен ашықтығын арттыру жолымен заңның үстемдігін қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Сот жүйесін реформалау аясында инвестициялық дауларды шешудің ашықтығын қамти отырып, біз шетелдік инвесторлардың сенімділігін көтере түсеміз, – деді Қ.Жақыпов. Сөз кезегі өзіне тигенде Беларусь Парламенті төменгі палатасының Төрағасы Владимир Андрейченко Қазақстан-Беларусь қарым-қатынастары жоғары деңгейде дамып келе жатқанын сөз ете отырып, еліміздің аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлінің маңыздылығын, Шығыс пен Батыстың өркениетін жақындатудағы, Еуразия кеңістігін рухани және мәдени дәстүрлерін біріктіруге деген ұмтылысын, сондай-ақ, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының артықшылықтарын сөз етті. Ал Қырғызстан Парламентінің Төрағасы Асылбек Жээнбеков Қазақстан-Қырғызстан арасындағы ынтымақты қатынастың өміршеңдігін, екі елдің тығыз байланыста болуына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қосып келе жатқан үлесі зор екенін жеткізе келіп, «Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының жұмысы – бұл бірегей тәжірибе, ондай тәжірибе басқа мемлекеттер тарапынан зерттеуді қажет етеді. Соның ішінде Қырғызстанда да бұл тәжірибені зерттеу керек. Біз үшін ұлтаралық келісім мағынасыз мәселе емес», – деді. Қырғызстан Парламенті басшысының пайымдауынша, ҚХА жұмысына ел Президентінің өзі басшылық етіп, дәл осы саланы тікелей бақылауында ұстауы институт қызметінің маңыздылығын арттыра түседі. Бұдан кейін ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Астрид Турс, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, Ресей Думасының депутаты Сергей Вайнштейн, Ауғанстан Ислам Республикасы Волеси Жиргасы Әйелдер мен балалар мәселелері жөніндегі комиссиясы төрағасының орынбасары Шукрия Пайкан Ахмади, Тәжікстан Республикасы Маджилиси Оли Маджилиси намояндагонның депутаты Дамир Амрихудои, Түрікменстан Меджилисінің депутаты Реджепгелди Мередов және басқалар сөз сөйледі. Жалпы, жиында сөз алғандардың бірқатары Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесі –қазақстандықтардың бейбітшілікпен өмір сүруге, халықтың тарихын, мәдениетін және дәстүрін сақтай отырып, ортақ болашақты құруға деген құлшынысының көрінісі деп есептейтіндерін жеткізді. Ал тағы бірқатар спикерлер Ассамблея жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлауда жеңіске жетуімен, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын, бес институттық реформаны және «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыруды бастауымен тұспа-тұс келуінің терең символдық мәні бар екеніне назар аударды. Бұған қоса, конференцияға қатысушылар Қазақстанның Еуразиялық кеңістіктегі мемлекеттермен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге ниетті екендігін сөз етті. Сондай-ақ, жиында Қазақстан жүйелілікпен және сенімділікпен дамып келе жатқан, түрлі этностар, мәдениеттер, діндер тоғысқан жас әрі күшті, жаһандық үнқатысу мен ынтымақтастықты құруда сенімді әріптес ел ретінде атап өтілді. Басқосу барысында халықаралық парламенттік конференцияға қатысушылар Қазақстан халқын, Президент, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевты аталған ұйымның 20 жылдығымен құттықтап, елімізге даму мен өркендеу, кемел келешек тіледі.