$ 494.87  520.65  4.91

Инновациялық технологияларды дамытудың жаңа бағыттары нақтыланды

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ төраға­сы­ның орынбасары Өміржан Тәшімов баспасөз мәслихатын өткізді. Онда мемлекеттің инновацияны қолдау шаралары сөз болды.

Мемлекет басшысы халыққа бірінші кезекте индустриялы ел және инновациялық ұлт болып қалыптасу міндетін жүктегелі де төрт-бес жылдың жүзі өтті. Бұл мақсатқа жету үшін көптеген игі шаралар атқарылды. Арнайы агенттік құрылып, өнертапқыштарды жаңа өнер туындысын ойлап тауып, жасап шығаруға ынталандыру жұмыстары қолға алынды. Нәтижесінде, түрлі сала бойынша жаңа өнертапқыштар шығып, инновациялық еңбектерін ұсына бастады. Баспасөз мәслихатында осы бағытта атқарылған жұмыстар әңгіме өзегіне айналды.

Қазіргі таңда Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агент­тік елді индустрияландыру бағдар­ламасының екінші бесжыл­ды­ғы­ның аясында инновациялық даму ісін барынша күшейтуді көздеп отыр. «Бүгінгі күнде агенттік алдына екі мақсатты қойған. Оның бірі – Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша дәстүрлі өндіріс орындарында ескір­ген технологиялардың санын мүм­кіндігінше азайту. Бұл негі­зінен, металлургия, геоло­гия, ауыл шаруа­шылығы саласын­дағы кәсіп­орындардың бұйым­дарына қатысты. Екінші кезекте индус­трияландырудың екінші бесжыл­дығының аясында жаңа салаларды дамыту шарасы тұр. Қазіргі таңда автоматтандыру мен инжиниринг, сондай-ақ жұмыс техникасын жетілдіру және жаңарту істері жөніндегі тапсырмалар орындалып жатыр», деді төраға орынбасары.

Спикердің сөзіне қарағанда, саладағы грант бөлу және инноваторларды ынталандыру шаралары әбден пысықталып болған. Бұл істе оларға Инвестициялар және даму министрлігі мен «Бәй­терек» ұлттық басқарушы хол­дингі қолдау көрсетуде.. Осыған орай инновацияны дамытып, қол­данысқа енгізуге қатысты тиісті заңға өзгертулер енгізіліп, бірқатар тұстары жетілдірілген көрінеді. «Саланы дамытуға арнап жасалған бағдарлама бойынша гранттарды қаржыландыру ісі жақсарып, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға аударылатын ақша көлемі еселеп артты», деді Ө.Тәшімов.

Сонымен қатар, белгіленген стратегиялар мен жобаларды жүзеге асырудағы, қазақстандық мазмұнды арттыру жөнінен инвесторлармен жұмыстағы, “Жол картасы” және басқа да іс-шараларды жүзеге асырудағы белсенді, жүйелі және Үкіметтің әкімдіктермен, сол сияқты, бизнес-қауымдастықтармен бірлескен жұмысы арқылы Қазақстан алға қойған мақсаттарын орындап келеді. Мемлекет басшысы экономикалық және индустриялық саясаттың барлық мәселелері келесі интеграциялық саты – Еуразиялық экономикалық одақты құруға дайындық жағдайында экономиканың өсуіне ғана қолдау көрсетіп қоймай, сонымен бірге, оның құрылымдық қайта жаңғыруын да жеделдету қажеттігі жөнінде үкіметке тапсырма берген болатын. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы жолдауында: «Құрметті отандастар! Қазақстанның әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына кіру тұжырымдамасында алдағы жұмыстың ұзақмерзімді басымдықтары белгіленген. Біз мына басым бағыттар бойынша бірқатар мәселелерді шешуіміз керек.

Бірінші. Инновациялық индустрияландыру трендін түзеу және күшейте түсу маңызды. Мен Үкіметке 2016-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустрияландырудың Екінші бесжылдығы жобасы жөнінде бірқатар тапсырмалар бердім. Индустрияландыру басымдықтары санын шектеу керек», - дейді. Сонымен қатар, Жолдаудың соңғы жақтарында: «Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз! Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар – уақыт сынынан өткен Қазақстандық жол тәжірибесі» - дей отырып, «Төртіншіден, бұл индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім» - деп атап өтеді.

Жуық арада ғана ел Үкіметі Индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға есептелген мемлекеттік бағдарламасының жобасын мақұлдап еді. Мемлекет басшысы оны бекіткеннен кейін шаралардың тыңғылықты жоспары қабылданды. Бағдарламаның негізгі бағыттары жайында ОҚК баспасөз мәслихатында премьер-министрдің орынбасары – индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев баяндады. Оның атап өтуінше, екінші бесжылдықтың бағдарламасын осы жылы аяқталғалы тұрған бағдарламаның жалғасы деп білу керек. Ол Елбасы тапсырмасы бойынша дамыған отыз елдің қатарына кіруді діттейді. Әсет Исекешев алдағы бесжылдықта басымдық берілген салалардың саны аз болатынын хабарлады. Атап айтқанда, олар: мұнай өңдеу мен химия саласы, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін шығару, машина жасау, құрылыс заттары мен металлургия салалары. Бұл бағдарламада кластерлерді дамыту қарастырылған әрі инновациялық және технологиялық жаңғыртуға баса көңіл бөлінген. Салалық бағдарламалар алынып тасталған бесжылдық межеде кластерлік тәсілдемеге бизнестің белсенді қатысуы мен жекеменшік инвестициялардың жүйелі түрде тартылуына барынша мән беріледі. Әсет Исекешев екінші бесжылдық төрт бағыт бойынша дамытылатынын атап өтті. Біріншісі, макроэкономикалық тұрақтылықты және қаржылық базаның өсімін қамтамасыз етуі тиісті шикізаттық сектор. Екіншісі, өсім сапасын қамтамасыз ететін өңдеу өнеркәсібі. Үшіншісі, болашақта бәсекелестікті қамтамасыз ететін инновациялық сектор. Төртіншісі, адамдарды жұмыспен қамтитын сектор. «Осы бесжылдықта бизнестің барынша белсенді қатысуын атап өтуге болады. Атап айтқанда, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бағдарламаны әзірлеуге де, оны жүзеге асыруға да атсалысады», - деді Әсет Исекешев.

Министрдің мәліметінше, индустрияландырудың екінші бесжылдығында мемлекет пен бизнес арасындағы жауапкершілікті барынша шектеуді енгізу ұсынылады. Яғни, мемлекет республикалық картаға мемлекет тарапынан жол салу, субсидия беру сынды қандай да бір міндеттемелерді өзіне алатын жобаларды ғана қосатын болады. Мұндай инвесторлармен инвестициялық келісімшарт жасалады және мемлекет өз рөлі үшін жауапкершілік алады. Ал бизнес өз өнімінің, жобасының сапасына жауап береді. Бұл тұрғыда Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен арада уағдаластық та бар. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі басшысының сөзіне қарағанда, шаралар жоспарына қатысты Үкіметтің нақты тапсырмаларының қатарында еліміздің машина жасау саласы көлік өндірісінің көлемін жылына 37-дн 190 мың автомобильге дейін және экспортты 30 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр. Оның айтуынша, әрбір саланың өзіндік маңызды ерекше міндеттері мен проблемалары бар. Дегенмен, әрбір салаға техникалық реттеуден бастап кадрларды дайындау сынды қолдауларды қоса алғанда, Үкімет тарапынан қаржылай демеушілік болады. Бұдан бөлек, Үкімет заңдар және басқа да көтермелеу шаралары арқылы қолдау көрсетіледі. Мемлекеттік көмектің шамамен 80 пайызы басымдықты салаларды дамытатын кәсіпорындарға беріледі. Ал басымдықты бағдарлама қатарына кірмеген кез келген кәсіпорын өнімділіктің жоғары деңгейі, экспортқа бағдарлығы және толықтай алғанда жоба тиімділігі жағдайы бойынша қолдауға ие бола алады. Негізгі қаржы операторы ретінде берілген «Бәйтерек» холдингінің нақтылауы бойынша екінші бесжылдықты жүзеге асырудың қаржылық көлемі 6,6 трлн теңгені құрайды.

Индустрияландыру мен инновацияларды дамытудың негізгі тетігі саясат пен бизнестің байланысуында жатқаны белгілі. Қазақстан сыртқы займдар рыногындағы ахуалға сындарлы баға бере отырып, Қазақстанның толыққанды индустриялды-инновациялық мемлекетке айналуы үшін инвестициялар тартуға, бүтіндей алғанда елде ғана емес, сонымен бірге өңірлер бойынша да үздік инвестициялық ахуал туғызуға қалыптасқан жүйелі жұмыстардың ғана көмегін тигізе алатынын көп сарапшылар ескертеді. Инвестициялық «омбудсмен» түрінде қызмет істейтін шетел инвестициялары жөніндегі комиссия құру мәселесі Үкімет деңгейінде қаралуда. Оның басты міндеті – мемлекеттік қызметшілердің өз жұмыстарына деген көзқарастарын түбірінен өзгерту. Яғни, істеген ісіне инновациялық тұрғыдан қарау. Мемлекеттік қызметшінің инвесторға қатысты «тәртіп сақшысы» емес екенін түсінудің маңызы зор. Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің де қызметтерінің белсенділіктерін арттыра түсу қажет. Бұл орайда үкіметаралық комиссияның әр мүшесі – елші, министр, әкім, ұлттық холдингтер мен компаниялар басшылары үшін шетел инвестицияларын тартудың мақсатты көрсеткіштерін анықтау ұсынылады. Басқаша айтқанда, мұның өзі жыл ішінде ол салаға немесе өңірге нақтылы қанша инвестиция тартуы тиіс екендігі жөніндегі өзіндік бір жоспар іспетті болмақ. Сондай-ақ әрбір әкімдікте Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен үйлесімді түрде шетел инвесторларымен жұмыс жөніндегі өңірлік офис қызметін атқаратын құрылымдық бөлімшелер де болуы керек. 

Соңғы жылдары шағын және орта бизнеске салықтық ауыртпалықтар дәйекті түрде төмендетілуде, әкімшілік кедергілер қысқартылуда. Бірақ біз Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына байланысты біздің еліміз бен жекелеген өңірлер арасында саламатты бәсекелестіктің күшейе түсетінін де түсінуге тиіспіз. Ол дегеніңіз, біздің іскерлік ахуалдың тартымдылығын әрбір критерийлер бойынша тексеріп, неғұрлым оперативті, икемді, бейтарап, тіпті креативті болуымыз керектігін білдіреді.

Өкінішке қарай, инновациялық дамудың мемлекеттік органдардың, әкімдердің, мемлекеттік компаниялар басшыларының бәріне бірдей күнделікті қызметтегі шынайы басымдыққа айнала алмағанын мойындауымыз қажет. Біздің пайымдауымызша, ахуалға тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отыруы тиіс.

Инновациялық саясатты жүзеге асыруға қатысты «Орталық – сала – өңір» үлгісі бойынша бақылаудың жалпылай қамтитын жүйесін құру керек. Өңір басшылары жоғары технологиялы инновациялық өндірістерді өз қорғауларына алып, оларға барынша қолайлы режимдер туғызуы керек. Әрбір жаңашыл, өнертапқыш биліктің ерекше ықыласына бөленуі тиіс. Оның сыртында әр өңірде, әр салада және әрбір басым бағыттар бойынша инновациялар орталықтарын құру мүмкіндіктерін зерттеуге кірісу керек. Бүкіл әдістемелік қолдауды, үдерістерді үйлестіруді, институттық көмекті біздің министрлік ұсынатын болады. Өз кезегінде әрбір мемлекеттік орган мен ұлттық компанияда инновация мәселелері үшін жауап беретін басшының бірінші орынбасарын белгілеу қажет. 

ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы аясында машина жасау саласы ең жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Нақты айтар болсақ, «Бәйтерек» холдингі Қазақстанның автокөлік өндірісіне қолдау көрсетуі нәтижесінде елімізде автокөлік өндірісі 4 жылда 10 есеге артқан.

Сарапшылар бұл көрсеткішті  үлкен жетістік деп бағалауда. Осы бағытта еліміз жоспар аясында жүріп келеді. Қазіргі кезде елімізде көліктің екі моделі дәнекерлеу мен сырлау жұмыстарын қамти отырып шығарылады. Жыл сайын бұл көрсеткіш арта береді. 2018 жылға қарай экспортқа баратын модельдер елу пайыз локализациямен қамтылуы тиіс.

ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Раудың сөзіне қарағанда,  Қазақстандағы автомобиль өндірісінде 20 млн. доллардан асатын инвестициялық жобаларға мемлекеттік қолдаудың жаңа түрі енгізіледі. Бүгінде аталған салада жүзден астам мемқолдау құралдары бар. «Жаңа құрал - біз енді дамытуды қолға алған субсидиялау құралы. Мұндағы әңгіме 20 млн. доллардан асатын жобалар туралы болып отыр. Яғни егер инвестор 20 млн.-нан астам долларын өндіріске салса, ол өндіріс белгілі бір межеге шыққан соң, салынған қаражаттың 30 пайызын мемлекет төлеп береді», - деп атап өтті А. Рау.

ҮИИД мемлекеттік бағдарламасының бірінші бесжылдық қорытындысы бойынша машина жасау саласы ең жақсы нәтижелер көрсетті. Осы бесжылдық аясында машина жасау саласындағы 70-тен астам жоба 1 миллиардтан астам еуроға инвестицияланды.

Сондай-ақ, еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз етудің маңызды құралдарының бірі «Жасыл экономика».

«Жасыл экономикаға» көшу Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіру жөнінде қойылған мақсатқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

Ел алдында тұрған «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі негізгі басым міндеттер:

1) ресурстарды (су, жер, биологиялық және басқа) пайдалану мен оларды басқару тиімділігін көтеру;

2) қолда бар инфрақұрылымды жаңғыртып, жаңаларын салу;

3) қоршаған ортаға қысымды жұмсартудың рентабельдік жолы арқылы халықтың әл-ауқаты мен қоршаған ортаның сапасын көтеру;

4) ұлттық қауіпсіздікті, соның ішінде су қауіпсіздігін көтеру болып табылады.

«Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру кезеңдері:

Экономиканың ресурстық секторларында активтерді жаңарту циклі біршама уақыт алады, ал экономикасы табиғи пайдалы қазбаларды өндіруге бағдарланған елдерде таза экономикаға көшуге ондаған жылдар жұмсалады.

Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан да одан тыс қалмайды.Осыған байланысты «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру үш кезеңмен жүзеге асырылады:

2013-2020 – осы кезеңде мемлекеттің негізгі басымдығы ресурстарды пайдалануды оңтайландыру және табиғат қорғау қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ «жасыл» инфрақұрылымды құру болады;

2020-2030 – қалыптасқан «жасыл» инфрақұрылым базасында суды ұқыпты пайдалануға, жаңартылатын энергетика технологияларын дамытуды көтермелеп, ынталандыруға және оны кеңінен пайдалануға, сондай-ақ құрылыстарды энергия тиімділігінің жоғары стандарттарының базасында салуға бағдарланған ұлттық экономиканы жаңарту басталады;

2030-2050 – ұлттық экономиканың табиғи ресурстарды олардың жаңартылуы мен орнықтылығы қағидаттарында пайдалануды талап ететін «үшінші өнеркәсіптік төңкеріс» деп аталатын қағидаттарға көшуі.

«Жасыл экономикаға» көшуді іске асыру мәселелері «жасыл экономикаға» көшу мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен реттелетін болады.

Секторлар бойынша Тұжырымдаманың нақты міндеттерін іске асырудың құралдары, кейіннен түзетіліп, ауа сапасын жақсарту, өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқару, құрғақшылыққа, жердің бүлінуіне қарсы күрес және топырақтың құнарлылығын көтеру, балық шаруашылығын, аквадақылдарды дамыту мен балық ресурстарын молықтыру сияқты мәселелерге жаңадан назар аударылатын «Агробизнес – 2020» Қазақстан Республикасында агорөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013 – 2020 жылдарға арналған бағдарлама, Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, аумақтарды дамыту бағдарламасы, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары, 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» салалық бағдарламасы мен басқа да салалық бағдарламалар сияқты, Тұжырымдаманың негізгі бағыттарын енгізу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу ескерілетін, қолданыстағы бағдарламалық құжаттар болып табылады.

Сонымен қатар Су ресурстарын басқару жөніндегі 2014-2040 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама әзірлеу жоспарланып отыр.

Есептеу бойынша 2050 жылға қарай «жасыл экономика» шеңберіндегі жаңартулар ЖІӨ-ні 3 пайызға қосымша ұлғайтып, 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға, өнеркәсіп пен қызмет көрсетулердің жаңа салаларын қалыптастыруға, халық үшін сапалы өмір сүру стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жасыл экономика – экономикалық ғылымда соңғы екі онжылдықта қалыптасқан бағыт болып табылады және де ол экономиканы табиғи ортаның тәуелді бір бөлігі ретінде сипаттайды. Жасыл экономика тұжырымдамасы өзіне экономикалық ғылым мен философияның басқа да идеяларын біріктіреді, мысалы экологиялық экономика, қоршаған орта экономикасы, антиглобалистика, халықаралық қатынастар теориясы, постмодернизм және т.б.  Алайда қазірге дейін жасыл экономиканың бірыңғай анықтамасы жасалмаған және де біз жасыл экономикаға мынадай анықтамалар беруге талпыныс жасадық:

UNEP анықтамасы бойынша ЖЭ – бұл жердің табиғи капиталын құратын және арттыратын немесе экологиялық қауіптер мен тәуекелдерді азайтатын салалар ;

БҰҰ анықтамасы бойынша ЖЭ – бұл экономикалық тәуекелдер мен табиғи ресурстар тапшылығын қысқартатын және халықтың тұрмыстық игілігін жақсартып, әлеуметтік теңдікке алып келетін экономика;

ЖЭ – бұл адам өмірінің ұдайы өндірісіне қажетті табиғи негізді бұзбайтын, биосфераның шаруашылық сыйымдылығы шеңберінде дамитын экономика .

Сонымен бірге жасыл экономика халықтың жоғары тұрмыс деңгейі мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланумен сипатталатын экономика болып табылады. Бұл экономикалық модель 21 ғасырдағы елдердің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды құралдардың бірі ретінде танылып отыр.

«Жасыл» экономиканың принциптері мен аксиомалары. «Жасыл» экономиканың негізгі үш аксиомасы бар, атап айтатын болсақ:

- шектеулі кеңістікте ықпал ету аясын шексіз кеңейту мүмкін емес;

- шектеулі ресурстар жағдайында шексіз өсіп отырған қажеттіліктерді қанағат тандыру мүмкін емес;

- жер бетіндегі барлық нәрсе өзара байланысты .

Жасыл экономиканың артықшылықтары мыналар деп атай аламыз:

бүкіл әлемде күн батареяларын қолдану мүмкіндіктері;

газбен жұмыс жасайтын жолаушылар тасымалын ұйымдастырушы көліктерді енгізу;

қайта өңдейтін зауыттар салуды арттыру;

климаттың өзгеруі жағдайында қолданылатын асфальтбетондық технологияларды қолдану;

қоршаған ортаға зиянсыз эко жеңіл көліктерді пайдалану мүмкіндігі;

кәріз қалдықтарын қайта пайдалану қажеттілігі және т.б.

 «Жасыл» экономиканың қағидалары:

әділеттілік қағидасы  (теңдік);

адамгершілікті құрметтеу қағидасаы (барлығы үшін өркендеу);

сақтық қағидасы  (ғаламшарға шекті жүктемені есепке алу);

қатысу қағидасы (шешімдерді қабылдауда кеңінен қатысу);

басқару қағидасы (есепке бағыныштылық);

тұрақтылық қағидасы (экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тұрақтылыққа қол жеткізу);

тиімділік қағидасы (тұрақты өндіріс пен тұтыну).

«Жасыл» экономиканың сегменттері ретінде бола алады:

энергияларды тудыру, іздестіру (мысалы күн, жел, гидро немесе теңіз, биоотын және т.б.);

энергияны сақтау (отындық элементтер, батареяларды жақсарту);

энергетикалық  инфрақұрылым (басқару және өткізу);

энергетикалық тиімділік (ғимаратты жарықтандыру, шыны және т.б.);

тасымалдау (көлік құралдары, логистика, құрылым, отын);

су және ағынды сулар (суды тазарту, ағынды суды тазарту, суды қорғау);

ауа және қоршаған орта (тазарту, қауіпсіздік, ауаға шығарылуды бақылау, мониторинг);

материалдар (нано, химия, био және т.б.);

өндіріс/өнеркәсіп (жетілдірілген орау және қаптау, ақылды өндіріс);

ауыл шаруашылығы (табиғи пестицидтер мен тыңайтқыштар, аква дақылдар, жер ресурстарын басқару);

рециклинг & жолдары (қалдықтарды басқару). Рециклинг – бұл өнеркәсіптік өндіріске өнеркәсіп, құрылыс және тұрмыстық қалдықтардағы көптеген материалдарды қайтадан қайтара қолдану.

Қазақстанда «жасыл экономика» бағдарламасы бойынша жұмыстар үш негізгі кезеңде жүргізіледі:

Бірінші кезеңде 2013-2020 жылдары  - мемлекеттің негізгі басымдығы ресурстарды тиімді пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау қызметінің тиімділігін арттыру, сол сияқты «жасыл» инфрақұрылым құру болады.

Екінші кезең барысында 2020-2030 жылдары қалыптасқан «жасыл» инфрақұрылым негізінде суды үнемдеп пайдалану, қалпына келетін энергетиканы дамытуды ынталандыру мен кеңінен енгізуді қолдау, энергетикалық тиімділіктің жоғары стандарттары негізінде құрылыс жүргізуге бағытталған ұлттық экономиканы бетбұрыстандыру жүргізіледі. 

Үшінші кезеңде 2030-2050 жылдары ұлттық экономиканы «үшінші өнеркәсіптік төңкеріс» қағидасына көшіру қарастырылған. Ол табиғи   ресурстарды олардың жаңартылу мен тұрақтылық негізінде қолданылуын пайымдайды.  Тұжырымдама бойынша «жасыл экономикаға» көшу шаралары мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады: су ресурстарын тұрықты пайдалану, тұрақты және жоғары өнімді ауыл шаруашылығын дамыту, энергияны үнемдеу мен энергетикалық тиімділікті арттыру, қалдықтарды басқару жүйесі, ауаны ластауды азайту, экожүйелерді тиімді басқару.

«Жасыл» экономика кедей елдердің дамуына және бай елдердегі кедейлердің қысқаруына ықпал етеді. Халықаралық сарапшылардың  пікірінше мемлекет «жасыл» экономикаға көшуде мынадай міндеттерді шешуі тиіс:

экологиялық салықтарды енгізу;

«қоңыр» өнеркәсіп үшін мемлекеттік субсидияларды азайтып, экологиялық талаптарды күшейту; «Қоңыр» өнеркәсіп қазіргі күнгі дәстүрлі яғни ресурстарды ысыраппен пайдалануды, өндірісте көміртектің көп пайдаланылуын білдіреді.

«жасыл» өнеркәсіпке мемлекеттік инвестициялар жасау;

жаңа «жасыл» технологияларды трансферттеу мен енгізу.

«Жасыл» экономикаға өткен елдерден мысал келтіретін болсақ:

Оңтүстік Корея  «жасыл өсімді» ұлттық стратегия ретінде қабылдаған алғашқы ел болып отыр. Бұл стратегия шеңберінде негізінен үш элементке баса назар аударылады, олар өнеркәсіп, энергетика және инвестиция. Энергетикалық және басқа да ресурстарды минималды пайдалана отырып, өндірістік экономикалық қызмет ауқымын сақтау, қоршаған ортаға қысым жасауды минимумға жеткізу, инвестицяны табиғатты қорғау және экономикалық өсудің қозғаушы күшіне айналдыру мақсаттары қарастырылған.

Швеция 2020 жылға қарай мұнай, көмір және газдан бас тартып, қалпына келуші ресурстар энергиясына көшуді жоспарлап отыр.

Бразилия көліктің 80% қант қамыстарынан жасалған биоотынға  көшіруді жоспарлауда. Тайвань күн батареяларын белсенді пайдаланып отыр. Жапония «Төмен көміртекті қоғам бағдарламасын» қабылдап, көмітектің шығарылымының төменгі деңгейін белгілеген.

БҰҰ сарапшылары Қазақстанда «жасыл» экономиканы енгізу үшін бес маңызды секторды атап көрсетеді:

- энергия (электр энергиясы, жылу, мұнай және газ) – Мұнайгаз секторы Қазақстанның маңызды саласы болып қалып отыр. Ол ЖҰӨ 30%  мен экспорттың 60%  құрайды. Қазақстан «жасыл» экономикаға көшу үшін мұнайгаз секторына бірыңғай сенім артудан біртіндеп арылуы тиіс;

- Су – Қазақстан 2015 жылға қарай су тұтыну көлемін қысқартуды басыңқы бағыттардың бірі ретінде қарастырып отыр. Сонымен бірге таза ауыз су тапшылығын елдегі халықтың  20% сезініп отыр, кейде су сапасын нормативтік талаптарға сай келмейді. Сумен қамсыздандыру ЖҰӨ 2% ғана құрайды;

- Қалдықтар. Қалдықтарды қайтара өңдеу  бар болғаны 20%. Үкімет 2020 жылға қарай қалдықтарды утилизациялауды 70% жеткізуді жоспарлап отыр. Қазіргі күні Қазақстан қауіпті қалдықтарды жинақтаудан Шығыс Еуропа мен ТМД елдерінің  арасында екінші орында болып табылады.

- Ауыл шаруашылығы, балық аулау және орман шаруашылығы. Аталған сектор көшет газдарының шығарылымының 10%  құрайды. Ауыл шаруашылығы ұлттық ЖҰӨ 5% мен экспорттың 2% құрайды. Қазақстан үшін бидай өсіру мен оны эксорттау ісі басыңқы болып қала береді, себебі біздің еліміз бидай экспорттаушы әлемдік бестікке енеді.

- Көлік. Қазақстандағы тасымалдаудың басым бөлігі дизель/бензинге тиісті. Ол ең алдымен ауаны ластауға әсерін тигізеді. Тасымалдау секторы Қазақстанның ЖҰӨ 8% береді, сондықтан да елдің көлік әлеуетін арттыру маңызды болып табылады.

«Жасыл» экономиканың дағдарысқа қарсы әлеуеті тұрғысынан ол жұмыспен қамтуды арттыру мен жұмыссыздықты азайтуға, шаруашылықтың басқа салаларында белсенділікті ынталандырып, рецессиядан тездетіп шығуға ықпал етеді. Мысалы, АҚШ-та дағдарысқа  қарсы шаралар кешенінде жасыл секторға 12%, Германия мен Жапонияда 13%, Францияда 21%, Қытайда 38%, Оңтүстік Кореяда 80% тиесілі болды.

«Слоу Фуд». 1986 жылы Италияда пайда болып, кеңінен тараған қозғалыс. Ол американдық фаст-фудқа қарсы бағытталған шара яғни фаст-фуд тағамдары көбіне ағзаға пайдасыз, зиянды заттардан құралса, слоу фуд табиғи өнімдерден, дәстүрлі тағам мен ұлттық тағамдардан тұрады.

Осылайша, «жасыл» экономика ұлттық экономиканың баюымен қатар, ЖҰӨ өсу қарқынын жылдамдатады. Ол кедейшілікті жою мен экологиялық ресурстарды сақтау арасындағы байланысты орнатады. Экологиялық экономика жаңа жұмыс  орындарының құрылуына ықпал етеді. Мұндай қоғамда  жаппай өндіру болмайды және табиғи ресурстарды пайдалану қысқарады. Табиғи ресурстардың орнына «Жасыл Нано» технологиясы қолданылады.

Мемлекетіміздің алтын капиталы саналатын адам денсаулығын жақсарту, әсіресе жас ұрпақтың тәнінде ақау, жанында кірбің болдырмау мәселесі ел болғалы бері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айтып келе жатқан табанды тапсырмасы екендігін атап өткімізі келеді. 

Бұл туралы Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясында: «Біз экологиялыққа баса назар аудара отырып, ұлттық бәсекеге қабілетті брендтер құруға тиіспіз. Нәтижесінде мен агроөнеркәсіптік кешеннің алдына – экологиялық таза өндіріс саласындағы жаһандық ойыншы болу міндетін қоямын», деді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары