Түріктің «Фимакс» компаниясы Қазақстанмен бизнес саласындағы ынтымақтастық жұмысын Қостанай облысынан бастауды жөн көріпті.
Түркия делегациясын «Фимакс» компаниясының басқарма мүшесі Ихсан Юмлу бастап келді. Делегация өңір басшысы Нұралы Сәдуақасовпен кездесті. Негізі бұл кездесуге бастамашы Қостанай облысының басшылығы болған еді. Облыс экономикасы қаржысы да, озық технологиясы да мол инвесторды қажет етеді. Ал инвесторға Қазақстандағы қолайлы аймақтың бірі де Қостанай саналады. Менделеев таблицасы элементтерінің барлығын да қасиетті даладан табасыз. Облыс өндірісін түрік инвесторларына таныстырған облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюк соңғы 5 жылда экономикаға инвестициялық қаржы құюдың арқасында осы салада өндірілген өнімнің жартысы өңдеу кәсіпорындарына тиесілі болып отырғанын жеткізді. Ал ауыл шаруашылығында да Қостанай еліміздегі ту ұстаушының бірі. Астық пен ұнның төрттен бірін осы аймақтың диқандары өндіреді. Ұн тартудан республикада Қостанайдың алдына түскен өңір жоқ. Ұнның сапасы да сыртқы, ішкі тұтынушылар тарапынан жоғары бағасын алған. 5 миллион гектар жерге егін егіледі, соның 4 миллион 700 мың гектарына дәнді дақылдар себіледі. Жылына 4,5-5 миллион тоннадай астық жиналады.
Дегенмен, өндірісті де, ауыл шаруашылығын да өрге бастыру үшін инновациялық жобаларды жүзеге асыру керек. Онсыз қанша шикізатқа бай болсақ та, дүниежүзі нарығындағы бәсекеде шаң қауып қалуымыз мүмкін. Озық технологияға тәуелді инновациялық жобалар қаржысыз жылжуы мүмкін емес. Қаржы да, озық технология да инвестордың қолында. Сондықтан Қостанай облысының бір таңдауы түріктің нарықта 40 жылдан бері келе жатқан «Фимакс» фирмасына түскен болатын. Егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы үшін бірдей қолайлы техникалар шығаратын бұл компанияның тауарлары әлемнің 85 еліне экспортталады. Компанияның экспорттайтын ауылшаруашылық техникаларының көлемі 600 миллион АҚШ долларын құрайды. Түрік кәсіпкерлері, ең алдымен, өзінің тауарын өткізуді алдыңғы орынға қоятынын айтты. Бірақ «Фимакс» компаниясы тек техника шығарумен ғана айналыспайды, нарықты терең зерттейтін олар қызметін жан-жақты дамытып отыр. Ихсан Юмлу мырза мұны «Әйелім маған сен қандай тамаққа салса да дәмін кіргізе беретін әскөк секілдісің дейді», деген әзілімен жеткізді. Айтса айтқандай, компания құс және мал шаруашылығында ет, сүт бағытындағы тауарлық өндіріс кешенін жасауды, жаңғыртуды ұсынды. Олар құс, мал өнімдерін өңдеу мен өткізу сатыларының да осы кешенге кіретінін айтты. Осы орайда Түркиядағы ірі құс фабрикасының иесі Реха Челиклер өз тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін айтты. Түркия құс шаруашылығын дамыту жөнінен Еуропада үшінші орынды иеленсе, ал дүниежүзінде озық ондықтан орын алады. Мұндай озық тәжірибесі бар инвесторға Қостанайдың құс шаруашылығы зәру десек артық емес. Облыста бірнеше құс фабрикалары болғанымен әлі арбаның жүрісі мандыған жоқ. Кеңес одағынан бері келе жатқан «Комсомол құс фабрикасы» кәсіпорнының қайырлап тұрғанына біраз жыл болды. Түріктер еңбек өнімділігін арттыру, адам ресурстарын дамыту, озық маркетинг пен өнімді тиімді сату және кең мағынадағы логистиканы жақсарту мақсатында заманауи менеджмент бойынша көмектесуге дайын екендігін де жеткізді.
Түрік ағайындар Қостанай облысының бизнес жүргізуге қолайлы-қолайсыздығын білгісі келді. Олар Еуропаға қарағанда Қазақстанда газ бен электр энергиясы арзан деп есептейді. Негізі инвестиция салуға осы тұрғыдан келетіндігін де жасырмады.
– Газ бен электр энергиясы сіздерге арзан көрінеді. Ал республика ішіндегі өлшеммен алғанда тым сіздер ойлағандай емес болуы да мүмкін. Республика бойынша ең қымбат газ бен электр энергиясы Қостанай облысында. Облыс еліміздің солтүстік өңірінде орналасқан, мұнда қыс 214 күнге созылады. Мұны да қаперге алыңыздар. Меморандумға қол қою басты мақсат емес, әңгіме сіздермен ынтымақты жұмысымыздың жүруінде, – деді облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов.
Түркия делегациясы облыста 5 күн болып, құс шаруашылығымен айналысатын «Жас Канат» және жұмысы тоқтап тұрған «Комсомол құс фабрикасы» кәсіпорындарын, «Агромаш Холдинг» зауытын, тағы бірқатар ауылшаруашылық кәсіпорындарын, сүт фермаларын, сүт зауыттарын аралап көргеннен кейін журналистер үшін баспасөз мәслихатын өткізді. Онда бизнес және облыстың инвестициялық әлеуеті туралы әсерлерімен бөлісті.
– Қазақстан – өте бай ел. Әрқайсысында кемінде 10 мың гектар жері бар бизнесмендермен кездестік. Түркияда он мың гектар жері бар бірде-бір бизнесмен жоқ. Сіздердің экономикалық көтерілулеріңізге барлық жағдай бар. Қостанай біздің инвестиция құюға деген ықыласымызды оятты, – деді «Фимакс» компаниясының басқарма мүшесі Ихсан Юмлу.
Түрік кәсіпкерлері Қостанайдағы құс фабрикаларының жұмысы жаман еместігін, бірақ әлде де жетілдіре түсетін тұстары бар екендігін айтты. Сонымен қатар, өздері аралаған кәсіпорындарда менеждмент тұрғысында проблемалардың бар екендігін де тілге тиек етті. Мысалы, он мыңдаған гектар жерлері бар, мыңдаған малы бар ірі шаруашылықтардың тиімсіз екендігін жасырмады. Ихсан Юмлудың айтуынша, Түркияда басқаруға да, кәсіби бағытын өзгертуге де жеңіл орта және шағын шаруашылықтар үстем екен. Қазір дүниежүзілік дағдарысқа Түркия экономикасының төтеп беруіне орта және шағын шаруашылықтар қазық болып тұрса керек.
Шілдеде «Фимакс» компаниясы Қостанайға өз техникаларының көрмесін әкеледі. Одан кейін қостанайлық кәсіпкерлер Түркияға барып, озық технологиямен және бизнеспен танысады. Меморандум да, инвестиция құю да содан кейін шешілетін болады.
Мемлекеттің технологиялық мүмкіндігі мен бюджеттік қаражаттардың шектеулігі, әлемдік тікелей инвестиция нарығындағы бәсекелестіктің күшеюі кезінде мемлекеттік инвестициялық саясатты дұрыс таңдау басымдығы қашанда арта түседі. Өйткені мемлекеттік саясаттың тұрақтылығы, болжам жасай алуы және сабақтастық инвестициялық жобаларды дайындау мен жүзеге асыруға қажетті жағдай туғызады.
Соның бір көрінісі Қазақстандағы отандық және шетелдік кәсіпкерлерге қолайлы ортаның жасалып отырғандығы деуге болады. Инвестиция саласындағы мемлекеттік саясаттың қолданыстағы тетігі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі және соған ұқсас Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы кәсіпкерлер кеңесі болып табылады. Бұл аталған Кеңестер бюрократиялық кедергілерді жою, саясатқа импортты алмастыруға ықпал ету, жұмыс қолын тарту мен пайдалану саласында құқықтық базаны жетілдіру, мамандандырылған экономикалық соттарды қолдану аясын кеңейту мен сот жүйесін жетілдіре түсу бағыттарын қарастырады. Сонау 1991 жылы Қазақстан нарықтық қайта құруды жүзеге асыра бастады. Алайда, сол кезде жұмыс істеген бірыңғай, ақша жүйесі тұрақсыз болды.
Жас мемлекеттер бірінен соң бірі өздерінің ұлттық валюталарын немесе уақытша, ақша белгілерін енгізе бастады. 1992 жылы рубль аймағында Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Тәжікстан елдері ғана қалды. Республикаға кеңестік рубльдің бақылаусыз көптеп келуі инфляцияның шарықтап өсуіне әкеліп соқты. Қазақстан өз валютасын енгізуге мәжбүр болды. Өйткені, рубль аймағында тұрып, Қазақстан Ресейдің қаржы институттарына бағынышты күй кешті, дербес монетарлық, экономикалық саясатты жүргізе алмады. Үкімет сыртқы қарыздардан гөрі тікелей инвестицияларға басымдық берді. Мәселен, 1993 жыл мен 2002 жылдар аралығында Қазақстан Республикасына түскен шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 17,7 млрд. АҚШ долларын құрады. Сөйтіп негізгі капиталдағы инвестиция өсімі 26,4 пайызға жеткен. Айта кету керек, Қазақстан әлем экономикасы қиыншылықтарға тап болған жылдары жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Экономикалық қайта құрулар мен халықтың жан басына шаққандағы инвестиция көлемі Орталық және Шығыс Еуропа және ТМД мемлекеттері арасында Қазақстан көшбасшы елдердің үштігіне қосылды. Сөйтіп одан кейінгі жылдары нарық капиталындағы жағдайдың өзгерісі елімізге одан әрі шетелдік инвестицияның құйылуына жол ашты. Осы жылдары шетелдік тікелей инвестицияның оң көрсеткіші 2760 млн. АҚШ долларын құрады, бұл алдыңғы жылдарға қарағанда, жоғары көрсеткіш екенін байқау қиын емес. Соның ішінде жалпы республикалық инвестицияның тең жарымы шикі мұнай мен газды өндіретін кәсіпорындар үлесіне тиесілі-де, ал аймақтарда Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарына біршама үлесін қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасының Инвестиция жөнідегі комитеті 1997 жылдан 2001 жылға дейін инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында салықтық жеңілдік пен артықшылықтар беруге 345 шарт жасасты. Міне осы жасасқан шарттар бойынша негізгі капиталды құраған инвестиция көлемі 2403 млн. АҚШ долларына жетіп, 40 мың жаңа жұмыс орындары пайда болды. Жоғарыда аталған, яғни тіркелген шарттардың 244-і отандық инвесторлармен болса, 101-і шетелдік инвесторлармен жасалды [2, 65 п]. Инвестициялық саясаттың жүзеге асуы арқасында Қазақстанға шетелден тікелей түскен инвестиция көлемі 35 млрд. АҚШ долларын құрады. Мұның 40 пайызы ЕО елдеріне тиесілі еді. Ірі инвесторлар қатарында, АҚШ, Нидерланды, Ұлыбритания, Италия және Германия секілді елдер бар. Қазақстан елдегі қолайлы жағдайға байланысты ТМД елдері арасында жан басына шаққанда ең көп шет елдік инвестицияны тартуға білек сыбан кірісті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назабаевтың тікелей қолдауымен тартылған шетелдік капитал елдің нормативтік-құқықтық және институттық негіздің тұрақтылығын одан әрі нығайтуда басты рөл ойнайды.
Сондай-ақ Қазақстан өзі де Грузия мен көршілес Қырғызстанда бірінші инвестор-мемлекет болып табылды. Қазақстанның экономикалық даму саясатының негізгі басымдықтары болып, біріншіден экономиканы әртараптандыру және оның мұнай мен газға тәуелділігін жою, сондай-ақ жоғары құндылықтағы бағалы өнімдерді өндіруге жәрдемдесу дейміз. Екіншіден, сол кездегі саясат бойынша, Қазақстанның әлемнің бәсекеге неғұрлым қабілетті 50 елінің қатарына ену, үшіншіден, Дүниежүзілік сауда ұйымына ену арқылы әлемдік экономикамен интеграциялану. Бұл межелерге қол жеткізу үшін Үкіметке көптеген ірі міндеттерді жүзеге асыру қажет болды. Осының арқасында түрлі жеңілдіктер қарастырылды. Экономиканы әртараптандыруда, яғни мұнайхимиялық саланы, құрылысты, туризм мен көліктік саланы дамытуда жеті кластер белгіленді.
Мемлекеттің инвестициялық саясаты экономикадағы теңдікті сақтау үшін басымдық берілген салаларға тікелей инвестицияларды көбірек тартуға ықпал етуге бағытталған. Мәселен, сол кезде басымды салалар болып: ауыл шаруашылығы, өңдеу кәсіпорыны, өндірістік инфрақұрылым, әлеуметтік, мәдениет және туризм салаларының нысандары және Астана қаласының нысандары қамтылды. Солардың ішінде шетелдік кәсіпорындар үшін неғұрлым тартымды секторлар ретінде өңдеу кәсіпорындары (64,3 пайыз) және өндірістік инфрақұрылым (26,6 пайыз) болып табылды .
Тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау шаралары жүйесін жетілдіру мен инвестициялық шарттар тәртібін сақтау мониторингі тікелей инвестицияларды тарту аясындағы заңдылықты жетілдіру жөніндегі шаралармен тығыз байланысты жатыр. Бұл Парламенттің қарауына «Инвестициялар туралы» жаңа заңды дайындауға және енгізуге негіз болды. Соған сәйкес тұтас заң актілері дайындалды. Инвестициялық саясатты — ұлттық экономикалық идея деп түсінгеніміз абзал. Өйткені инвестициялық саясат, ең алдымен инвестиция тарту. Ал инвестиция біздің елімізді тығырықтан шығаруға, өндіріс орындарының өнімін арттыруға, басқа ірі салаларды одан әрі көзін ашып, дамытуға әсерін тигізеді. Әлі-де тигізе беретіні анық. Соның негізінде, яғни бүгінде жеңілдетілген индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шетелдік инвестициялар тарту және осы бағытта дамудың негізгі құралдарының бірі — тікелей инвестициялар тарту болып қала бермек. Бірақ ол үшін, алдымен шетелдердің инвестиция тартудағы тәжірибелерін-де білу керек еді. Бұл орайда көптеген елдердің тәжірибелеріне қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар үңілді. Олардың бәрін бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес, бірақ солардың ішінен кейбір елдерді атап өткен жөн. Мәселен, Жапонияның инвестиция тартуға құрылған үлгілерін сөз етуге болады. Оларда шетелдік инвестицияны тартуда 1994 жылы Премьер-министр басқарған Шетелдік инвестициялар жөніндегі кеңестің құрылуы маңызды орын алады. Кеңесу органы болып табылатын Кеңес құрамына шетелдік инвестиция мәселелерін реттейтін негізгі министрліктер мен ведомстволардың басшылары енген. Кеңес Жапониядағы шетелдік инвесторлардың қызметі туралы, ақпарат жинақтап, шетелдік инвестиция нарығындағы негізі бағыттар мен жағдайды талдап, материалдарды жинақтап, сосын белгілі бір шешім қабылдау үшін үкіметке ұсынумен айналысады. Аталған кеңестің жанынан сараптамалық комиссия құрылып, оның құрамына, АҚШ сауда-өнеркәсіп палатасының басшылары және Еуропа елдерінің, Азия елдері компанияларының өкілдері, көшбастаушы экономикалық ұйымдардың жетекшілері арнайы шетелдік мүше есебінде енген.
1993 жылдың қарашасында теңгенің айналысқа шығарылуы біздің жас тәуелсіз республикамыздың жылнамасындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болып табылады. Ол еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолындағы түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу үшін қажетті тарихи қадам болды. Төл теңгеміз пайда болғалы жүргізіліп келе жатқан мемлекеттің тізбекті қаржылық саясатының арқасында елімізде нарықтық институттар макроэкономикалық тұрғыдан тұрақталып, біртіндеп қалыптаса бастады. Өйткені Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі басқа елдерге қарағанда елеулі бірқатар ерекшеліктері бар. 90-шы жылдардың ортасы мен аяғында іске асырылған әлеуметтік-экономикалық даму жобалары ел әлеуетін қалпына келтіруге мүмкіндік бергенімен, Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық жағдайын орнықтыра түсу үшін өңірлік интеграция қарқынын жеделдету қажет болды. Жалпы қолайлы инвестициялық климатты құру жөніндегі мәселелермен қатар, Қазақстан Республикасы аумағында түрлі жобаларды іске асыру жөніндегі трансұлттық компаниялар үшін эксклюзивтік жағдайлар жасалынды. Ол үшін шетелдік инвесторлармен жұмыс істеуді ынталандырушы іскерлік кешенін, сол сияқты институционалдық тетіктерін қосатын тікелей инвестицияларды тарту жөніндегі тұтас жүйені құру іске асты. Инвестицияларды ынталандыру жөніндегі шаралар пакетін қолданудың әртүрлі үш-деңгейі қолданысқа енгізілді.
Экономиканың басым салаларындағы инвестициялық жобалар үшін: «Инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделетін инвестициялық артықшылықтар; шұғыл және өтеусіз негізде шетелдік мамандар үшін кіру визаларын берудің арнайы тәртібі енгізілді. Арнайы экономикалық аймақтарда іске асырылатын инвестициялық жобалар үшін — ең үздік әлемдік тәжірибені ескере отырып, салық салудың айрықша тәртібі болды. Жеңілдіктер бағдарламаның басымдылықтарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі анықтаған өлшемдер бойынша іріктелген кәсіпорындарға берілді. Бұл орайда шетелдік жұмыс күшін әкелуге қатысты ерекше тетік іске қосылды. Сөйтіп белгілі шетелдік инвесторлар, трансұлттық компаниялардың қатысуымен ең ірі және басым инвестициялық жобалар бойынша мемлекеттік қолдаудың ерекше шараларын көздейтін жекелеген инвестициялық келісімдер жасалды. Жоғарыда айтылған салықтық жеңілдіктер мен артықшылықтар, гранттық негізде инвестициялар бөлігінің өтемақысы, оны кейіннен өңдеу не ірі өндірушілерден шикізаттың осы түрін жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында шикізаттың шығу орнын басым тәртіппен ұсыну жүзеге асырылды. Одан әрі ұзақ мерзімді мемлекеттік тапсырысты орналастыру мен ынталандырудың басқа қаржылық және қаржылық емес шаралары ойластырылды. Инвестициялық келісімдер шеңберінде қолдаудың бұл өлшемдері бойынша шешім Үкімет-деңгейінде қабылданатын болды. Әрбір әлеуетті деген инвестормен жеке келіссөздер жүргізілді. Тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жеке тәсілді іске асыру көптеген маңызды іс-шараларды қамтыды. Соның ішінде, бәрінен бұрын, трансұлттық компаниялардың арасынан әлеуетті мақсатты инвесторлар іздеу және айқындау қажет еді. Бұл орайда әрбір нысаналы инвестормен «Жол картасы» бойынша жұмысты әзірлеу және іске асыруды қоса алғанда, бизнес ашу және оны бастап әкетуге байланысты қажетті шараларды жүзеге асыруға жәрдемдесу және басты саяси көшбасшылар және жетекші компаниялармен кездесуді ұйымдастыру мен Инвестициялық жобаны әзірлеуде, сол сияқты оны іске асыру сатысында консультациялық қызметтер көрсету аса қажет еді.
Жеке көзқарасты іске асыру үшін шетелдік инвесторлармен өзара іс-қимыл жасаудың институционалдық тетіктері жетілдіруді қажет етті. Бұл орайда Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Инвестициялар комитетін шетелдік инвесторлар үшін «алғашқы өтініш жасау терезесі» қағидаты бойынша үйлестіруші орган ретінде күшейту қолға алынды. Аталған министрлік «Қазақстанның инвесторларға көмек көрсету орталығы» ЖШС-ні беру мүмкіндігі қарастырылып, халықаралық желіні құру шетелдерге, елшіліктерге дипломатиялық өкілдіктерінің, сауда өкілдерінің, құрметті консулдар институтының, сондай-ақ инвестициялар, сауда және технологиялар мәселелері бойынша өкілдер институтын құру үшін Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің ұсынысы бойынша тағайындалатын Кеңесші — елші және жекеленген елдерге Қазақстан елшілігіндегі атташенің дипломатиялық өкілдері құрамындағы штаттық бірлікті айқындау мәселелері есебінен қамтамасыз етілетін болды. Олардың қызметіне рейтингтік бағалау енгізілу көзделді. Қазақстан экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту және шетелдік инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдар мен ұлттық холдингтердің қызметін үйлестіру және бақылау мақсатында Премьер-министрдің басшылығымен шетелдік инвестициялар арқылы тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрылды.
Комиссия шетелдік инвесторлар үшін «омбудсмен» рөлін атқаратын болды. Осы комиссия жобаларды қарап, ірі жобаларды іске асыру кезінде әрбір жеке инвесторлармен жекелеген жағдайларда жеңілдіктер пакеті мен артықшылық беруді айқындауды, оның ішінде, инвестициялар бөлігін өтеу мүмкіндігін көздейтін арнайы экономикалық аумақтардан тыс жобаларды іске асыру үшін инвестициялық келісімдер жасалатын болды. Ірі инвестициялық жобалар мен шешімдерді іріктеуді Үкіметі қабылдайды.
Инвесторлық имиджін алға бастыру жөніндегі жұмыстар жүзеге асырылды. ең бастысы серіктестерді іздеуде, іскерлік байланыстарды орнатуда, қажетті, ақпаратты беруде инвесторларға жәрдемдесу күн тәртібінен түспеді. Қазақстан Республикасының инвестициялық саясаты мен инвеститция тартудағы жасалған қадамдарды тізе отырып, Орталық Азиядағы осы саладағы саясатқа да тоқталмай болмайды. Өйткені Орталық Азия өңіріне қатысты өзінің іс-қимыл стратегиясын қалыптастырып отырған әлемдік державалар мен халықаралық ұйымдардың белсенділігі айтарлықтай артты. Бұған американдық «Үлкен Орталық Азия» тұжырымдамасы, Еуроодақтың өңірге қатысты стратегиялық әзірлемес, «Жапония+Орталық Азия» және «Корея+Орталық Азия» сухбат алаңдарының пайда болуы кепіл бола алады. Сондықтан көлік дәліздерінің қиылысында орналасқан Орталық Азия елдері орасан зор шикізат қорларын, кең ауқымды көліктік-коммуникациялық желіні, айтарлықтай инвестициялық тартымдылықты иеленеді.
Бұл ретте түрлі-деңгейлердегі, әсіресе жеке мемлекеттік органдардың басшылары-деңгейіндегі тұрақты сындарлы саяси диалогты нығайта отырып, өңірдегі көршілес мемлекеттермен екі жақты өзара экономикалық ықпалдастықты жақындастыру қажет еді. Өйткені өңір экономикасының кеңейтілген қайта өндіру, жаңғырту және бәсекелестік режимінде жұмыс жасауына, экономиканы әртараптандыруды ескере отырып, инвестициялық белсенділікті арттыру арқылы әлемдік даму үрдістері мен сыртқы нарықтар конъюктурасына тұрақты мониторинг жасауға, жеке бизнес пен мемлекеттің күш-жігерін біріктіруге, стратегиялық инфрақұрылымдар мен ғылыми-техникалық үрдісті дамытуға қол жеткізу Қазақстан мүдделеріне сәйкес келеді.
Бұл орайда Орталық Азия елдеріне стратегиялық инвестициялау бағдарламасына сәйкес отандық инвесторлардың маңызды нысандар сатып алуы, сондай-ақ өңірдегі жекешелендіру үдерісіне қатысуы кезінде көмек көрсету инвестиция саясатын да қамтитыны белгілі. Осыған байланысты отандық капиталдың Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстанның экономикалық субьектілерімен бірлескен жобаларға қатысуын ынталандыру маңызды болып табылды. Бұл тұрғыда үкіметаралық комиссиялардың қызметі және бизнес-форумдардың ұйымдастырылуы, олардың барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың нақты орындалуын қамтамасыз ету тетігі пәрменді рөлге ие болды.
Бүгінде инвестицияға қатысты, АҚШ, Жапония, Швейцария, Италия, Франция, Оңтүстік Корея, Қытай және т. б. шетелдік компаниялар қатысатын ірі жобаларды атап өтуге болады. Олар бойынша бірнеше млрд.-тан астам, АҚШ доллары сомасында бірлесекен жобаларды іске асыру жөнінде келісімдерге қол жеткізілді. Сөйтіп Қазақстан Республикасы алға қойған инвестициялық саясат толығымен жүзеге асып, оны одан әрі өрістетуге, өзге елдерге үйретуге мол тәжірибе жинақталды. Ал мұның пайдасы біздің еліміздің болашағы үшін, ұрпағымыздың әлем елдерімен қабырғасы тең құқылы өмір сүруі үшін берері көп болмақ. Көрші елдердегі тұрақтылық өз елінің ішіндегі тұрақтылықты сақтаудың ең жақсы кепілі екені сөзсіз.
Өңірдің барлық елдерінің күш-қуаты мен инвестициялық ресурстарын біріктіру мемлекетаралық жаңа бірлестікке әлемдік саясатта әлдеқайда сүбелі рөл атқаруға мүмкіндік береді. Ал Қазақстан аймақтың барынша жедел дамушы елі ретінде жаңа инвестициялық бірлестікте басым жағдайда болатыны белгілі. Өйткені Қазақстан инвестиция тартуда да, инвестициялық саясат жүргізуде-де тәжірибесін жинақтады. Демек, жоғарыда айтылған мәселелер Қазақстаның инвестициялық саясатты жүргізудегі батыл әрекеттері, еліміздің экономикалық әлеуетін дамытумен қатар, өзінің әлемдік экономиканың дамуына ықпал ету мүмкіндігін-де айқын көрсетіп берді.
2009 жылдан бері Қазақстан экономикасына 57 млрд. АҚШ долларының инвестициясы тартылды, бұл - тәуелсіздік жылдары тартылған барлық тікелей шетелдік инвестицияның 39 пайызы, деп хабарлайды pm.kz сайты.
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мәліметі бойынша, 1993 жылдан бері Қазақстанға 143,6 млрд. АҚШ долларының тікелей шетелдік инвестициялары тартылған, оның 39 пайызы немесе 57 млрд. доллары соңғы үш жылдың үлесі (2009 жылы - 19017 млн. долл., 2010 жылы - 18 144 млн. долл., 2011 жылы - 19 850 млн. долл.).
Айта кету керек, Үкімет қабылдаған шаралардың арқасында соңғы 2,5 жылдың ішінде өңдеуші салаға тартылған тікелей инвестиция - 60 пайызға ұлғайып, өндіруші салаға тартылған инвестиция - 14 пайызға қысқарды.
Ағымдағы жылдың 5 айында негізгі капиталға тартылған инвестицияның көлемі 1541,3 млрд. теңгені құрады, бұл 2011 жылдың қаңтар-мамыр аралығындағы көрсеткіштен 5,9 пайызға көп. Экономиканың шикізаттық емес секторында да инвестиция көлемі едәуір өсіп отыр.
2011 жылы өңдеуші секторға салынған шетелдік инвестиция сомасы 2868,3 млн. АҚШ долларын құрады. 2011 жылмен салыстырғанда, инвестиция ағыны 39 пайызға ұлғайып отыр.
Шетелдік инвесторларды қолдау үшін заңнамалық және жүйелік шаралар кешенін қамтыған Инвестициялар тарту жөніндегі ұлттық жоспар бекітілді. Атап айтқанда, ресімдік және визалық жеңілдіктер, инвесторларға өңірлерде және орталық деңгейде қолдау көрсету сияқты шаралар қарастырылып отыр. Оған қоса, ынтымақтастық үшін 20 басымдықты инвестор-ел және сол елдерден технология жағынан жетекші 150 компания анықталып отыр.
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі шет елдерде еліміздің инвестициялық ахуалын таныстыруға арналған роуд-шоу шараларын ұйымдастырды. Қазіргі уақытта 20 млрд. доллар соманың 400 инвестициялық бастамасы бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Оған қоса, инвесторларға Қазақстан туралы 12 тілде толық ақпарат беретін ұлттық инвестициялық веб-сайт іске қосылды. Қазірдің өзінде веб-сайтқа әлемнің 160 елінен 100 мыңнан астам оқырман кірген. Оның ішінде, 58,3 пайызы - ТМД елдерінен, 14 пайызы - Еуропа елдерінен, 12 пайызы -Азия елдерінен, 4,5 пайызы - Америкадан кірген.
Сондай-ақ инвестициялық жобалар мен шетелдік инвесторлар туралы мәліметтер базасы орналастырылған www.baseinvest.kz сайты жұмыс істейді. Бұл жоба инвестициялар тарту үдерісін автоматтандыруға, Қазақстандағы шетелдік инвесторлардың жұмысына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді және инвестиция талап ететін жобалар бойынша мәліметтер, анықтамалар және статистикалық ақпараттар ұсынады.
Әлеуетті шетелдік инвесторлармен жалғасатын жұмыстар ел экономикасының орнықты өсуіне қажетті қосымша капитал тартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, соңғы 10 жылда Түркия Қазақстан экономикамасына 1,8 млрд. доллар инвестиция салған
Бұл туралы ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен Қазақстан-Түркия бизнес форумында айтты, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.
«Соңғы 10 жылдың ішінде Қазақстанға тартылған Түркия инвестициясы 1,8 млрд доллардан асты», — деді Н. Назарбаев.
Оның айтуынша, республикада 1,5 мың казақ-түрік бірлескен кәсіпорын жұмыс жасайды. Тұрақты түрде 15 мыңнан астам түрік азаматы еңбек етеді.
«Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін түрік компаниялары 20 млрд. долларға жуық сомаға құрылыс жұмыстарын жасады. Біз елорданың құрылысына көп компаниялар тарттық. Астананың халықаралық әуежайы, Хан шатыр кешені, «Рамада плаза» қонақ үйі және басқа да бірегей нысандар оған айқын дәлел», — деді президент.
Қазіргі уақытта Қазақстандағы түрік капиталының қатысуымен 35 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде құны сәйкесінше 500 және 600 млн. доллар болатын Жаңатас және Шоқпар жел электр стансаларының құрылысы бар. Ақтөбе облысында құны 500 млн. доллар болатын хром кендерін байыту бойынша зауыт құрылысы, 200 млн. доллар сомаға алкогольсіз сусындар зауытының құрылысы жүріп жатыр.
«Қазақстан-Түркия индустриалды аймағын құру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Мен өзім Алматы облысына барып қайттым. Онда құрылыс материалдарын, тоқыма, былғары бұйымдарды және тұрмыстық химия өнімдерін өндіру бойынша жобалар жүзеге асырылады», — деді Н. Назарбаев.