$ 447.4  477.55  4.76

Президенттік институт – мамлекет дамуының кепілі

Еліміздің төл тарихында тұңғыш рет мемлекетті басқарудың жаңа үлгісі – президенттік басқару жүйесі енгізілді. Біздің қоғамға таңсық басқару жүйесі Қазақстанды сол кездегі дағдарыстан алып шығудың бірден-бір дұрыс жолы болды.

Аса күрделі тарихи сәтте Қазақ­стан бас­шысы тағы да көрегендік танытты. Басты мақсат – елде тұ­рақ­тылық пен тыныштықты сақ­тауға қол жеткіздік. Саяси тұрғыда тәуел­сіздікке жетудің алғышарты қаланды. Президенттік институт тарихтың сындарлы сәтінде Қазақ­станның мемлекет ретінде әлемдік қауымдас­тыққа танылуына жол ашты және тәуелсіз еліміздің сая­си-мем­лекет­тілік келбетін қалып­тастырды. 

Мемлекетті басқару жүйесіндегі Прези­денттің рөлін айқындау үдерісінде 1991 жылғы 16 қазандағы «Қазақ КСР Президен­тін сайлау туралы» Қазақ КСР-інің заңы мен «Қазақ КСР Президентін сайлауды тағайындау туралы» Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысының алатын орны ерек­ше. Осылайша, Қазақстанның тарихында Прези­дент­ті баламалы негізде тікелей бүкілхалықтық сайлауға алғашқы қадам жасалды.

Президенттік республиканың қалыпта­суы мен дамуы арқылы қа­зақ тарихында, тіптен басқа, жаңа да жаңашыл, қазақстан­дық жол басталды. 1991 жылғы 1 желтоқ­сан­да өткен жалпыхалықтық алғаш­қы сайлауда Н.Назарбаевты дауыс беруші­лердің 98,78 пайызы қол­дады. Бұл жарқын жеңіс Қазақ­стан­ның бүгінгі күнге дейін жал­ға­сып келе жатқан ұлағатты жолының бастауы еді. 

Салтанатты ұлықтау рәсімі 1991 жылдың 10 желтоқсанында өтті. Данагөй абыз ақын Шәкір Әбенов халқымыздың атынан Елбасына жүрекжарды батасын берді. Сол күні қазақстандықтар Тұңғыш Пре­зидентіне елі мен жерінің тағ­ды­рын тапсырды. 

Егемен елдің мемлекеттік тари­хи күні – 1991 жылғы 16 желтоқ­санда «Қазақстан Республикасы­ның Мемлекеттік Тәуелсіз­дігі» ту­ралы конституциялық заңы қа­был­данды. Президенттік институт­тың құрылуы, оның елдің қоғам­дық-саяси жүйесінде ала­тын орны мен рөлінің нормативтік-құ­қық­тық тұрғыда реттелуі заңнамалық негізде қамтамасыз етілді. Бұл ба­ғыт­та 1998 жылға дейін жүргізіл­ген жетілдіру жұмыстары президенттік институтты Қазақстанда тұрақты сипатта орнықтырды. Президенттік институт, Президенттің мемлекет­тік орган­дар­мен өзара қарым-қа­тынасы, билік тар­мақтары жүйе­сіндегі Президенттің орны, оның қоғамның пәрменді дамуына тіке­лей ықпал етуші факторлары бір­тұтас прези­дент­тік басқару жүйесін жасақтады.

Атап айтсақ, бүкіл басқару жүйе­сі қай­тадан құрылды: 

– Екі палаталы Парламент қалыптасып, оның нақты мәртебесі айқындалды;
– Тәуелсіз сот жүйесі нығай­тыл­ды және құқықты реформа жүр­гізілді;
– Министрлер кабинеті құры­лып, министрліктің өкілеттіктері бекітілді; 
– Билік органдарының өкілет­тілік құзырлығы кеңейтілді;
– Жергілікті басқару жүйесі және оны дамыту мәселесі заңна­малық шеңберде бекітілді;
– Мемлекеттің қауіпсіздігін қам­та­масыз ететін өкілетті орган­дар құрылды.

Демократияландыру мен саяси либера­лан­дырудың негізгі эле­мент­тері өмірімізге енді:

– Сайлау заңнамалары жетіл­ді­ріліп, еркін және әділ сайлау жүйесі өмірге келді;
– Елдің саяси өмірінде партия­ның рөлі күшейді;
– Азаматтық қоғам институт­та­ры нығай­тылып, қоғамдық және үкі­­мет­тік емес ұйым­дар пайда бол­ды;
– Адам құқығын қорғау қам­та­масыз етілді;
– Бұқаралық ақпарат құралдары еркін­дігі мен тәуелсіздігінің негізі, қаланды;
– Қоғамдағы әйелдердің рөлі көтерілді.

Аталған үдерістер нәтижесінде еркін, тиімді және қауіпсіз қоғам қалыптасты.
Ерекше тоқталатын жайт, ол – Қазақстан халқы ассамблея­сын құрылуы болды. Бүгін­гі бірлігі жара­сып, тату-тәтті өмір сүріп жат­қан халқымыз бен баянды мем­ле­кет­тілігіміз арқауы да президент­тік басқарудың нәти­жесі. Қа­зақ­стандық қоғам қарым-қатынас­тың барлық аспектілерінде толерант­тылықты темірқазық етіп қалады.

Президенттік басқару моделі – әлемде мемлекет басқарудың кең тараған және тиімді тәжірибесі ретінде Қазақстанда ши­рек ғасыр уақыт ішінде өзінің өмір­шеңдігін және тиімділігін толықтай дәлел­деді. Еліміздің даму парадигмасына өлшеусіз оң өзгерістер енді. Мем­лекетіміздің өркендеу жолында ілгерілей даму қағидасын ұсынды және үздіксіз жүзеге асыртуда. Мән-мағы­насы мен мазмұны жағы­нан аса маңызды және өте ықпалды биліктің басқару инсти­туты еліміздің экономикалық өсуі, әлеумет­тік өрлеуі, саяси бекемдігі және қоғамның демократиялық, зайырлы, құқықтық дамуы мен бірлігінің нығаюын қамтамасыз етті. Стратегиялық нысандағы бағ­дарламалар қабылданды. Мем­ле­кеттік мақсатты бағдар­ламалар жүзеге асырылды. 

Тәуелсіздіктің бірегей көрінісі елорда­мыз – Астананың салынуы болды. Қазақ­стан дүниежүзінен атақты сәулетшілерді шақыра оты­рып, оларға жаңа астанада өздері­нің небір керемет ойларын жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Астана – жаңа идеялар жүзеге асырылған ақылды қала. Астанадағы таң­ға­ларлық көптеген сәулет нысан­дары соның дәлелі. Астана – қа­зақ­стандықтардың Тұңғыш Пре­­зи­ден­тіміздің жасампаздық идеяларын және әлеу­меттік-рухани сұраныс­тары мен интел­лектуалды әлеует­терін жүзеге асырған өмір­лік қала. Президенттік институт мем­лекеттің бүкіл тыныс-тіршілігін ай­қындады. Президент лауазымы – президенттік инсти­туттың ат­ри­бу­­тын білдірді. Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы президенттік инсти­тут – елдің тәуелсіздігі мен еге­­мен­­­дігінің тірегі, әлемдік қау­ым­дастыққа лайықты қосылуы­ның, мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік дамуының кепі­ліне айналды. Президент инсти­туты Қазақстан үшін игілікті басқа­ру жүйесі болып табылды. 

Бүгінгі күні ізденімпаз қауым Тұңғыш Президент есімімен атала­тын мекемелердің мұрағаттық қорларында шоғырланған кітаптар, тарихи құжаттар мен материалдар топтамасы арқылы «Президенттік институт – қазақстандық дамудың кепілі» деген ұғымды зерделеуге мүмкіндік алды. Соның ішінде, Елбасы кітапханасының мұрағат­тық және кітапханалық қорында Тұңғыш Президентіміздің Тәуелсіз Қазақстан мем­ле­кетін құру мен қалыптастырудағы рөлін және ай­тулы бастамалары мен идеялары­ның жүзеге асу үдерісін жан-жақты ашып көрсе­тетін зерттеулік ең­бектер мен құжаттар топ­тамасы ғылыми айналымға енгізу бастал­ды. Әсіресе, президенттік институт тарихына қатысты дәйекті деректер зерттеушілер үшін ерекше қызы­ғушылық тудыратын материалдар болатыны сөзсіз. Бұл қоғам­ның президенттік институтты белсенді қолдау тарихын саяси, экономи­калық және әлеуметтік-мәдени өрістердегі жетістіктер арқылы баяндайтын кітаптар, құжаттар, жинақтар, фотосуреттер мен ар­наулы материалдар топтамалары. Сонымен қатар Елбасының дүние­жүзіндегі және Қазақ­стан­дағы бейбітшілік пен татулықты сақтау жолындағы қызметінен сыр шерте­тін құжат­тар және бар. Президент­тік институт тарихын ширек ғасыр белесі тұрғысынан зерделеудегі бас­ты мақсат зерттеу қоры­тынды­ларын көпшілікке жеткізу болмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары