Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ағымдағы жылдың 5 маусымдағы жағдайы бойынша 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарын жүзеге асыру барысы жайында баспасөз мәслихаты өтті.
БАҚ өкілдеріне берген мәліметі бойынша Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының орынбасары Қалымжан Ыбырайымов 2014-2015 жылдарға арналған сату кестесіне сәйкес сатуға 496 нысан мен өткен жылдың маусымынан 2015 жылдың маусымына дейінгі кезеңде 339 нысан жекешелендіруге жоспарланғандығын айтты. Аталған мерзім жағдайы бойынша іс жүзінде саудаға 313-і шығарылды, оның 173-і сатылды, 140 нысан сауда-саттыққа бірінші рет немесе қайта қойылды. Сонымен қатар, 183 нысан бағаланып, үстіміздегі жылдың соңына дейін саудаға шығарылатын болады. «KEGOK» АҚ-та өткізілген ІРО-ны қоса есепке алғанда, барлық түскен қаржы сомасы 55 млрд. 300 млн. теңгені құрады. Оның ішінде 860 млн. теңге республикалық бюджетке, жергілікті бюджеттерге 811 млн. теңге, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларға 2,9 млрд. теңге, холдингтерге 50 млрд. 700 млн. теңге түсті. Сонымен – жекешелендіруден түскен қаржының 91%-ы холдингтердің үлесінде. Олар негізінен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының нысандары болып отыр. Сатып алушылар болып 89 жеке тұлға, 82 заңды тұлға және екі жеке кәсіпкер белгіленді. Жалпы, олардың географиясы өте кең. Сатып алушылар республиканың барлық аймақтарын қамтиды, әсіресе, Алматы қаласы мен Ақтөбе облысында қызығушылық танытушылар көп. Ал сату бойынша ең жоғары көрсеткіш Жамбыл және Ақтөбе облыстарында байқалады, деді Қ.Ыбырайымов.
Сондай-ақ, осы жоспар аясында проблемалы нысандар 138-ді құрап отырғандығын айта келе, олар сатылмаған және уақтылы сауда-саттыққа қойылмаған нысандар екендігін көлденең тартқан Қ.Ыбырайымов нысандардың 26-сы мерзімінде сауда-саттыққа шығарылмай, 112-сі сатуға қойылғанымен сатылмағандығын жеткізді. Бұл ретте көбінесе нысандар бірінші рет немесе екінші рет сауда-саттыққа шығарылған кезде сатылмай қалуда. Мәселен, 32 нысан үшінші рет шығарылса, 27-сі төртінші мәрте, ал 10 нысан бесінші рет саудаға шығарылып отыр, деді Қалымжан Уалханұлы.
Жекешелендіруге жататын нысандардың өтімділігін арттыру мақсатында Қаржы министрлігі сауда өткізу тәртібін жеңілдету тұрғысында нысандарды сату ережесіне бірқатар өзгертулер қабылдады. Атап айтқанда, «аукцион қадамын» көбейту арқылы голланд әдісімен ол қолжетімді бола түсті. Сонымен қатар, кепілді жарна мөлшері азайтылды. Және де сауда-саттыққа қатысушыларды тіркеу уақыты ұзартылды. Ендігі кезде өтінімді қабылдау мерзімі сауда-саттыққа дейін екі сағат бұрын аяқталады. Осыған дейін ол 72 сағат болатын. Бұдан басқа қазіргі уақытта сатып алынған мүліктің ақысын бөліп төлеуді көздейтін өзгерістер нысандарды сату қағидасына енгізу туралы ҚР Үкіметінің қаулысы әзірленді, деді Қалымжан Ыбырайымов.
Келесі кезекте сөз алған «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ басқарма төрағасы Жанасыл Оспанов «Мүлікті сату бойынша электрондық сауда-саттықтың» қазақстандық жобасы әлемдегі ең үздік болып танылғандығын ерекше атап өтті. Ол «2015 Ақпараттық қоғам сұрақтары бойынша жоғары деңгейдегі кездесулерінің таңдаулы жобалары» халықаралық байқауына еліміздегі Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мен «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ тарапынан өтінім жолданған болатын. Байқауға әлемнің 70 елінен 18 санат бойынша барлығы 300-ден астам жоба ұсынылған еді, ал біздің елден 6 жоба қаралуға ұсынылды, деді ол.
Айта кетейік, Үкіметтің алдағы екі жылға бекіткен жекешелендіру үдерісі электронды сауда арқылы жүргізілуде. Бүгінде бағдарлама ашық түрде жүзеге асырылып жатыр. Сатылған нысандардың нәтижесі баршаға мәлім. Қаржы министрлігі жариялаған тізімді электронды түрде қарауға болады. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында «Ритуал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 9 810 305 теңгеге сатылған. Ал «Жетісу мұнай» серіктестігінің құны 30 млн. теңгені құрады. Соңғы ресми деректерге сүйенсек, сатылған 28 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жалпы құны 1 миллиардтан астам теңгені құраған.
Еліміздің Экономика және бюджетті жоспарлау министрілігінің департамент директоры Қанат Ибраев алдағы екі жылда мемлекет қарамағындағы біраз мекемелердің жеке қолға өтетінін мәлім етті. Оның пайымдауынша, әлемдік тәжірибе бойынша жеке меншіктегі нысандар әлдеқайда жақсы дамиды. «Сондықтан еліміздегі маңызды орындарды басқаруда кәсіпкерлердің үлесін көбейту арқылы алға жылжуды көздеп отырмыз. Бұл жобаның барлық ережелері бекітілген, мемлекеттік мекемелерді сатып алуға ниет білдіргендерге қатаң талаптар қойылады. Жекешелендіру жұмысының екінші легіне ілінгендер қатарында министрліктерге қарасты ондаған кәсіпорын мен жергілікті билік қарамағындағы жүздеген нысандар бар» деді ол.
Сөйтіп, екі жылдың ішінде жекелеген қолға өтетін жүздеген нысанның ішінде Ішкі істер министрлігінің үш шипажайы, Денсаулық сақтау министрлігінің төрт институты және «Қаржы академиясы» бар. Одан өзге ұлттық киностудия да сатылымға шығарылмақ. «Қазақфильмнің» 49 пайыз акциясы жекенің қолына өтсе, «Қазақ энциклопедиясын» тұтастай сатып жіберу көзделіп отыр. Бұған қоса Республика сарайы, Цирк ғимараты, «Жас отау» неке сарайы мен «Қайрат» футбол клубының жаңа қожайындары да мемлекеттік сатып алулар арқылы анықталмақ. Бұлардың бәрі – Алматыдағы нысандар. Ал еліміздің өзге аймақтарындағы жекешелендіру жобасына спорт, білім беру және коммуналдық кәсіпорындар енген.
Мұндай жекешелендіруден не ұтамыз, неден ұтыламыз? Алаш айнасымұны да сараптап көруді жөн көрді.
Негізінен, жоспарланып отырған меже бойынша елімізде екі жылдың ішінде ірілі-ұсақтысы бар біраз мекемелер жекенің қолына өтуі тиіс. «Мұндағы мақсат кәсіпкерлердің белсенділігін арттырып, іскерлік қабілетін шыңдау» деп отыр атқарушы биліктегілер.
Жалпы, экономика министрлігінің таратып отырған мәліметінше, тек рес-публикалық меншіктегі ұйымдардың тізімі бойынша бүгінде ірі 29 ұйым мен 3 нысанды жекешелендіру ұсынылып отыр. Тағы республикалық деңгейдегі 10-ға тарта ұйым кәсіпкерлердің сенімді басқаруына беріледі. 70-тен астам ұйым қайта құрылады (біріктіріледі) немесе толық жойылады. Нәтижесінде, республикалық меншіктегі ұйымдардың саны 28 пайызға қысқарады. Бұдан соң өңірлердегі 1 мың 84 ұйымның 416-сын жекешелендіру ұсынылып отыр. Әрине, мемлекеттік мектептер, емхана-ауруханалар, ауыл-аудан клубтары және басқалары әзірге жекешеленді-рілмейді. Ал аймақтардағы қалған ұйымдар толығымен жекенің қолына өтеді.
Жекешелендіру дегеннен жүрегі шайлығып қалған бұқараның бұл қадамға қазірде үрке қарап отырғаны рас. Бірақ қайсыбір мамандардың пайымдауынша, бұл бағыттан ұтатын тұсымыз да бар екен.
Жаңабай Алдабергенов, экономист-ғалым:
- Мұндай қадамнан бірінші ұтатын тұсымыз: елімізде қомақты бос жатқан қаржысы бар адамдарға мемлекет меншігін алуға мүмкіндік беріледі. Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, бұл жекешелендірудің арқасында қазірде «Самұрық-Қазынаның» құрамына орынды-орынсыз еніп алған, осылайша мемлекеттің қаншама қаржысын иемденіп, оны не игере алмай, не ұқсата алмай отырған компаниялардың саны азаяды. Мысалы, қазірде ұлттық холдингтер құрамында жұмыс жасап жатқан 60 компанияны жойып, ал 28 ұйымды біріктіру арқылы қайта құру жоспарланып отыр. Осындай жекешелендірудің нәтижесінде, ұлттық холдингтердегі бәсекелестігі төмен компаниялар саны 40 пайызға кемиді. Осы шара арқылы қарақұрым қаптап кеткен компаниялардың, холдингтердің қарасы азайса мемлекет қаржысына үнем болады. Мұны - екі деңіз. Үшіншіден, республика бойынша бюджеттен қаржыланды-рылатын, бірақ мемлекеттік кәсіпорын саналмайтын ұйымдардың бірден 782-сін бәсекелестік ортаға тапсыру, тағы 380 ұйымын қайта құру немесе жою көзделуде. Осылайша тағы да керекті-керексіз, бірақ мемлекеттік бюджет қаржысын алып отыратын біраз ұйымдардың да санын қысқартып екшейміз. Ең бастысы бұл жекешендірудің ашық түрде аукционға шығарылу арқылы, халықтық ІРО арқылы өткізілетіндігін есепке алсақ, барлығы халыққа белгілі болып отырады. Бұл халықтың, кәсіпкерлердің белсенділігін арттыратын қадам болғандықтан мұны қолдауға тиіспіз. Көзін таба білсе жекелеген компаниялардан түсетін түсім мол. Өркениетті елдердің денінде мұндай қадам бар. Сондықтан сауатты жүйелей алсақ, бұл қадам арқылы мемлекет қаржысының текке желге ұшпауына, халықтың іскерлік қабілетінің артуына, жекелеген тұлғалардың кәсібінің дөңгелеуіне елде жағдай жасалады. Жекешелендіру дегенде бұл жерде мемлекет барлығын тұтастай жекенің қолына ұстата салмайды. Тек екшелеп, зерттеп, таразылап барып, бақылау пакетінің қандай да бір бөлігін мемлекет қарамағында қалдырып осындай қадамға барады.
Қайсыбір мамандарымыз жекешелендірудің өзіндік ұтымды тұсын осылай екшеп беріп жатса, ендігі бір сарапшыларымыз бұл қадамнан ұтылатын тұсымыздың барын да алға тартты.
Мейрам Қабдрахманұлы, экономист-сарапшы:
- Бұл жекешелендірудің ұтымды болатынына өз басым сене қоймаймын. Себебі біздің елде кәсіпкерлік орта қалыптаспаған. Біле білсеңіз, экономикадағы басты қағиданың бірі – кәсіпкершілік қабілеті бар орталықтарды ірілендіру, өндірісті шоғырландыра білу. Мұндай орталықтарда білікті маман ұстау, заманға сай қуатты техниканы пайдалану қиындық туғызбайды. Біз нарық талабына сәйкес шетелдің тәжірибесін толық қолдана алмай отырмыз. Бұл бізге шалағайлықтың дәмін татып, ішімізді удай ашытқаннан басқа еш пайда берген жоқ. Қа-зір Алматы мен Астанадан өзге аймақтағы бауырдан хал сұрасаң, олар бірден еңбек өнімділігінің төмендігін айтып, жұмыссыздық қамытының ауырлығына қынжылып шыға келеді. Мысалы, ауылдағы ұдайы өндірістің экономикалық негізін жоғалтудан әлі де болса арыла алмай отырмыз. Қазірдің өзінде ауылдағы кәсіпкерлер тапқан табыстарына өндірісті қа-лыптастыруға мүмкіндік ала алмай отыр. Қазір ауылды дамыту тұрғысында атқарылған істерден гөрі қабылданып жатқан бағ-дарламалар сапы көп. Бізде мемлекет меншігін жекенің қолына беріп оны ұқсатуда тәжірибе жоқ. Мысалы, АҚШ-та қабылданған заңдар банкті елдің экономикасын көтеруге бағыттандырып қойған. Ал біздегі банктер алдымен өз ұпайларын түгендеп алуға құлшынып тұрады. Бізге кәсіпкерді төмен пайызбен несиелендіретін, кәсіп иелеріне ықыласы түсіп тұратын банктер ауадай қажет. Өндіріс тиімділігінің деңгейі төмен болғаннан ке-йін банк жүйесі де кәсіпкерлерге арзан несие беруге құлық танытпайды. Несие берген күннің өзінде мұндай тәуекелге бел буған банктер пайыздық төлемін жоғарылатып береді. Несиеге 14-15-20-25 пайыздық төлем қою – нақ қазіргі уақытта әлемде жоқ көрсеткіш. Әйтсе де бұл біздің елде бар. Өзге елдің барлығы несиені 3-5 пайызбен қайтарады. Рас, «қарақұрым басқару орындарын көбейте бергеннен басқару жүйесі оңалмайды». Әйтсе де жоғарыда аталған олқылықтардың орнын толтырып алмай жекешелендіруді жалғастыру қисынға келмейді. Рас, экономика ғылымын зерттеумен шұғылданып жүрген ғалымдар «еліміздің экономикалық саясатына күрделі өзгерістер енгізу керек» дейді. Менің ойымша, эконо-миканы дамыту үшін алдымен ауыл экономикасының ғылыми негізін қа-лыптастырып алуымыз керек. Табиғи ерекшеліктерімізді ескере отырып, соны ұтымды пайдалануға мүмкіндік туғызатын технологияны қолдансақ, бәсекелестік деңгейі жоғары сұранысқа ие болатын өнім түрлері халықаралық қатынасқа ие болар еді. Біз әлі де болса либералды көзқарастан арыла алмай жүрміз. Мұндай көзқарастардан арылу керек. Бұқараның іскерлік қабілеті артуы үшін кәсіпкерлік орта қалыптастыру керек. Ал кәсіпкерлік орта қалыптаспаса жекешелендірудің екінші толқыны да маңдымайды. Ұтымсыз жақтарын зерттеп алмай мұндай қадамға барудың қажеті жоқ.
Жалпы, мемлекеттік меншікті жекешелендіруге қатысты мамандардың дені «бізде жабайы кәсіпкерлік кеңінен қалыптасып кеткен. Қазақстанның кәсіпкерлері қара басының қамын күйттеуден аса алмай жүр. Мемлекеттің жалпы экономикасына үлес қосуға олар асқан ынтызарлықпен бел шешіп кірісіп отырған жоқ» деседі.
Бәсекелестік деңгейін көтермей, экономиканы өркендетеміз деу – құр науқаншылдық екенін алға тартқан мамандар «бізде отандық өнімнің ба-ғын байлау, отандық тауарды тұқырту көзқарасы әлі де басым. Міне, бізге әлеуетімізді көтеру үшін алдымен осы көзқарастан арылу керек» деп отыр.
Үкіметтің 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру жоспары тізіміне мыңнан астам ұйым енген. Олардың арасында білім беру ұйымдары мен денсаулық сақтау мекемелері де бар.
Үкіметтің түсіндіруінше, жекешелендіру – мемлекеттік мүлікті басқарудың тиімділігін арттырып, ұйымдарды бәсекелестікке бейімдейді. Бұл реформа туралы маусымда Бурабайда өткен шетелдік инвесторлармен кеңесте президент Нұрсұлтан Назарбаев та айтып, инвесторларды әлеуметтік саладағы жекешелендіруге қатысуға шақырған.
Бірақ биліктің бұл жоспарына күмән келтірушілер де бар. Олардың бірі – парламент мәжілісі депутаты Мұрат Ахмадиев. Депутат Алматыдағы үш жыл бұрын жекеменшікке өткен цирктің «әртістер штатын құртқанын, мүліктердің бәрін сатып жібергенін, ғимараттың іші кафе, кешкі клуб, магазиндерге толып кеткенін» мысал етеді. Ол ірі мәдениет орталықтарды жекешелендірудің тиімді боларына сенбейді.
Жекешелендіру жоспарының жұрт арасында көп талқыланған тұсы – білім беру ұйымдары мен денсаулық сақтау мекемелерінің мемлекет қарамағынан шығуы. Тұрғындар мұндай маңызды салаларда мемлекет үлесінің болмауы қызмет сапасын нашарлатады деп қауіптенеді.
Әлеуметтік сала мекемелерін жекешелендіруден қауіптенетін адамдардың бірі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі техникалық университеттің аты-жөнін жарияламауды өтінген оқытушысы. Университеттің басым бөлігі қазірдің өзінде жеке адамдарға тиесілі екенін айтқан оқытушы «мемлекеттің Астанадағы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры ғимараты алдындағы ескерткіш. (Көрнекі сурет) үлесі түгел сатылса, университеттің материалдық-техникалық базасы мүлдем нашарлап кетуі мүмкін» деп болжайды.
«Меніңше, жекешелендіру гуманитарлық мамандықтарын оқытатын оқу орындарына ешбір әсерін тигізбейді. Ал техникалық мамандықтар оқытатын оқу орнын жеке адамдар ешуақытта ұстап тұра алмайды. Өйткені техникалық мамандықтарды оқыту үшін лабораториялық база керек» дейді оқытушы.
Оқытушының ойынша, «оқу орны жеке меншікке өтсе, иелері тек табысты ғана ойлап, көп қаражатты талап ететін құрылғылармен жабдықтау жағына самарқау қарайды».
Үкіметтің бұл жолғы жекешелендіру жоспарына кейбір денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері де қарсы. Ірі ауруханалардың жекеменшікке өтуін қолдамайтын адамның бірі – денсаулық сақтау саласы қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілі Михаил Айзенберг.
«Денсаулық сақтау саласы – ел қауіпсіздігі кепілінің бірі. Оны жеке қолға беру дұрыс емес. Мемлекет ең бірінші кезекте азаматтардың денсаулығын ойлауы қажет. Жеке тұлғалардың басты мақсаты – пайда табу. Пайда табу үшін олар бәріне де барады» деді ол Азаттық тілшісіне.
Михаил Айзенберг қазір елдегі медициналық мекемелердің көпшілігі қазыналық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын (ҚМКҚ) формасынан шаруашылық жүргізу Жаңаөзендегі орталық аурухана. Маңғыстау облысы. (Көрнекі сурет) құқығындағы ұйым (ШЖҚҰ) формасына өткенін айтады.
«ҚМКҚ-дан ерекшелігі – ШЖҚҰ мемлекеттен тәуелсіздеу, арасында мемлекеттік тапсырыстар болмаса, қаржы мәселесін өзі шешеді. Бірақ ШЖҚҰ формасының медицина қызметкерлеріне ең тиімсіз жағы – олар азаматтық статустан айрылып, әлеуметтік жеңілдіктерден қағылады» дейді денсаулық сақтау саласы қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілі.
Жекешелендіру тізімінде санаторий, салауатты өмір салтын сақтау орталықтары, шағын колледждер мен медициналық орталықтар да бар. Азаттық тілшісі солардың бірнешеуіне хабарласқан кезде мекеме басшылары жауап беруден қашқақтап, мемлекет қарамағынан шықпайтындарына әлі де үмітті екендерін айтты.
Елдегі оқу орындарын жекешелендіру бастамасын қолдайтын адамдар да бар. Солардың бірі – Алматы менеджмент университеті ректоры Асылбек Қожахметов.
«Оқу орындарын жекешелендіруді қолдаймын, себебі либералдық экономика соны талап етіп отыр. Ірі ұлттық компаниялардың мемлекет иелігінен алынуын Алматы менеджмент университеті ректоры Асылбек Қожахметов. міндетті түрде қолдау керек.
Үкімет экономиканың 50 пайызынан астамына иелік етуі қалыпты жағдай емес» дейді Асылбек Қожахметов.
Ол жекешелендіру процесінің халыққа жария өтуін, оны қадағалайтын және шарттарын көпшілікке түсіндіретін комиссия құрылуын, конкурс шарттары басылымдарда жеткілікті жариялануын талап етеді.
Алматы энергетика және байланыс университетінің (АЭБУ) тәрбие және әлеуметтік жұмыс бойынша проректоры Еркеш Әбдірахманов та оқу орындарының жекеменшікке өткенін қолдайды. Ол қазірдің өзінде АЭБУ-дің 63,5 пайызы жеке тұлғаларға, қалғаны мемлекетке тиесілі екенін айта келе:
«Мемлекет оқытушылардың жалақыларын ғана төлейді, ал қалған ірі шығандарды – жөндеу жұмыстарынан бастап жабдықтарға дейін – АЭБУ оқу ақысы есебінен өз-өзін қамтамасыз етеді. Акциясының басым бөлігі жеке тұлғаларға тиесілі оқу орны білім сапасы жағынан артта қалып көрген емес» дейді.
Еркеш Әбдірахманов «тек оқу орнына осы саладан хабары бар, пайданы ғана ойламайтын адамдар ие болса, бұл – оқу орнының бағы» деп біледі.
Азаттық тілшісі медицина мекемелерінің жекешеленуін қолдайтын мамандармен де тілдесті. Атын айтпауды өтінген бір маман «жекешелендіру ауруханалар арасында бәсекелестікті арттырып, медициналық қызмет сапасының жақсаруына ықпал етеді» деп болжайды.
Қазақтанда оқу орындары мен денсаулық сақтау мекемелерін жекешелендіру мәселесі бұған дейін де көтерілген еді.
Былтыр білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов «мемлекеттік оқу орындары мемлекет иелігінен алынады» деген кезде қоғамда түрлі наразы пікірлер айтылған. Ақырында министрлік «оқу орындары жекешеленбейді, тек Қазақстан білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов. автономия статусына ие болады» деп мәлімдеме жасауға мәжбүр болған.
Министрліктің түсіндіруінше, «автономия статусына ие болған оқу орындары бұрынғыға қарағанда мемлекеттен тәуелсіздеу болады – білім сапасына және студенттерін жұмысқа орналастыру жағына өзі жауап береді, кәсіпкерлер мен қоғам да оқу орны жұмысына араласа алады, бірақ мемлекет те қаржыландыруын үзбейді».
Дәл осындай дау елдегі медициналық мекемелерді жекешелендіру туралы айтылған кезде де шыққан. Кейін денсаулық сақтау министрлігі ол ақпаратты жоққа шығарып, «мәселе – медицина мекемелерінің жеке тұлғалардың сенімді басқаруына өтуі жайлы» екенін мәлімдеген.
2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарына ілінген мекемелер негізінен аукцион, қор биржалары, коммерциялық тендер арқылы жекеменшікке беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, жекешелендіру — меншік қатынастарын реформалау арқылы мемлекеттік меншікті меншіктің басқа нысандарына айналдыру процесі. Ол бұрынғы социалисттік жүйеден нарықтық экономикаға көшудің өзекті шарты болып табылады, шаруашылық субъектілерінің іс белсенділігін күрт арттыру үшін, экономикалық бәсекелестікті жандандыру үшін жүргізіледі. Мемлекеттік өндіріс орындарын жекешелендіру — күрделі мәселе, ол әсіресе халықтың менталитетіне тура байланысты болғандықтан қысқа мерзімде өткізу қиын. Әсіресе, жерді, оның қазба байлықтарын жекешелендіру ұзақ уақытты талап етеді. Сол сияқты кейбір стратегиялық маңызды салаларда (қару-жарақ, ядролық заттар, тағы басқа өндірістер), не болмаса нарыққа көшіруге әлі толық негіз болмаған жағдайларда (іргелі ғылым, кейбір білім,мәдениет, өнер, тағы басқа орталықтар) жекешелендіру жүргізілмейді, олар мемлекет меншігінде қала береді. Қазақстан Республикасында мемлекет меншігінен алу және жекешелендіру процесі шаруашылық серіктестіктер және акционерлік қоғамдар жөнінде заңдар жүйесімен, нормативтік актілер арқылы және мемлекеттік бағдарламалар негізінде жүргізілді. Жекешелендіру Қазақстанда үш кезеңмен өтті.
Бірінші кезеңде (1991 — 1992) «Кіші жекешелендіру» бағдарламасы бойынша мемлекеттік сауда және қызмет көрсету кәсіпорындары (31 мың нысандардың 50%-і) жаппай сатылды, не болмаса еңбек ұжымдарына берілді.
Екінші кезеңде (1993 — 1996 жылдары) жаппай жекешелендіру орта және үлкен кәсіпорындар бойынша жүргізілді, жеке жобалар бойынша 5 өнеркәсіп орындары ақшаға, ал 1700 зауыттар мен фабрикалар инвестициялық купондарға сатылды, 44 ірі кәсіпорындар сенімді басқаруға тапсырылды, оның ішінде 12-сі шетел инвесторларына берілді.
Үшінші кезеңде (1997 жылдан бастап) жекешелендіру отын-энергетика, көлік, денсаулық, ғылым салаларында өтті. Аталған кезеңдерде Қазақстанда жабық және ашық акционерлік қоғамдар көптеп құрылды. Ірі және орташа кәсіпорындар үшін жабық акционерлік қоғамдар жекешелендірудің негізгі түрі болды. Оның құрылтайшылары болуға тек еңбек ұжымы мен мемлекеттік басқару органдарына құқық берілді. 1994 жылдан бастап жекешелендіру нысандарын сату саясаты жүргізілді. Жекешелендіру экономика теориясына және практикаға көп жаңалықтар әкелді.
Соңғы жылдары Қазақстанда жекешелендіружәне мемлекеттік меншіктен шығаружөнінде кешенді шаралардың жүзеге асырылуының нәтижесінде меншік қатынастарында және коммерциялық іс-әрекеттің ұйымдастырушылық-құқықтық формаларында бірқатар өзгерістер болып өтті, соның ішінде:
— меншік формаларының көп түрлілігі;
— жеке меншіктің Қазақстан экономикасындағы меншіктің негізгі формаларының біріне айналуы;
— халық шаруашылығының барлық салаларында дерлік мемлекеттік меншік монополиясын жеңу;
— нарық инфрақұрылымы мен меншіктің жаңа формаларына қызмет көрсететін механизмдердің қалыптасуы.
Мемлекеттік меншіктен шығару - бұл мемлекеттің экономикадағы шамадан тыс рөлін бәсеңдетуге бағытталған мемлекеттік меншікті қайта қалыптастыру жөніндегі шаралар жиынтығы. Мемлекеттік меншіктен шығару монополизмді жеңуге, бәсекелестік пен кәсіпкерліктің дамуына бағытталған.
Мемлекеттік меншіктен шығару шаралары жекешелендірумен тығыз байланысты құрайды.