21.06.2015, 18:00

Қазақстанда өңдеуші салаға инвесторлар мұқият іріктеуден өтеді - Е. Досаев

Қазақстанда өңдеуші салаға инвесторлар мұқият іріктеумен алынады. Бүгін «Қазақстан-2050» Демократиялық жалпыұлттық күштер коалициясының отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі, коалиция мүшесі Ерболат Досаев осылай мәлім етті.

Еске салайық, отырыста «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мәселелері талқыланған болатын.

«Трансұлттық корпорацияларды тарту, өңдеуші салаларда стратегиялық инвесторлармен бірлескен кәсіпорындар құру, ұлттық чемпиондар қалыптастыру мәселелері алдағы уақытта Ұлттық комиссия отырысында  талқыланады. Тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар, индустрияландырудың бірінші бесжылдығындағы тәжірибелерді ескере отырып, барлық инвесторлармен нақты әрі нысаналы жұмыстар жүргіземіз. Бұл ретте бұрынғыдай өңдеуші салаға қаражат салатын инвесторлардың бәрін кезекке тұрғызып, бір тізіммен қарастырмаймыз, Қазақстанға нақты келетіндермен белсенді жұмыс істейміз», - деді министр Е. Досаев.

Оның айтуынша, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен қазіргі таңда тиісті ревизиялық шаралары атқарылған. Соған орай, мемлекеттік бағдарлама бойынша экономиканың алты басым саласына инвестиция тарту мәселесі пысықталып болды. Ендігі күні формальды заңдық процедуралар ғана қалып отыр.

«Отандық өнімнің экспортқа бағдарлануын қолдау, ішкі нарықты қорғау - бұлар басымдық ретінде қала береді, сонымен бірге, Қазақстанда шетелдік және отандық инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалады», - деді министр. 

Айта кетейік, 2010 жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысын сайлау қарсаңында, Партияаралық кеңес (ПАК) төңірегіне республиканың  2020 жылға дейінгі даму стратегиясын қолдайтын қоғамдық бірлестіктерді біріктіріп,  «Қазақстан-2020» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясын (ДКЖК-2020) құрды.  Оның құрамына  Кәсіподақтар федерациясы, «Атамекен» Одағы» ҰЭП, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ, «Қазақстан Республикасы Ардагерлері ұйымы» ҚБ және т.б. ірі ҮЕҰ енді.  

2011 және 2012 жылдары ҚР Президенті және ҚР Парламенті Мәжілісі сайлаулары өтіп, Коалиция мүшелері екі жыл көлемінде өзінің партиялық қызметі шеңберінде жұмыс істеді.

Өткізілген сайлаулардың қорытындылары бойынша Коалиция өз жұмысын қайта жандандырды.  Атап айтқанда, 2012 жылғы 20 желтоқсанда ДКЖК отырысында  ҚР Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқыған жолдаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан елдің жаңа саяси бағыты» жолдауынан туындаған Коалицияның міндеттері талқыланды.

Барша қазақстандықтарды Жолдауды қолдауға шақырған үндеу қабылданып, Коалицияның атауы «Қазақстан-2020»-дан «Қазақстан-2050» деп өзгертілді.

ДКЖК өз жұмысын 2013 жылғы 20 маусымнан қайта  қалпына келтірді.  Коалицияның «Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту Тұжырымдамасының негізгі принциптерін жүзеге асыруға азаматтық қоғамдық институттарының қатысуы» күн тәртібімен өткен отырысында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық бастамаларын қолдау туралы Үндеу қабылданып, қатысушылар барлық қоғамдық күштерді ел болашағы үшін өздеріне жауапкершілік алып және жүргізіліп жатқан қайта құруларға атсалысуға шақырды.

Коалицияның міндеттері: Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында және Мемлекет басшысының басқа да бағдарламалық құжаттарында айтылған басымдықтарды тиімді жүзеге асыру, сондай-ақ қоғамдық резонанс тудыратын мәселелерді шешу жөнінде  өкілеттік органдар үшін бірлескен ұсынымдар әзірлеу.

Жаңа қалыпта жұмыс істей отырып, Коалиция қоғамдық мүдделерге келісімдеуді,  маңызды бастамалар бойынша  пікіралуандығын қарастыруды, сондай-ақ оның жұмысында үкіметтік емес жетекші ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді атсалысуы арқылы мемлекеттік шешімдерді қабылдаудың айқындылығын қамтамасыз етеді.

ДКЖК тиімділігін жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және әкімдердің сайлануы секілді әлеуметтік сезімтал мәселелер, «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру, кәсіподақтар туралы заң жобасын әзірлеу, сондай-ақ дуальдік білім беру жүйесін қалыптастыру бойынша Коалиция ұсынымдарын Қазақстан Үкіметінің іс жүзіне асыруы дәлел болады.

«Жергілікті өзін-өзі басқару туралы нені білу  керек?», «Кәсіподақтар туралы заң жобасына сұрақтар мен жауаптар», «Еуразиялық экономикалық ықпалдастық: қазақстандықтар жиі қоятын 20  сұрақ» әдістемелік материалдары әзірленіп, таратылды.

Еуразиялық ықпалдастық мәселесінің маңыздылығын ескерген "Нұр Отан" партиясы оны 2014 жылғы 19 мамырда өткен ДКЖК соңғы отырысында талқылауға ұсынды. Отырыстың қорытындысы бойынша Үндеуқабылданды.

ДКЖК отырыстарында «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының қабылдануы, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына жолдауы, 2015 жылы ҚР Президентінің сайлауын өткізу бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің бастамасы секілді өзекті мәселелер талқыланды.

Отырыстардың қорытындылары бойынша ДКЖК мүшелерінің Үндеуі қабылданды.

Коалиция құрамына 6 жетекші саяси партия, 18 ірі қоғамдық бірлестік, 500-ден астам өңірлік үкіметтік емес ұйымдар енді. Сонымен қатар, 2015 жылдың ақпанында ДКЖК-ға «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысы кірді.

«Қазақстан-2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы өзінің қызмет еткен жылдарында (2010-2015 ж.ж) Қазақстанның 6,5 миллионнан астам азаматтарын қамтыған, еліміздің беделді пікіралмасу алаңына айналды.