Атырау облысының Оңтүстіктегі мәдениет күндерінің жабылу салтанаты жаңа әкімшілік іскерлік орталығындағы «Түркістан» сарайында өтті. Гала-концерттің шымылдығы Дина Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы күймен ашылып, ізгі шараға облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты.
– Өздеріңіз білетіндей, 2013 жылы Елбасы өңірлер арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін апталықтар өткізуді тапсырған болатын. Осыған орай, өткен жылы біздің өңірге Жамбыл, Маңғыстау облысының өнерпаздары гастрольді сапармен келді. Мәдени онкүндіктер барлық аймақта өтуде. Үш күн қатарынан көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған атыраулық өнерпаздар да тек Шымкент қаласымен шектелмей, аудан сахналарында өнер көрсетті. Мәдени күндер аясында өлкенің руханиятын ғана емес, жалпы тынысын сезгендей болдық. Тарихы терең, мәдениеті ауқымды Атыраудан келген өнер өкілдеріне Оңтүстік халқы атынан алғыс айтамын, –деген облыс әкімі Асқар Исабекұлы Шыңғыс Мұқанға «Тау самалы» оқу-сауықтыру орталығына 100 орынға жолдама мен Алғыс хат табыс етті.
Ал, Шыңғыс Жұмабекұлы «осыдан он бес жыл бұрын Оңтүстіктен арман қуып, алыс қалаға аттанған бір ұлдарыңыз едім. Осы жылдарда Шымкент танымастай түлеп, өзгерген екен. Оң өзгерістерді көріп, тамашаладық. Қазақ күй өнерінің бақанын ұстаған елдің сапарына орайлас келген оразаның алғашқы күнімен құттықтаймын» деп, Асқар Исабекұлына Атырау ән-күй мұрасының 12 дискіден тұратын электронды жинағын табыс етті. Сондай-ақ, он томдық поэзия антологиясын, М.Өтемісұлының суреті бейнеленген гобелен мен шеберлер арнайы тапсырыспен жасаған домбыра, бойтұмарды сыйға тартты.
Салтанатты рәсімнен кейін арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды. Аққулы мекеннен келген ән гәккуі көрерменнің көңіл пернесін дәл шертті. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Маржан Төреханова Латиф Хамидидің «Бұлбұлын» әсем үнімен әуеге ұшырғанда көпшілік зор қошеметпен қол соқты. Құрамында Гүлмайдан Сүндетовадай танымал әншісі бар дәстүрлі өнер иелері де халық әндерін Жайықтың толқындарындай тербетті. Ал, Атырау мәдениетінің мерейлі мақтанышы, еліміздегі небәрі төрт академиялық оркестрдің бірі саналатын Д. Нұрпейісова атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің өнері нағыз құбылыс десе болады. «Адай» болып арқырап, «Махамбетті» дауылдатып, «Сарыарқаны» сағындырған күй құдіреті өр рухты өлкені көз алдымызға көшіріп әкелгендей. Нұрғиса Тілендиевтің «Ататолғауы», Еділ Құсайыновтың «Атырау – алтын орда» күйлерінің күмібірі де өзгеше. Кең тынысты, асқақ дауысты әншілерден «Әгугәйды» әуелеткен Венера Машқалиева, Әсет Әлидің есімі көпшіліктің есінде қалатындай. «Мұрагер» этнографиялық – фольклорлық ансамблі, камералық ансамбль, жігіттер би тобының өнер көрсетуі өңір мәдениетінің әр жанр бойынша даму үстінде екенін білдіреді. «Тотықұс» биімен таңдай қақтырған биші Назгүл Жүсіпова Шұғыла Сапарғалиқызының мектебінен дәріс алғанын өнерімен дәлелдеді. Әр қойылым сайын сахна төріндегі экранда Атыраудың көрікті жерлері мен мәдениеті туралы тамаша көріністердің көрсетілуі де әдемі әсер сыйлайды. Концерт соңында әнші Медет Қарамырза Төлеген Айбергеновтің сөзіне жазылған Мұхтар Шахановтың «Ақерке – Ақжайық» әнін орындады. Ал, әншілер тобы «Мұнайлы Астана» әнімен гала-концертті аяқтады. Мәдени күндердің жабылу құрметіне Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің ықылас гүлі сахнаға әкелінді.
Ерліктің дастанындай, Жайықтың шашбауындай әсем қала – Атыраудың өнерпаздарына Оңтүстік көрермендері риза болып тарқасты.